«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ТЕНОР

ТЕНОР
ашық дереккөз
ТЕНОР

14

Жайылмада туып Италиядағы дүниежүзіне белгілі «Ла Скала» опера театры арқылы қазақ үнін жаһанға танытқан жампоз

Сонау 1945 жылы 9 мамыр күні Сарысу ауданындағы Жайылма ауылындағы ақ көңіл ағайындар «Жеңіс!» деген қуанышты хабарды жаңа естіп, «А, Құдай, ұзағынан сүйіндіре гөр!» абыр-сабыр боп жатқанда дүниеге шыр етіп бір ақ маңдай ұл келді. Ұлдың атын ырымдап Амангелді қойды. Бірақ ол кезде оның болашақта қазақ ән өнерінің жұлдызына айналып, ел-жұртының «Қазақ!» деген қарапайым атын жаһанға танытатынын ешкім білген жоқ. src= 13Бірде бүгінде «Егемен Қазақстан», сол тұста «Социалистік Қазақстан» деп аталған газеттің меншікті тілшісі, ақын Жақсылық Сәтібеков Сарысу ауданына барып, жылқышылар жайлауында болады. Өзі ақын, өзі әнші, серілігі де бар Жақаңның жүрген жері қашанда той-думан, ойын-сауық: жылқышылар үйінің түндігі де ән мен жырдан бір-екі күн желпілдеп тұрады. Жақаңның бір жақсы қасиеті түнеген төрінен, малдас құрып отырған отауынан бойында өнері бар өрендерді байқаса болды, мәдениеттің оғыландары жиналған орталыққа қарай тартатын. Жылқышы жігіт Амангелдінің әуелете салған кең тынысты үні өзін әнші санайтын Жақаңның өзін таңғалдырып тастаған. «Ау, мына бала дап-дайын әнші ғой, мұны маған беріңдер, мен оны Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесіне апарып оқуға түсірейін» деп қолқа салады. Баласының өнеріне тұсау болғысы келмеген «жылқышылар жиыны» орынды ұсынысқа бірауыздан «мақұл» десіп, Амангелдіні сері ағасы Жақсылық Сәтібековтің қасына серік етіп ілестіріп жіберді. 15Біз сөз етіп отырған әнші Амангелді Сембиннің Еуропадағы опера білгірлерін тамсантқан өнер жолындағы үлкен соқпағы Сарысудың сар даласынан осылай басталған. Бірақ, бір өкініштісі, әнші өмірбаянында осы бір тарихи сәттер, яғни оның Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің түлегі болғаны жазылмапты. Жайылмадан бірден Мәскеуге барғандай «Әнші, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 1970 жылы Мәскеу консерваториясының вокалдық бөлімін бітірген» деп тұр. Әрине, мұнда тұрған ештеңе жоқ, бірақ өңір өнерінің тарихи дәлдігі үшін және дүниежүзілік деңгейдегі таланттарды оқытып-шоқытып, баулып, баптап қанат қақтыруда Ықылас бабамыз күңіренте күй шалған, Жамбыл, Кенен аталарымыз шырқата ән салған топырақтағы жанашыр жандар мен ұлағатты ұстаздардың ықпалы болғанын да ұмытуға болмас. Сонау 1972 жылы Бішкек қаласында өткен Қазақстан және Орта Азия аймақаралық орындаушы-музыканттар байқауының лауреаты атанса, ол да алдымен осы таланттар тәрбиелеген өңірдің топырағының қасиеті деп түсінген жөн. Амангелді Сембин Жамбыл мәдени-ағарту училищесі мен Мәскеу консерваториясын бітіргеннен кейін 1973-75 жылдары Еуропадағы «Музыка Меккесі» іспетті Милан қаласындағы «Ла Скала» опера театрында опера әншісі ретінде тәжірибе жинақтаудан өтіп, ән шырқады. Атақты опера театрында ән шырқаған тұңғыш қазақ ретінде тарихта қалды. Қазақ елі, Қазақ елінің сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаев және Қазақ академиялық опера және балет театры талантты жастың Италияға барып, өнерін өрге шығаруын қолдады. Әнші мұндай қамқорлықты ел тарапынан Мәскеуде оқып жүргенде де көп көрді, тіпті, Димаш Ахметұлының стипендиясын да алып тұрды. «Алмақтың да салмағы бар», Мәскеудегі оқуын бітіріп келген соң Амангелді Қазақ академиялық театрында соло-әнші (1971 - 73 және 1975 - 80 жылдары) болып ән өнеріне жаңа үннің, жаңа дарынның келіп қосылғанын жаңа қырынан көрсетті. Қазақ сахнасында бұрын-соңды кездеспеген кең тынысты әншінің репертуары да өте бай болды. Оның орындауындағы ариялар мен партияларды музыканың майын ішкен майталмандардан бастап ауылдағы қарапайым халыққа дейін тамсана тыңдады. Өйткені оның үні ешкімді де бейжай қалдырмайтын. Мысалы, Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» Төлегеннің, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайындағы» Айдардың, М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасындағы» Біржанның, С.Мұхамеджановтың «Жұмбақ қызындағы» Адақтың, П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегиніндегі» Ленскийдің, Дж.Пуччинидің «ЧиоЧио-Санындағы» Пинкертонның, Ш.Гуноның «Фауст» атты операсында Фауст, Дж.Вердидің «Травиатасы» мен «Риголеттосындағы» Адьфред,  Герцогтың, Моцарттың «Дон Жуанында» Дон 16Оттавионың ариялары мен партияларын нақышына келтіре орындауы бекзат өнерді бағалайтын көрермендер үшін нағыз мәдени демалыс, нағыз рухани қазына болатын. Ал қарапайым халық оның концерттік репертуарындағы өз алдына бір төбе болып, менмұндалап тұратын халық әндері – «Айнамкөз», «Ақбақай», «Балқурай», «Бурылтай», «Жалғыз арша», «Қарғаш», «Шәпибай-ауды» тыңдаудан жалықпайтын. Миландағы атақты «Ла Скаладан» кейін де ол гастрольдік сапармен  шет  елдерде, оның  ішінде  Германияда, Чехославакияда және Францияда болды. 1980 жылдан бастап Алматы театр-көркемсурет институтында (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) педагогикалық қызметпен шұғылданды. Талантты жастарды өнерге баули жүріп Амангелді Сембин «Саз сөздігі» деген оқулық жазды. Ол академия түлектері үшін өте құнды дүние болды. Өйткені, итальянша-қазақша музыкалық терминдердің сөздігі оған дейін болмаған еді. Амангелдінің «Ән бағдарламасы» мен «Ән әліппесі» атты әдістемелік оқу құралдары да болашақ өнер иелеріне арналған бағалы дүние. Ән өнерінде «тенор» деген термин бар. «Тенор» деп кең тыныспен әуелете ән салатын ерлердің даусын айтады. Музыка мамандары Амангелді Сембиннің асқақ үнін «тенор» деп бағалады. Сол Әбекең мына фәни дүниеде аман-есен ойнап-күліп жүргенде биыл өзі туып-өскен өңіріне келіп, ел-жұртымен бірге 70 жылдығын атап өткен болар ма еді, кім білсін. Бірақ дана халқымыз «Орнында бар оңалар» демей ме, қазақ атын, қазақтың дауылпаз үнін жаһанға танытқан әншінің артында қалған елі, жері бар емес пе?!. Өнерін жалғастырған ұрпақтары – бүгінгі өнер иелері, мәдениет жанашырлары сондай бір келелі игі іс-шараны марқұм үшін өздері-ақ ұйымдастырып жіберсе, қанеки?!. Өйткені, Амангелді Сембиннің жоқтаушысы мәдениет пен өнер жанашыры, атақты әншінің ауылдасы және бауыры Қали Сәрсенбай ғана емес, тұтас халық болса, нұр үстіне нұр ғой! Қали қашанғы жалғыз өзі шырылдай береді?..

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар