Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық заманауи этникалық музыка фестивалі The Spirit of Tengri қазақтың халық әні «Ахау керім» әнімен аяқталды. Этнофестивальдың екінші күнінің қорытынды әнін айту үшін сахнаға The Spirit of Tengri фестивалінің қазақстандық қатысушылары «Арқайым», «Шарапат» және «Тиграхауд» топтары және Еділ Құсайынов, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының Ян Рудковский жетекшілік ететін хоры шықты. – Бұл ғажайып жоба болды және ол керемет өтті. Үздік фестиваль деп жанрлардың, стильдердің, музыка бағыттарының араласуын айтуға болады. Бұл этномузыкалық мереке Қазақстанда дәстүрге айналуы тиіс. Өйткені, ол біздің музыканттарымыздың дамуы үшін өте маңызды. Меніңше, бұл музыка интуитив деңгейде көптеген адамға түсінікті бола бастады. Себебі, бұл ұлттар энергетикасының квинтэссенциясы іспеттес. Біздің хор үшін ән айту өнерінің кәсіби биігіне қарай дамуға деген жолдың бір қадамы жасалды деп айтуға болады, – деді Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы хорының жетекшісі Ян Рудковский. The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі екі күн болып, фестивальда 11 елдің мәдениеті таныстырылады. Сахнаға алғаш «Арқайым» тобы шығып, домбыра мен шаңқобызда сүйемелдей отырып, көмеймен айтудан шеберлік көрсетті. Электрдомбырада ойнайтын «Aldaspan» тобы да өз өнерлерін көрсетті. Бұдан ары қарай Башқұртстан, Грузия және Түркиядан келген өнерлі қонақтар халықаралық The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалін қыздыра түсті. Фестивальдың өткен жылғы қатысушысы «The Shin» грузиялық этно-джаз бен рок-н-ролл әуендерін қалықтатты. Радик Тюлюш пен «Чалама» жобасы да жұртты бейжай қалдырған жоқ. Радик Тюлюш – көмеймен айтудың шебері. Қазақстанға өткен жылы да келген ол биылғы фестивальда «Чалама» тобымен өнер көрсетті. Орындаушылар тувалық ішекті аспап игиле, бызаанчи және дошпулууреде ойнады. «Hanggai» тобының орындауындағы моңғол рогына жалғасты. Олар гитара және моринхуура аспаптарымен халық балладаларын орындады. «Біз мұнда алғаш келіп тұрмыз. Әрқашан жаңа адамдармен танысқымыз келеді. Бұл фестивальдың болашағы зор, келешекте бұл шара үлкеюі мүмкін», – деді «Hanggai» тобының мүшелері. Hanggai – моңғолша биік таулар, өзендер мен шексіз дала ұғымдарын білдіреді. Фестивальдың екінші күні Батырхан Шүкеновтің құрметіне «Отан Ана» композициясымен басталды. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының хоры фестиваль қатысушыларымен бірігіп, Б. Шүкеновтің «Отан Ана» әнін орындады. Одан кейін Таулы Шорияның көмеймен айту өнері Қазақстанның электронды музыкасымен жарасым тапты. Орталық Азиядағы ең ірі фестивальдың көрермендері әнші Чылтыс Таннағашева мен DJ Нариман Исеновтың өнерінен ләззат алды. Қазақстандық «Тиграхауд» тобы ұлттық аспаптар арқылы, электрогитара, флейта және көмеймен айту арқылы тәжірибе ретінде қазақша рок орындады. Музыканттардың аңдар стиліндегі киімі де тәнті етті. Дебютанттар ішінен Эстониядан келген «Trad.attack» тобы таңғалдырарлық қуат пен драйв арқылы дәстүрлі эстон фольклорына деген батыл әрі заманауи рең берді. The Spirit of Tengri – ең маңызды заманауи этникалық музыка фестивальдарының бірі. Бұл Ethnoworld жанрында орындайтын әлем музыканттарының басын қосады. Үлкен шара заманауи этникалық музыканттардың қатысуымен жыл сайын ашық аспан астында өткізіледі. Жоба мәдени мұраны насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Фестиваль Республика Сарайы алдындағы алаңда өтті. Фестивальды ұйымдастырушы – Tengri FM радиостанциясы, бас серіктес – Kaspi bank.
«Ақ жол-Ақпарат».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді