Уһ, ҰБТ аяқталды!

Уһ, ҰБТ аяқталды!
ашық дереккөз
Уһ, ҰБТ аяқталды!

облыстағы орташа балл – 78,60

Уһ, сынақ та бітті. Соңғы төртінші лекке түскен түлектер жексенбі күні тест тапсырды. Қазір облыс оқушыларының жалпы білім деңгейі сараланып, ҰБТ-ның қорытындысы белгілі болды. Сонымен, нәтиже қандай? Биыл ҰБТ қорытындысы өткен жылғымен салыстырғанда көш ілгері. Көңіл қуантарлық көрсеткіштер де бар. Бірақ, облыста тестілеуге қатысқан 5925 талапкердің бәрінде бірдей емес, әрине. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірімізде 564 түлек шекті деңгейден өте алмапты. Дегенмен, былтырғымен салыстырғанда алға басушылық байқалады. 2014 жылы сынақтан сүрінгендер қатары мыңнан асып жығылған еді. Негізі ҰБТ бойынша облыстағы орташа көрсеткіш 78,60 баллды құраған. Бірден айды аспанға шығарғандай, серпіліс байқалмаса да, өсу бар. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 6,2 баллға артық. Бағалау жүйесіндегі өзгерістер де жамбылдық жас түлектер үшін оң әсерін берген секілді. Биыл «Алтын белгіге» үміткерлердің 55,61 пайызы  өз білімдерін дәлелдеп, көздеген биіктен көрініп отыр. Нақтырақ айтсақ, сенім артқан 223 бітірушінің 124-і «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанбақ. Былтыр мұндай бақытқа өңірімізде 102 шәкірт қана ие болған еді. Үздік аттестатқа үміткерлердің де көрсеткіші биыл біршама жақсарған. Білім аламанында үміт күткен 58 оқушының 27-сі үздік шықты. Яғни, 45,55 пайызы. Өткен жылы мектепте озат оқығандардың 15 пайызы ғана озық екенін дәлелдеген еді. Тестілеу нәтижесінің жақсаруына 1066 түлектің 100-ден, 40 бітірушінің 120-дан жоғары балл жинағаны әсер еткенін айта кету керек. Биылғы ең басты жаңалық ҰБТ-ның алғашқы күнінде 125 балл алған тараздық Гүлназ Ердосованың жетістігі болды. Жалпы, облыста биыл 8879 оқушы мектеп бітірді. Оның 6003-і                                     ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген болатын. Төрт лекте өткен тестілеуге 6003 талапкердің 66,7 пайызы қатысты. Халықаралық білім додаларында жүлдегер атанған 74 мектеп бітіруші сынақтан босатылса,   төрт түлек денсаулық жағдайларына байланысты ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған. Деректерге сүйенсек, республика бойынша бүгінгі күнге дейін 12 мыңнан астам түлек шекті деңгейге жете алмай, сынақтан сүрініп отыр. 66 мыңға жуығы 50 баллдан жоғары нәтижеге қол жеткізіпті. 14 мыңнан астамы жүзден жоғары балл алған. ҰБТ-ның төртінші күні тағы бір оқушы 125 балл алып, үздіктер қатары бесеуге жетті. Бұл жолы үздік шыққан Алматы қаласындағы №90 гимназияның шәкірті Анастасия Яковлева. Республика көлемінде әзірге тест тапсырғандардың орташа көрсеткіші 79,5 баллды құрап отыр. Жалпы қорытынды тестілеу аяқталғанда мәлім болмақ. Дегенмен, ҰБТ аяқталған кейбір өңірлердің нәтижесі қазірдің өзінде белгілі.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар