Кеңес дәуірімен бірге құрдымға кеткендей көрінетін қант қызылшасын өсіруді қалпына келтіре алмай жатқанымызға біраз жыл болды. Тоқсаныншы жылдардан бастап тоқырауға түскен бұл саланы жандандырудың түрлі амалдары да жасалып бағуда. Облыста 2008-2012 жылдарға арналған қызылша шаруашылығын және қант өндірісін дамыту бағдарламасы жасалған, бірақ ол да елеулі нәтиже берген жоқ. Тіпті, әр ауданға зордың күшімен ектірген қызылша плантацияларында бұл техникалық дақылды күтіп баптайтын арнайы техникалардың, мол судың, тиісті кадрлардың жетіспеуі тәрізді әртүрлі себептермен өсімдік көктей солып, шаруа қожалықтары миллиондаған теңге зардап шекті. Бірақ, енді қызылшаға жоламастай болған сол шаруашылықтар биыл да қант қызылшасын қайтадан сеуіп отыр. Қордай ауданында оның жалпы көлемі 300 гектарды құрайды. Ал өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары аудан аумағындағы қызылша егістігінің жалпы көлемі он бір мың гектардан асатын. Әр жапырағын құлағынан тартып шығарғандай бейнеті ащы «тәтті түбірді» өсіруге бүкіл аудан болып жұмылатынымыз ұмытылған жоқ. Ерте көктемде жас өскін қылтиып жер бетіне шыққаннан жекелеу, арамшөбін отау, тыңайтқыштармен қоректендіру, бірнеше қайтара суарумен жалғасып, алғашқы қар түскенге дейін созылатын жиын-терініне оны өсіруші колхоз-совхоздарды былай қойып, орталықтағы ұйым, мекеме қызметкерлері, мектеп оқушыларына дейін бекітілгендер тапсырмаларын орындамай жандары жай таппайтын еді. Әрине, бүгінгі таңда жұртты бұлай жұмылдыра алмайсың, ақысыз қоғамдық іске міндеттеудің заманы өткен. Жоспарлы экономиканы нарықтық қатынастар ығыстырғалы осылай көп нәрсе өзгерді. Тоқсаныншы жылдарда іргесі бүтін мықты шаруашылықтар «үй ішінен үй тіккен» ұсақ агроқұрылымдарға бөлінді де, әр ауылда не жартымды техникасы, не жеткілікті қаражаты жоқ папкі ұстаған бастықтар көбейді. Кей жерлерде агрономдардың міндетін зоотехник атқаратын болды да, егіншілік мәдениеті бетімен кетті. Ауыспалы егіс жүйесі бұзылды, суландыру каналдарын қоқыс басты. Қыруар егіс көлемі, оның ішінде суармалы гектарлар игерілмей қалатын болды. Бұл өзі жалпы ауыл шаруашылығын, оның ішінде егіншілікті есеңгіреткен індетке айналып еді. Шаруашылық жүйемізге батпандап кірген, соның зардабын әлі күнге тартып келеміз. Біздің ауданда (тек біздің ауданда ғана емес) жоғары агротехникалық күтімді қажет ететін мәдени техникалық дақыл – қант қызылшасының жойылып кетуінің бірден-бір себебі осында еді. Бірақ, дастарханды қантсыз тағы елестете алмайсың. Базарларда мұхиттың арғы жағынан әкелінген қант құрағының өнімдері сықасып тұрды. Қордайға ең жақын Меркі қант зауытының өзі әрі шикізаттың болмауынан, әрі пайдасынан шығыны көптіктен жергілікті қызылшадан гөрі, бірыңғай қант құрағымен жұмыс істеуге бет бұрған кездерді бастан кешірді. Ал қант құрағының сапасы тағамдық тұрғыда қант қызылшасымен салыстыруға тұрмайды. Екіншіден, қызылшаның жапырағы және зауытта өңдеуден кейінгі қалдығының өзі (жом) бордақыдағы және сауын малдарына таптырмас құнарлы азық екені белгілі. Оны былай қойғанда, қант қызылшасын өсіру қаншама адамның «екі қолына бір жұмыс» болып, табыс көзіне айналар еді. Бұл да – жұмыссыздық жойылмай тұрған қазіргі шақтағы ең өзекті мәселенің бірі. Сондықтан, қант қызылшасына оралу жайлы айтып және міндеттеп қана қоймай, оны тиімді жүзеге асырудың алғышарттары түзілуі тиіс. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қолға алынған ауыл шаруашылығын қолдаулардан үміттенуге болады. Үкіметтен тауар өндірушілеріне бөлінетін субсидияның түрлері де, көлемі де артуда. Оның ішінде қант қызылшасы үшін субсидия бір жылда екі мәрте, себілген қант қызылшасының әр гектарына 50 мың теңгеден бір төленсе, тапсырылған өнімнің әр тоннасына 2,5 мың теңгеден және төленеді. Мұның бәрі өнімді қант зауытына сатудан түсетін табыстан бөлек. Биыл ауданның үлкенді-кішілі жиырмадан астам шаруашылығы жалпы көлемі 300 гектарға қант қызылшасын септі. Қажетті тұқым Меркі қант зауытынан, Алматы облысынан және Қырғызстаннан әкелінген болатын. Мамандар тұқымның сапасында кінәрат жоқтығын айтады. Қалған істің тізгіні енді шаруалардың өз қолында. Қызылшаның егіс көлемі жөнінен ең үлкені (45 гектар) Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Самғау» шаруа қожалығы – ауданда тамшылатып суару тәсілдерін кеңінен қолданушылардың бірі. – Израильдік компаниямен ынтымақтасудың арқасында олардың ылғал үнемдеу технологиясын жақсы игеріп алдық. Биыл жалпы көлемі 330 гектарда әртүрлі дақылдар тамшылатып суарылатын болады. Оның ішінде қант қызылшасының он бес гектарында осы тәсілді тәжірибеден өткізіп байқаймыз. Егер нәтиже күткендегідей болса, келер жылы барлық қызылша плантациясына осы тәсілді қолданамыз, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Евгений Трубников. Көлдетіп суарылуға тиіс қызылшадан басқасына егістік суы жетпей жататын өңірде бұл шынында да назар аударарлық тәжірибе. Сондай-ақ, «Щенхо» шаруа қожалығы (Уджур Керим) 40 гектарда, «Благовещенка» және «Қақпатас-Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 20 гектардан қант қызылшасын өсіруге бел байлады. Бұдан бөлек, әрқайсысы он және екі жарым гектар аралығында қызылша тұқымын сепкен шаруа қожалықтары бар. Қызылшаның тұқымы себілді, ол үшін шаруалар Үкіметтен субсидияны алуын алады. Бірақ, оның былайғы тағдыры қалай болмақ? Мұқият күтімді қажет ететін аса кірпияз мәдени дақыл көлдетіп суаруға суы тапшы, тиісті күтім жасауға арнайы техника жеткіліксіз өңірде, баяғыдай жұртты жаппай жабуға қолы қысқа шаруалардың ырқына көніп, қордайлықтардың қант қызылшасын өсірудегі бұрынғы даңқы орала қояр ма екен? Оны енді уақыт көрсетеді.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол». Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді