«Меркі асыл тұқымды қой зауытында» дүниеге келді
Облысымыздағы «Меркі асыл тұқымды қой зауытында» қойдың жаңа тұқымы пайда болды. Етті әрі жүні де сапалы түліктің бұл түрін өмірге әкелу үшін ғалымдар жарты ғасырдай уақыт тер төккен. Жақында ғана бұл жаңалықты растауға келген мемлекеттік және шетелдік комиссия қой тұқымын сараптамадан өткізді. Сонымен, асыл тұқымды биязы жүнді қой «Қазақстан мериносы» деген атау алды. Ғылымға жаңалық болып енген асыл тұқымды қойды асылдандыруға кеткен уақыт та аз емес. 1965 жылы «Оңтүстік қазақ мериносы» деген қой тұқымы шығарылған. Оны ғалымдар Австралиядан әкелінген қошқарлармен будандастырған. Мамандардың бұл ізденісі оң нәтижесін берді. Серік Оспанов, Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры: – Ғалымдардың арқасында асыл тұқымды қой шаруашылығындағы мамандармен бірлесе отырып, біз қойдың Австралияның мериносына пара-пар келетін, жүнінің сапасы жағынан ешбір қалыспайтын, ал бірақ жергілікті жерге жақсы бейімделген, өсімтал, салмағы үлкен қойдың жаңа тұқымын дүниеге әкелдік деп айтуға болады. Асыл тұқымды «Қазақстан мериносының» біреуі 15 келіге дейін сапалы жүн береді. Етті келеді. Салмағы 120 келіге дейін барады. Жазда – жайлауға, қыста құмға айдауға да бейім. Владимир Берус, Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері: – Бұл тұқымның бұрынғы өсіріліп жүрген «Оңтүстік қазақ мериносынан» ерекшелігі – жүнінің сапасында. Қазір сапалы жүнге, әсіресе биязы, жіңішке жүнді қойларға сұраныс өте жоғары. Жүннің ұзындығы, жүннің тығыздығы өте жоғары, біз күткеннен де жоғары. Меркі ауданындағы «Асыл тұқымды қой зауыты» – еліміздегі іргелі шаруашылықтардың бірі. Қазір мұнда 26 мыңнан астам қой бар. Шаруашылық ұжымы алдағы уақытта төлдердің санын арттырып, одан әрі жетілдіруді қолға алуда. Бүгінде бұл шаруашылықта 300-ден астам ауыл тұрғыны еңбек етеді. Олардың өсіріп отырған қойлары енді еліміздің өзге аймақтарында да өрістемек. Қазірдің өзінде көптеген шаруалар асыл тұқымды қойларды алуға ниет білдіріп отыр.
«Ақ жол-Ақпарат».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді