Шалғынға шалғы түсті

Шалғынға шалғы түсті
ашық дереккөз
Шалғынға шалғы түсті

– Биыл 17 мың гектар алқапты игердік. Егістіктің дені Түркістан ауылдық округіндегі үш елді мекеннің маңайында, – деді аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей, – осында дәнді дақылдардың 60-70 пайызы  егілген. Шынында да  Көсегенің  көк жонына  шыға бере-ақ  ой мен қырға дәнді дақылдардың молынан  егілгені  көзге бірден шалынады. Ә.Бүркітбайұлы ауылының маңайында күздік арпа бітік, ырғалып тұр. Гүл ашқан жоңышқа да жайқалып, мақсары да бой ала бастапты. Ал Арыстанды ауылынан әрі қарай «Майлыбұлаққа» баратын жол қапталында шөп орағы басталып та кетіпті. – Жауынның молдығынан жоңышқа биыл ерекше қалың өсті, – дейді шаруа қожалығының иегері Жаңабай Мәндібаев, – шөптің биіктігі сонша ұсақ малды былай қойғанда, ірі қараның сауырынан асардай. Алқапқа бара жатқанда  Вали есімді кісімен жолыққан едік. Оның қарамағында  10 гектар жоңышқасы бар екен. Соны орып, тайлап, тасымалдауда. Онымен қапталдас «Айуан төбеде» Мәндібаевтың шөпшілері күннің аптап ыстығына қарамай қызу еңбекке кіріскен. Механизатор Бейбіт Дәндібаев шөп орады әрі тырмалайды, тайланған шөпті тасымалдаумен айналысады (суретте). Алқапта күздік үшін пар айдаумен «К-700» тракторының жүргізушісі тынбай тірлік жасауда. Қысқасы, түркістандықтар биыл бұрын-соңды болмаған мал азығы мен дән жинау үшін аянып жатқан жоқ. Арыстанды ауылындағы 54 отбасының қора-жайларына тайланған жоңышқаларының маялануы – соның бастауы ғана. Өздерінен артылғанын ойдағы шаруаларға сатпақ. Бір таңқаларлығы, көпті көрген  қариялар соңғы 50-60 жылда мұндай шөп қалың шығып, егін бітік өскен емес деп отыр.

         Сәулембай Әбсадықұлы,          «Ақ жол».

Түркістан ауылы, Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар