«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мақсат – алысты жақындату

Мақсат – алысты  жақындату
ашық дереккөз
Мақсат – алысты жақындату

9Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Бар аймақтар темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек», деп ерекше атап көрсеткені белгілі. Елбасының бес халықтық реформасының 58-ші қадамында жол-көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту жөнінде бірыңғай оператор қалыптастыру үшін стратегиялық инвесторлар тарту көзделген. Бұл бағытта елімізде ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Ғасырдың ғаламат құрылысы аталған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы Президенттің тікелей бастамасымен қолға алынғаны белгілі. Аталған стратегиялық нысан еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа сапалық деңгейге көтереді. Қозғалыс қауіпсіздігі артып, жол-көлік оқиғалары азаяды. Халық шаруашылық жүгі тиісті жерге жылдам жеткізіліп, едәуір уақыт үнемделеді. Ежелгі Ұлы Жібек жолы Азия мен Еуропаның арасында 8 мың шақырымға созылып жатыр. Жақсы жол алысты жақындатады. Кемемен жүк тасымалдаушылар теңіз дәлізін пайдалану кезінде – 45, темір жолмен – 14, ал «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі бойынша жолға 10 тәулік уақыт жұмсайды екен. Әлбетте, кімнің де болса діттеген жеріне жедел жеткісі келеді. Автомобиль жолы жолаушылар мен жүк тасымалдаушыларға қай жағынан болса да тиімді. Міне, облыс аумағында алып құрылыстың жүргізіліп жатқанына 6 жыл болды. Автобан құрылысы қашан толық бітеді, облыс аумағында республикалық мәндегі автожолды жаңғырту жолында қандай шаралар қолға алынуда? «КазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Қайрат Кәрібаевпен осы мәселелер жөнінде әңгімелестік.

– Облыс аумағындағы республикалық мәні бар автомобиль жолының ұзындығы 1237 шақырымды құрайды. 2013 жылға дейін қаржының ыңғайына қарай олардың біраз бөлігі жаңартылды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы бойынша – «Қытай-Қазақстан», «Қытай-Орталық Азия» және «Қытай-Ресей-Батыс Еуропа» бағытында жүк тасымалы қамтамасыз етіледі. Еліміз бойынша ұзындығы 2787 шақырымды құрайтын автомобиль жолы Ресей Федерациясы шекарасынан басталып, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары аумағы арқылы Қытай Халық Республикасы шекарасына дейін салынады. Осыдан 6 жыл бұрын облыс аумағында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізінің 495 шақырымды құрайтын бөлігінде құрылыс басталды. Қазірге дейін 332 шақырымда құрылыс толық аяқталып, көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Оның 111 шақырымы – 2 жолақты, 221 шақырымы – 4 жолақты. Автобанның 351 шақырымында цементбетон, 144 шақырымында асфальтбетон жолтөсемі бар. Жолтөсемі орталық білікке түсетін 13 тонна салмаққа және 20-25 жыл  қызмет көрсету мерзіміне есептелген. Сондай-ақ жоба бойынша 22 көпір, 15 жол өткелі, 643 су құбыры қайта салынып, 11 жол айрығы жасалады. Үстіміздегі жылы 163 шақырым автожолда құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі. – Халықаралық стандартқа сай осындай трассаны салу үшін қыруар қаражат қажет. Бұл мәселе қалай шешілуде? – Әлемдік қаржылық дағдарысқа қарамастан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қауымдастықтағы жоғары халықаралық беделінің және еліміздегі экономикалық-саяси тұрақтылықтың нәтижесінде ол халықаралық қаржы институттарының қолдауына ие болды. Жобаны жүзеге асыруға халықаралық қаржы институттарынан 1 миллиард 162 миллион АҚШ доллары қарастырылған. Бүгінде облыс бойынша жобаны «Азиялық даму» банкі, «Исламдық даму» банкі және Жапонияның «Джайко» агенттігі қаржыландыруда. – Жобаны жасау кезінде қандай мәселелерге ерекше көңіл бөлінді? – Облыс аумағындағы автобан құрылысы негізінен қолданыстағы «Алматы-Ташкент-Термез» автомобиль жолымен өтеді. Соңғы кезде түрлі кедергілердің туындауына байланысты облыс аумағында Қырғыз Республикасын айналып өтетін жаңа жол салынды. Сондай-ақ, көліктік дәліз Қордай, Күйік, Шақпақ асуларын, Тараз қаласы, Қордай, Құлан, Айша бибі, Бауыржан Момышұлы және Шақпақ ата елді мекендерін айналып өтеді. – Таразды айналып өтетін жолдың құрылысы қашан бітеді? – «KCC E&C» АҚ Жамбыл филиалы ұзындығы 65 шақырым «Тараз қаласын айналу» жобасын жүзеге асыруда. Оның құрылысы үстіміздегі жылдың соңына дейін толық аяқталуы тиіс. Жұмыс кестеге сай жүргізілуде. Құрылыстың жұмыс барысын, технологияның орындалуын, қажетті материалдардың сапасына KOCKS Consult GmbH  мекемесінің мамандары қатаң қадағалау жүргізуде. Сондай-ақ, жобалаушы мекемелер тарапынан да бақылау жасалуда. Жұмысы толық аяқталған автомобиль жолдарының бөліктері «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалына уақытша пайдалануға өткізіледі. Осыдан кейін 2 жыл мерзімде ақаулар орын алса, келісім-шарт бойынша оларды мердігер өз күшімен қалпына келтіреді. «Қазақавтожол» РМК Жамбыл облыстық филиалына автомобиль жолдары екі жылдан кейін ғана тұрақты пайдалануға өткізіледі. Биыл мердігерлер 283 шақырым жолды мемлекеттік қабылдау комиссиясына тұрақты пайдалануға өткізетін болады. Бүгінде құрылыс жүргізген мердігерлік мекемелер «Казахдорстрой» және «К Дорстрой» ЖШС-лары мен  «KCC E&C» АҚ Жамбыл филиалы өз қаржысы есебінен орын алған ақауларды жою жұмыстарын жүргізуде. – Республикалық маңызы бар жолды жаңарту жоғарыдағы жұмыстармен шектеліп қалмайтын шығар... – Әлбетте, бұл бағытта келешекте атқарылатын жұмыс ауқымды. Биыл «Қордай асуын айналу» жобасы бойынша осы автожолдың сол жағындағы төсемінің құрылысын бастау үшін Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінде елеулі шаралар қолға алынуда. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі аясында ұзындығы 16 шақырым Алматы облысының шекарасынан Отар бекеті тұсына дейін қолданыстағы автожолды І-Б техникалық санатына төрт жолақты етіп қайта жарақтандырудың техникалық-экономикалық негіздемесін жасау қарастырылуда. Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 11 сәуірдегі №86 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы 2015 жылға дейінгі көлік стратегиясы» тұжырымдамасы бойынша шекаралас жатқан мемлекеттерге шығатын 4 негізгі халықаралық көліктік автожол дәліздерін қайта жарақтандырудан өткізу көзделген. Оған «Орталық-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің М-36 «Астана-Қарағанды-Балқаш-Қапшағай-Алматы» автожолының облыс аумағынан өтетін бөлігі кіреді. – «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан шаралар туралы әңгімелесеңіз... – Бағдарлама аясында облысымызда «Орталық-Оңтүстік» дәлізі бойынша ұзындығы 209 шақырым «РФ шекарасы (Екатеринбургке) – Алматы» автожолының 2005-2214 шақырымы бөлігінде қайта жарақтандыру жұмысы жүргізіледі. Биыл аталған жолдың ұзындығы 62 шақырым болатын 2152-2214 шақырымдық бөлігіне жобалау-іздестіру жұмысы әзірленді. Қазір жоба мемлекеттік сараптаудан өткізілуде. Үстіміздегі жылы аталған автожолдың қалған ұзындығы 147 шақырым үш бөлігіне жобалау-іздестіру жұмысын жүргізу жоспарлануда. «Орталық-Оңтүстік» дәлізін қайта жарақтандыруды жүргізу Халықаралық қаржы институтының қаржысына 2016 жылдан бастап атқарылады.  Жоба бойынша І-Б техникалық санатқа жататын төрт жолақты автомобиль жолы салынады. Сондай-ақ, 2015 жылы ұзындығы 26 шақырым «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының 97-106 шақырымы, 196-202 шақырымы аралықтары және «Тараз-Өтмек-ҚР шекарасы» автожолының 0-14 шақырымы бөліктерінің жол төсеміне орташа жөндеу жүргізу көзделуде. – Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз... – «Қазақавтожол» РМК Жамбыл облыстық филиалы 1056 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолын күтіп ұстаумен шұғылданады. Ағымдағы жылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын 30 мың шаршы метр шұңқырлықты жөндеу, 816 шақырым жолдың жүріс бөлігін таңбалау, 483 дана жол белгісін ауыстыру, 40 мың шаршы метр жолтабандарды жою, 3 мың қума метр жол қоршауларын жөндеп, ауыстыру және 1200 дана дабыл бағаналарын орнатуды жоспарлап отыр. Жолшылар бұл іске сәуір айынан бастап кірісті. Қазір жол жиегі мен құламалары тегістеліп, жолақтар күл-қоқыстан тазартылуда. Жол бойындағы жасыл желекті өрттен қорғау мақсатында жер жырту жүргізілуде. Республикалық автожолдарда жол-көлік оқиғаларын төмендету бойынша облыстық ішкі істер департаменті жол-патрульдік полициясымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Автожолдарға көктемгі және күзгі жоспарлы тексерулер жүргізіліп, апатты-қауіпті жол бөліктері анықталып, ақауларды жою бойынша қызмет көрсететін ұйымдарға ұйғарымдамалар жіберілуде. Мұның өзі нәтижесіз емес.

Әңгімелескен Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар