облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев дарынды оқушыларды қабылдады
Биыл аймақ басшысының қабылдауына 103 білімді жеткіншек шақырылыпты. Бәрі шетінен үздік оқушылар, республикалық, халықаралық білім додаларында озып шыққандар. Негізі, 2014-2015 оқу жылында түрлі деңгейдегі интеллектуалдық жарыстарға қатысқан 252 оқушының 133-і жүлдегер атанған болатын. Оның 51-і халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарында олжа салды. Алпыстан астамы республикалық білім додасында топ жарған. – Республикалық пән олимпиадасы мен ғылыми жоба жарысында облыс оқушыларының бірнеше жыл қатарынан командалық есепте жүлделі бірінші орынды иеленуі – дарынды оқушыларымызға берілген лайықты баға деп есептеймін. Осы кездесуге қатысып отырғандар арасында 68 мектеп бітіруші түлек бар. Қазірдің өзінде олардың барлығы – жоғары оқу орындарының мемлекеттік грант иегерлері. Биыл халықаралық пән олимпиадаларында, әсіресе, дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп интернатының оқушылары ерен табыстарға қол жеткізді. Солардың арасынан химия пәнінен Мәскеу қаласында өткен халықаралық Д.И.Менделеев олимпиадасынан қола медальді жеңіп алған Әмзебек Азаматтың, Афина қаласында өткен олимпиадада қола медальға, халықаралық Жәутіков олимпиадасында күміс медальға ие болған Әбесбек Даниярдың, сондай-ақ осы олимпиадада күміс медальді иеленген Сегізбай Аянның, математика пәнінің халықаралық Азия-Тынық мұхит олимпиадасының күміс жүлдегері Дінмұхаммед Түзеловтің есімдерін ерекше мақтанышпен атауға болады. Сол сияқты болашағынан үлкен үміт күттіретін Айбар Абрашұлы, Сұлтанбек Айтжанов, Жаннұр Досмайылов, Мариям Сейсенғали сияқты ұл-қыздарымыз білім додаларында өздерінің терең білімдерін көрсетіп, үздік екенін дәлелдеп келеді, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі екені даусыз. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев кездесуде талантты жастарды тәрбиелеген бір топ мұғалімдерді марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Кездесуде өңір мақтаныштарына облыс әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтары табыс етілді. Өз кезегінде озат оқушылар Кәрім Нәсбекұлына жылы лебіздерін білдіріп, ойларымен бөлісті. «Елбасы Н.Ә.Назарбаев дарынды, талапты жастарға үлкен қолдау көрсетуде. Облыс оқушыларының республикалық пәндер олимпиадасында төртінші жыл қатарынан үздік команда атануы – осы қолдаудың арқасы. Мен республикалық олимпиадада 3 рет, халықаралық білім додасында 4 рет жүлдегер атандым. Биылғы оқу жылында қол жеткізген жетістіктерімізді Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, Конституцияның 20 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арнаймын», – дейді дарынды ұл балаларға арналған қазақ-түрік мектеп интернатының түлегі Дінмұхаммед Түзелов. Облыс әкімімен жүздескен дарынды жастар бір марқайып қалды. Өңір басшысының өзі есімдерін мақтанышпен атағаны оларға қанат бітіргендей. Олардың арасында ҰБТ-да ең жоғары 125 балл жинаған Гүлназ Ердосова да бар. Ол білім бәсекесінде көрсеткен нәтижесінің арқасында осындай марапатқа ие болып отырғанын айтады. Кеше Гүлназ Білім және ғылым министрінің арнайы құттықтау хатын алыпты. Иә, білім биікке көтереді деген – осы.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді