«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шу өңірі шырқады

Шу өңірі шырқады
ашық дереккөз
Шу өңірі шырқады

Аудандардың облыс орталығы Тараз қаласындағы Мәдениет және өнер күндерін шырайлы да, шуақты Шу ауданының өнерпаздары Тұңғыш Президент атындағы саябақта жалғастырды. Жасыл құраққа оранған Президент саябағының маңайы мамыра-жай күй кешіп тұрды. Әсем табиғаттың аясындағы шулықтардың көрмесі пейзаж көріністерімен астасып, жарасым таба қалыпты.

Шулық белгілі мүсінші, суретші Қали Қораласбаевтың қаз-қатар тізілген туындылары сонадайдан көз тартады. «Керей мен Жәнібек хандар тұрақтаған айтулы аймақтан құр қол келмегенім анық. «Дала қорғаны – Елбасы», «Сұлулық әлемді құтқарады», «Отан» секілді туындыларымды көпшіліктің назарына ұсынып отырмын» дейді автордың өзі. Оның ағаштан, тастан қашалып жасалған жұмыстары көздің жауын алады. Шулықтардың концерттік бағдар­ламасы театрландырылған көрініспен ашылды. Онда ұлы дала абызы, «Жерұйығын» іздеген Асан қайғы­ның Шу даласында Керейді хандыққа отырғызуы бейнеленген. Бір тудың астына қазақ ұландарының топтасып, бір мүддеге жұмыс жасайтыны да дәйекті сөздермен айтылады. Мұнан соң Шу ауданы әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетов қала жұртшылығына өңірдің ыстық сәлемін, ықыласын жеткізіп, ұлы тойға титтей де болса үлес қосуға келген аудан өнерпаздарына ризашылығын білдірді. Әсем әндер әулеген концерттік бағдарламада «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблі А. Өскентаевтың дирижерлігімен өнер көрсетті. Сазды кеш барысында Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі орындалып, Латиф Хамидидің «Бұлбұл», Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел!» секілді шығармалары орындалса, әріптесіміз Ахметжан Қосақовтың сөзіне жазылған Мэлс Өзбековтің «Толқиды Шуым» әні де шулықтардың ыстық ықыласы секілді әсерге бөледі. Ағайынды Каленовтер бебеулете шырқаған итальяндық «Виво перлей» әні жастарға позитив сыйласа, Б. Үйсінбаев пен М. Ноғайбеков орындаған «Как молоды мы были» әні ашық аспан астындағы жасы егде тартқан өнерсүйер қауымның жүрегіне жетті. Ностальгиялық сезімнің құшағына ендірді. Абай әндерінен орындалған «Поппури» де елдің назарын аударды. Бишілердің мың бұрала билеген орыс, үнді билері де кештің көрігін қыздырды. Шу ауданының Мәдениет және өнер күнін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков және өзге мәртебелі меймандар тамашалап, өз бағаларын берді. Аудандардың Мәдениет және өнер күндері алдағы апталарда да жалғасын табады. Келесі кезек Тұрар Рысқұлов ауданының өнерпаздарында.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар