«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулиеата азық-түлігі Алматыда

Әулиеата  азық-түлігі  Алматыда
ашық дереккөз
Әулиеата азық-түлігі Алматыда

21Облыстың ауыл шаруашылық өнімдері алматылықтардың көңілінен шықты

Мамыражай мамырдың соңғы аптасы алматылықтар үшін берекелі болды. Оған себеп, алып Алатау етегінен орын тепкен оңтүстік астананың «Астана» алаңында Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Таңғы сағат 8.00-де ашылған жәрмеңке ә дегеннен-ақ қыза түсті. Алматы жұртшылығы жәрмеңкенің өтуі туралы алдын ала хабардар болған екен. Әрі асыға күткені де байқалады. Әсем қаланың таңғы тамаша табиғатымен қоса облыстық филармонияның ұжымы тұтынушыларға таңғажайып көңіл-күй сыйлай білді. – Елбасымыздың, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, біз жыл сайын Астана, Алматы қалаларына өз өнімдерімізді жәрмеңкеге әкелеміз. Әрине, тауарларымыз жергілікті мекеннен әлдеқайда төмен болады. Жалпы, Жуалы ауданы өзінің картоп өсіруімен, «Бурный» ірімшік зауытымен танымал. Сонымен қатар, бүгінгі жәрмеңкеге ет өнімдерін де молынан әкелдік. Аудан бойынша жалпы 20 тоннадай әр-түрлі өнім ұсынып отырмыз. Сапасы мен бағасы да өте жақсы. Алматылықтар риза болады деген сенімдемін, – деді Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев. Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібеков те бұл жолғы жәрмеңкеге өнімді молынан әкелгендігін алға тартты. – Сарысу ауданынан ет өнімдерімен қоса, қымыз, шұбат, құрт, тұз сынды тұрғындарға аса керекті тауарлар да әкелінді. Жәрмеңкені көруге келген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевпен бірге жайма­ларды аралап, тауарлардың сапасы және бағасымен танысып шықты. – Алматы әкімдігінің негізгі мақсаттарының бірі – қала тұрғындарын сапалы тауармен қамтамасыз ету. Елбасының Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру туралы тапсырмасына сәйкес жәрмеңкенің алғаш рет өтіп жатпағандығын жақсы білесіздер. Әртүрлі аймақтардың жәрмеңкелері 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл ретте Жамбыл облысы ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасы ерекше орында екенін айтқым келеді, – деді оңтүстік астананың басшысы Ахметжан Есімов. Сонымен қатар, Алматы қаласының әкімі Жамбыл облысының тауарына алматылықтардың сұранысы жоғары екенін айтып, қала тұрғындары үшін молшылық жасаған жамбылдықтарға риясыз ризашылығын жеткізді.

– Жәрмеңкеге қала тұрғындары жаппай келіп, тауарларымызды сатып алып жатыр. Жалпы, ауа райының, табиғаттың қолайлылығына байланысты бізде көкөніс ерте піседі. Сондықтан бүгінгі жәрмеңкеге азық-түлік өнімдерінің көптеген түрі қойылды. Оның үстіне барлығымызға белгілі мұсылмандардың айтулы мерекесі Ораза айы да жақындап  қалды. Соған байланысты тары, жент, бал секілді өнімдерімізді алып келдік. Жәрмеңкенің тағы бір артықшылығы екі қаланың ынтымақтастығының нығая түсуі дер едім. Бүгінгі шараға Тараз қаласы мен Жамбыл облысының аудан әкімдері де келіп, Алматы қаласының аудан әкімдерімен кездесіп, өзара ынтымақтасу жөнінде тығыз байланыс орнатып жатыр. Жеміс өнімдері бізде әлі толық пісіп үлгерген жоқ. Енді күзде болатын жәрмеңкеге екі есе көп тауар алып келеміз деген үміттеміз», – деді өз сөзінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Жәрмеңкенің қарқынды қызып жатқанын келген тұрғындар қарасының көптігінен әбден байқауға болады.  Мұнда алматылықтар назарына азық-түлік өнімдерінің 50-ден астам түрі базар бағасынан 20-30 пайызға дейін төмен бағамен ұсынылды. Олардың ішінде ет-сүт, жеміс-жидек, көкөніс, шұжық, ұн, жарма, өсімдік майы секілді өнімдер бар. Жалпы, облысымыздың барлық 10 ауданымен Тараз қаласының фермерлері Алматыға жалпы сомасы 93 миллионнан астам теңге болатын, экологиялық жағынан таза әрі сапалы 243 тонна өнім алып келіпті. Олардың ішінде 168 тонна – жеміс-жидек, 35 тонна – ет, 14 тонна – сүт өнімдері және 35 тонна – басқа да тауарлар бар. Бағасының едәуір арзандығын көрген жұртшылық осы бір берекелі күннің орайын пайдаланып қалуды барынша мақсат тұтқандай. Атап айтар болсақ, жылқы еті – 1000 теңге, қазы – 1300 теңге, қарта – 1200 теңге, сиыр еті мен қой еті – 900 теңге, тауық еті – 450 теңге болса, қызанақ – 200 теңге, қияр – 150 теңге, баклажан – 400 теңге, сарымсақ – 450 теңге, ал сүт өнімдерінен: қаймақ пен сары май - 700 теңге, қол сүзбесі – 450 теңге, ал ірімшік – 900 теңге, қымыз бен шұбат – 300 теңгеден.  Жергілікті халықтың айтуынша,  базардағы тауарлардан бағасы әлдеқайда төмен. – Өнімдердің бағалары көңілімізден шығады. Сапасына келер болсақ,  табиғи өнімге ештеңе жетпейді ғой. Жәрмеңкенің бір жақсысы  – мұнда барлығын бір жерден сатып аласың, әрі бағасы да төмен. Ауыл өнімдері қаламызда көп табыла бермейді. Қала басшыларына халыққа осындай жағдай жасағандығы үшін алғысымызды білдіреміз, – деді Алматы қаласының тұрғыны Гүлнар Мақашева. Ал Айша Жандүйсенова есімді  тұрғынның екі қолы тауарға лық толы екен. – Мен бүгінгі жәрмеңкеде сүт өнімдерін сатып алдым. Ауылдың қаймағы, құрты, ірімшігінің орны ерекше ғой. Сондай-ақ, макарон өнімдерінің де бағасы қуантады. Мұнда рожки – 120 теңгеден, вермишел – 110 теңгеден екен. Мұндай мүмкіндік күнде келе бермейді. Сондықтан барынша мол алуға тырысып жатырмын, – деді. Сонымен қатар, жәрмеңкеге «Алматы» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен қаладағы  60-тан астам сауда және азық-түлік кәсіпорындары да қатысты.

Тараз-Алматы-Тараз.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар