Қазақстан өндірісі көшбасшыларының бірі «Казфосфат» ЖШС қалдықсыз технологиямен жұмыс істеуге ұмтылуда
Химия кластерін дамытатын кез келді
Халық шаруашылығында химия өнімі қолданылмайтын сала сирек. Ол – әсіресе ауыл шаруашылығын өркендету үшін аса қажет. Егістікке фосфор тыңайтқышын енгізу қызылша өнімділігін – 40, мақтаны – 23, күздік бидай – 11, жүгері – 20, күріш – 15 және бақша дақылдарын 40 пайызға арттыратыны ғылыми негізде дәлелденген. Бүгінгі таңда еліміздегі агроқұрылымдардың қарамағындағы егістіктерді құнарландыру үшін ғана 1 миллион 200 мың тонна минералдық тыңайтқыш қажет екен. Өкінішке орай, экономикалық қиындықтарға байланысты егістікке тыңайтқыштың қажетті мөлшері енгізілмей келеді. Кейінгі кезде химия өнеркәсібін өркендету – еліміз экономикасының қарыштап дамуына қол жеткізетіні тағы да іс жүзінде дәлелденуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында саланы өркендетуге қатысты нақты бағыт-бағдар, тапсырмалар беруде. Елбасы 2008 жылы облысымызға жұмыс сапарымен келген кезде химия өндірісін кешенді өркендету бойынша Жаңа Жамбыл фосфор зауытында республикалық кеңес өткізді. Кеңесте сөз сөйлеген Президент: – Химия кластерін дамытатын кез келді. Еліміз фосфор кені жөнінен әлемде төртінші орында. Оның 15 миллиард тонна қоры барланған. Кейінгі кезде көптеген мемлекеттер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салуда. Ауыл шаруашылығы өнімін мол өндіру үшін минералды тыңайтқыш аса қажет. Қытай мен Үндістан мемлекеттері 60 миллион тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға әзір. Сондықтан да химия өнімдерін көп өндіру арқылы еліміздің әлеуетін арттыруға болады, – деді. «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фосфат кенін барлау, оны өндіру, өңдеумен және өткерумен шұғылданады. «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені қарамағындағы 6 кеніште барланған 1 миллиард 600 миллион тонна кен шоғырланған. Жаңатастағы 3 және Қаратаудағы осы мөлшердегі кен көздерінде өндірілген фосфор әуелі ұсақтау, сұрыптау, одан кейін оның бір бөлігі орталық байыту фабрикаларында өңделеді. Орталық байыту фабрикасында өңделген фосфор ұны сары фосфор өндіру үшін Жаңа Жамбыл фосфор зауытына, ал ұсақтау, сұрыптау фабрикасының өнімінің бір бөлігі Тараздағы Минералдық Тыңайтқыш зауытына жөнелтіледі. Компания өзінің өнімінің 94 пайызын Үндістан, Еуропа, ТМД және басқа да мемлекеттерге экспорттайды. Кәсіпорында минералдық тыңайтқыш, сары фосфор, триполифосфат натрий, трикальций фосфат және басқа да химия өнімдерінің 20 түрі өндіріледі. Химия өнімдері әлемнің 33 еліне экспортталады. «Казфосфат» құрылғалы бері 14 жылдың ішінде 380 миллиардтан астам теңгенің тауары өндіріліп, Қазақстанның химия өнеркәсібіндегі көшбасшы компанияға айналды. Өндіріске осы мерзімде 46,5 миллиард теңге инвестиция құйылған. Өткен жылы кәсіпорын 69,3 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 66 миллиард теңгенің өнімін өткерген. Былтыр 2013 жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігі 22 пайызға артып, тауар сату 15 пайызға өскен. Әр жұмысшыға шаққанда 11,5 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Бүгінде компанияда 6087 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 96 мың теңгені құрайды. Компания өзінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіруге және қалдықсыз технологиямен жұмыс істеуге күш салуда. Мұның өзі нәтижесіз емес. Осы мерзімде серіктестікте 30-ға жуық ірілі-ұсақты инвестициялық жобалар жүзеге асырылған. Олардың қатарында пеш газын кәдеге асыру, сары фосфорды зиянды қоспа – органикадан тазарту, құрамында фосфоры бар қалдықты кәдеге асыру, тағамдық фосфор қышқылы өндірісінің құрылысы, күкірт қышқылы өндірісі цехы құрылысы және түйіршіктелген натрий триполифосфаты өндірісі жобалары бар. Бүгінде мұнда Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында «Казфосфат» ЖШС Минералдық Тыңайтқыш зауыты Тараз филиалында экстрациялық фосфор қышқылы цехының құрылысы жүргізілуде. Қазір зауытта жылына орта есеппен 130 мың тонна минералдық тыңайтқыш өндірілсе, жаңа жоба жүзеге асқан кезінде оның көлемі бірнеше есеге ұлғаяды. Сондай-ақ келешекте пеш газынан этонол өндіру көзделуде. Мұның өзі қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттар мөлшерін азайтумен қатар электр энергиясының тапшылығын жоюға игі ықпалын тигізетін болады. Осында индустриялық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде халық шаруашылығына аса қажетті гексаметафосфат натрий, тағамдық қышқыл, тағамдық триполифосфат өндіруге қол жеткізілуде. Әлемдік қаржы дағдарысы кәсіпорынның өндірісті қарыштап дамытуына аз кедергі келтіріп отырған жоқ. Олар соған қарамастан еңбек ырғағын бәсеңдетпеуге күш салуда. Компания өз филиалдары мамандарының қатысуымен 2015 жылы энергетикалық және материалдық ресурстар, шикізат шығынын төмендету жөнінде бірлескен шара қабылдады. Мұның өз нәтижесін беруде. Үстіміздегі жылдың 4 айының қорытындысында мұнда 20,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Осы мерзімде 19,8 миллиард теңгенің тауары өткерілді. Кәсіпорын үстіміздегі жылы 71 миллиард теңгенің өнімін өндіруді көздеп отыр. – «Казфосфаттың» өндірісті қайта жарақтандыру жөніндегі 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бар. Бағдарламада жоғарыдағы мақсатты жүзеге асыруға 120 миллиард теңге қарастырылған. Осы мерзімде өндірісті жаңартуға 50 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бағдарлама толық жүзеге асқанда өнім өндіру көлемі – 5, өнім сату – 4 және еңбек өнімділігі 3,5 есеге өседі. Біз кәсіпорын есебінен мамандар даярлауға ерекше көңіл бөліп келеміз. Мамандарымыздың 60 пайызының жоғары және орта арнаулы білімі бар. Соңғы жылдары бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін 2 мыңнан аса маманды қосымша мамандықтарға оқыттық. Өзіміздің оқу-әдістемелік орталығымыз бар. Қазір жоғары және орта оқу орындарында 115 жұмысшымыз оқытылуда және 230 азамат жоғары оқу орындары мен колледждерді оқып бітірді. Оларды оқытуға жұмсалған қаржымыз жоғары қайтарым беруде, – дейді «Казфосфат» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіров. Нарық талабы – қатал. Сондықтан да серіктестікте өндірілетін өнімнің сапасын тұрақты жақсартуға, бәсекеге қабілеттілігіне ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта 240 бизнес үдерістер талдап, жасалып бекітілген. ERP және SAP жүйелері енгізілген. Шығарылатын өнімнің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында компанияның барлық кәсіпорындарында жеткізілген шикізат пен өткерілетін дайын өнімнің сапасына бақылау жасайтын арнайы қызмет бар. Барлық өнім міндетті түрде Қазақстан Республикасы мемлекеттік стандарттарына сәйкес бақылаудан өткізіледі. Кәсіпорындарда халықаралық ИСО-9001: 2008 сапа менеджменті, ИСО-14001: 2004 халықаралық стандарттар талабына жауап беретін экологиялық менеджмент жүйелері енгізілген. Сондай-ақ еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық стандарт талабына жауап беретін менеджмент жүйелері бар. Келешекте ИСО 50001 энергия менеджмент және стандарт жүйесін енгізу көзделуде.
Инвестициялық жобалар – игілік бастауы Жаңа Жамбыл фосфор зауыты – «Казфосфат» ЖШС-дағы ірі филиалдың бірі. Мұнда халық шаруашылығына аса қажетті сары фосфор, термикалық фосфор қышқылы, триполифосфат натрий, гексаметафосфат натрий және феррофосфор өндіріледі. Сары фосфор тұрмысқа қажетті заттармен қатар оқ-дәрі өндірісіне қолданылады. Термикалық фосфор қышқылы түрлі фосфор тұздарын түзуге пайдаланылады. Триполифосфат натрийден синтетикалық жуғыш заттар жасалады. Гексаметафосфат натрий арқылы су тазаланып, керамика өндіру және теріні өңдеуге қолданады. Кәсіпорын кейінгі кезде үздіксіз қайта жарақтандыру жұмысын жүргізу нәтижесінде өнім өндіру көлемін және сапасын бірнеше есе арттырған. Мәселен, осында кеңестік кезеңде сары фосфор өндірудің жылдық көлемі 82 мың тоннадан аспаса, өткен жылдың қорытындысында ол 100 мың тоннаға жеткен. Үстіміздегі жылдың 4 айының қорытындысында кәсіпорында 24957 тонна сары фосфор өндірілген. – Филиалда соңғы 10 жыл көлемінде өнімнің өзіндік құнын төмендету, сапасын жақсарту, бәсекеге қабілетті өнім өндіру және қалдықсыз технологиямен жұмыс істеу мақсатында ірілі-ұсақты жиырмаға жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Мұның өзі қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттарды азайтумен қатар елеулі экономикалық тиімділік әкелді, – дейді серіктестік филиалы – Жаңа Жамбыл фосфор зауытының директоры Леонид Франгулиди. Зауытта пеш газын кәдеге асыруға 700 миллион теңге жұмсалды. Мұның өзі бүгінде орасан табиғи газды үнемдеуге мүмкіндік беруде. Сары фосфорды күшәннан тазарту нәтижесінде өнімнің сапасы әлемдік стандартқа жеткізілді. Құрамында фосфоры бар қалдықты қайта өңдеу, оның көлемін арттыруға және қалдықты жоюға игі ықпалын тигізуде. Бұрын коттрелді сүтті жинап, үйіп қою – қоршаған ортаға елеулі зиян келтіретін. Кейінгі кезде жаңа жобаны қолға алу нәтижесінде оның көлемі едәуір азайды. Сондай-ақ фосфор қышқылын тазарту, түйіршіктелген фосфат, гексаметафосфат натрий өндіру өндіріс әлеуетін арттыра түсуде. Кәсіпорынды қайта жарақтандыру нәтижесінде осындағы пештерді ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу мерзім аралықтары едәуір ұзартылған. Гексаметафосфат натрий цехын іске қосу нәтижесінде жаңа 40 жұмыс орны ашылған. Жаңа Жамбыл фосфор зауытында жаңғырту жұмысына жыл сайын 10 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалады. Өнімдері әлемнің 30-ға жуық мемлекеттеріне өткеріледі. Бүгінде филиалда 2300 адам жұмыс істейді. Зауыт басшылығы бастан өткеріп жатқан экономикалық қиындықтарға қарамастан соңғы 10 жылда бірде бір адамды жұмыстан қысқартпаған. Олардың орташа айлық жалақысы – 100 мың теңге. Жұмысшылардың алаңсыз әрі өнімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдайлар жасалуда. Олар жұмысқа қолайлы да жайлы көліктермен жеткізіледі. Күрделі жөндеуден өткізілген кең де жарық асханада қуатты тағам тұтынады. Денсаулықтарын өте арзан бағамен «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінде түзетеді. Химиктердің балаларына арналған сауықтыру лагері жұмыс істейді. Жас отбасылары қолайлы пәтерлерде тұрады. Жаңа Жамбыл фосфор зауыты өндірісті модернизациялау жөніндегі ізденістерін келешекте де жалғастыра береді. Оларға өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және бәсекеге қабілетті өнім өндіруге электр қуаты бағасының жиі көтерілуі үлкен кедергі келтіруде. Сары фосфор негізінен электр қуаты арқылы өндіріледі. Соның салдарынан облысымыз тұтынатын электр қуатының 80 пайызын осы зауыт алады. Сондықтан да басшылар мен мамандар оны өздерінде өндірудің жолдарын үздіксіз іздестіруде. – Келешекте зауытта елімізде баламасы жоқ жаңа жоба қолға алынады. Осындағы пеш газынан этил спиртін – этонол өндіру көзделуде. Ол үшін шағын электр стансасы салынады. Ол іске қосылған кезде сағатына этонол жағу арқылы 25 мегаватт электр қуатын өндіреді. Мұның өзі біз үшін үлкен демеу әрі үнем. Таяуда осы инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалады. «Істің басы – ниет» демекші, бұл жобаны да сәтті жүзеге асыратынымызға нық сенімдіміз, – дейді Леонид Франгулиди.
Меже – 1 миллион тонна
«Мына бір мұржаны тарихи мұнара десек те болады. 65 жыл болды тұрғанына. Өздеріңізге белгілі, осы жерде химия өнеркәсібінің іргесі қаланды. 1950 жылы ең бірінші күкірт қышқылы цехы салынған. Мұржа да сол кезде бой көтерген екен. Жапондар салыпты. Ешкім бұза алмай қойды», – деп әңгімені әріден бастады «Қазфосфат» ЖШС Тараз филиалы минералды тыңайтқыштар зауытының директоры Төлепбек Исаев. Өз ісіне берілген, сала ісінің ұңғыл-шұңғылын жетік білетіні көрініп тұр. Зауыт аумағын аралап көрсетіп жүріп, атқарған жұмыстарын егжей-тегжейлі әңгімелеп келеді. Кішігірім мекеме емес, кірістері мен шығыстарының өзі миллиардтаған қаржы айналымын түзетін өнеркәсіп орнында өндірілген өнімді қағазға үңілмей-ақ, баяндап жатқаны – көп нәрсені аңғартқандай. Төлепбек Әділбекұлы айтқан мынау биік мұржаның жанында күкірт қышқылын өңдейтін цех болған екен. Жаңатас, Қаратау деген қалаларында фосфорит кен орны ашылғаннан кейін, шикізатты жақын жерден тасымалдап, өңдеу үшін зауыт салу қажеттілігі туады. Алғашында кен орындары толықтай іске қосылғанша, шикізат Ресейден тасымалданыпты. Бұл өндіріске тиімсіз еді. Біріншіден, жолдың шалғайлығы кедергі келтірсе, екінші жағынан қымбатқа түсетін. Сол үшін кейін кенді Қаратау мен Жаңатастан тасымалданатын болыпты. «Зауыттың ең алғашқы өндірген өнімі – аммофос пен суперфосфат. Кейін үш жемдік фосфат цехы іске қосылды. Кезінде Кеңес одағы құрамындағы республикалар осы цехтарда өндірілген өнімді көп алатын. Социалистік құрылым құрдымға кеткенде бәрі тоқтап қалып, біреуі-ақ істеп тұрды. Бүгінде өндіріс орны тәуелсіз елімізбен бірге еңсесін тіктеп келеді. Ауыл шаруашылығы дамыған сайын, минералды тыңайтқыштарға деген сұраныс артып келеді. Мемлекет басшысының қолдау көрсетуінің, Үкіметтің салалық бағдарламаларының арқасында ауыл шаруашылық құрылымдарына субсидия беріліп, оларға тыңайтқышты жарты бағасына алуға мүмкіндік тууда», – дейді зауыт директоры. Иә, сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде өнеркәсіп көптеген қиыншылықтарға тап келгені рас. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін күкірт қышқылы Өскеменде, Жезқазғанда, Балқашта көптеп шығарыла бастады. Бірақ, бұл қалаларда негізінен түсті металл өндірісіне басымдық беріліп, күкірт қышқылын минералды тыңайтқыштар зауытына беріп, зауыттағы цехты жапқызып тастайды. Ал «Кісідегінің кілті аспанда» деген. Олар ай сайын өнімнің бағасын қымбаттатып, бір тоннасын 130 долларға дейін көтеріп жіберген кез де сол шақ. Шикізаты қымбатқа түскен өнімнің бағасы да қолжетімсіз болатыны түсінікті. Зауыт өндірген өнімдердің өтімсіз болып қалған кездері де сол кезең. «Бұл тығырықтан шығудың жолы – зауытта күкірт қышқылы цехын ашу еді. Сондықтан, компания басшылары 2011 жылы жаңа нысанға қаржы бөліп, құрылысты жедел қолға алды. Екі жылдан кейін толықтай заманауи үлгіде жабдықталған цехты Елбасы Н.Ә.Назарбаев іске қосты. Цехтың бір ерекшелігі – барлығы автоматтандырылған. Жұмысшылар бұрынғыдай күрекпен, басқа да құралдармен жұмыс істемейтін болған. Барлығы компьютерлендірілген, пультпен басқарылады. Соған орай шығатын зиянды заттардың мөлшері азайды. Нақтырақ айтсақ, 99,9 пайыз тазаланып шығады. Ауаға ешқандай зиянды қалдық бөлінбейді. Цех жылына 600 мың тонна моногидрат шығара алады. Әзірге бізге ондай қажеттілік жоқ. Мәселен, биыл 150 мың тонна күкірт қышқылын шығарамыз деп жоспарлап отырмыз», – деп ағынан жарылды Төлепбек Әділбекұлы. Индустрия және ауыл шаруашылығы саласында интенсивті өнеркәсіпке қол жеткізу үшін кешенді жүйе жиі қолданылады. Яғни, қажетті шикізат пен өндіріске қажетті қуат көздерін өндіріс аумағында іске қосу керек. Сондықтан, компания басшылары күкірт қышқылы цехы толық қуатында іске қосу мақсатында осында экстациялық ???? фосфор қышқылы цехын салу туралы шешімге келіпті. Құрылыс қазірдің өзінде қызу қарқын алған. Қазір ол маңда жергілікті мердігер компаниялар – «Жамбылхимстрой», «Имстальком», «Таразхроммонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің құрылысшылары жұмыс жүргізіп жатыр. 150-ге жуық еңбеккер жұмысқа тартылған. Жоспар бойынша жаңа цех 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығында пайдалануға берілуі тиіс. Жалпы, зауыттың алдағы жоспарлары туралы директор Т. Исаев былай дейді: «Осы цехты іске қоссақ, онда 25 Мегаватт электр энергиясын өндіруді жоспарлап отырмыз. Сонда электр қуатын да сырттан алмаймыз. Бұған дейін 150 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіріп келсек, 2016 жылы оның көлемін 300 мыңға дейін жеткіземіз. 2017 жылы 450 мың тонна ал, 2022 жылғы меже – 1 миллион тонна». Өндірілген өнім көлемі көбейген сайын оның өзіндік құны төмендейтіні мәлім. Бұл дегеніміз, ауылдағы шаруалар бірер жылда мемлекет тарапынан берілетін субсидия, дотациясыз-ақ, минералды тыңайтқыштарды өздері сатып ала алады деген сөз. Яғни, баға қолжетімді болмақ. Осы зауыт аумағында өндіріске қажетті электр энергиясы өндірілетіні өнімнің арзандауына себеп болатын сыңайлы. Қажетті қуат көзі өздерінде өндірілсе, оған төленетін қаржы үнемделеді. «Фосфор қышқылы цехы іске қосылғанда ескі цехтағы жұмысшыларды ауыстырамыз. Бүгінде ескі цехтың осы бөлімінде 110 адам жұмыс істейді. Қосымша он шақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бір нәрсені анық айта аламын, цех пайдалануға берілсе, өнім құны 25 пайызға арзандайды. Мысалы, қазір бір тонна тыңайтқыш 80 мың теңге тұрады. Ал арзандағанда 60-55 мың теңге болады», – деді өндіріс орнының басшысы. Зауыт директорының айтуынша, 2014 жылы бес айдың ішінде 47 мың тонна аммофос шығарса, биыл осы мерзімде 60 мың тоннаға жетіпті. Соның тоқсан пайызын қазақстандық тұтынушылар алыпты. Бұл нені көрсетеді? Ол яғни, отандық өнім отандастарымыздың көңілінен шығып отыр деген сөз. Өндірілген аммофостың сапасының жоғарылығын көрсетеді. Аммофос секілді емес, жемдік фосфат өндіруде аздаған қиындықтар бар екен. Мамандар мұның себебін сұраныстың аздығымен түсіндіреді. Сондықтан, жемдік фосфат цехы жылына 16 мың тонна өнім шығарумен шектеліп отыр. Қазір бес айдың ішінде 9 мың тоннасын шығарып үлгеріпті. Сұраныс неліктен аз? Өйткені, қазіргі өндірілген өнімнің құрамындағы фосфор 22-28 пайызды құрайды. Ал тұтынушылар оны 42-45 пайызға дейін көтерсе екен дейді. Сонда ғана олар жемдік фосфатты толық аламыз деп отырған көрінеді. Зауыт директоры осы бағытта қазір үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. Егер бір-екі жылдың көлемінде осы мәселе толық шешілсе, онда бұл цех та толық қуатымен жұмыс істейтін болады. Жалпы, зауыттың қазіргі таңда шығарған өнімдері еліміз аумағына өткерілуде. Өйткені, сұраныс көп. Сондықтан, компания басшылары шетелдік тұтынушылармен байланысты уақытша тоқтата тұруға мәжбүр. Дегенмен, бұған қарап жатқан шетелдік шаруалар жоқ. Олар да өздеріне қажетті өнімге сұраныс беруін тоқтатар емес. Мәселен, былтыр аммофосты алушылар Ауғанстан, Белоруссия, Швейцария, Біріккен Араб Әмірліктері, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Украинадан келсе, жемдік фосфатты алып отырғандар – Өзбекстан, Ресей, Украина, Белоруссия. Бұрын кеңестік кезеңде жылына 90-100 мың тонна аммофос шығарылады екен. Ал қазіргі меже басқа. Зауыт былтыр 4 миллиард 300 миллион теңгенің өнімін өндірсе, биыл бес айда өндірілген өнімнің құны – 5 миллиард 250 миллион теңгеге жетіпті. Өндіріс орнында бүгінде 920 адам еңбек етуде. Олардың орташа айлық жалақылары – 100 мың теңге. Төлепбек Исаев қиын да жауапты жұмысты үйлестіруде сенімді серік, білікті маман ретінде өзінің өндіріс ісі жөніндегі орынбасары, бас инженер Ермахан Түймеевтің, аммофос цехының басшысы Райымбек Бияшовтың, жемдік фосфат цехының басшысы Тілектес Қарғабаевтың, Кип цехының басшысы Тайыржан Юлдашовтың, энергожабдықтау цехының басшысы Камиль Жұмадтиновтың, слесарь Садуақас Ақшаловтың, электрик Иса Жақсымбетовтің көп қолғабысы тиетінін айтады. Иә, адамзат қажетінің бәрін жерден алады. Сондықтан, жерге де күтім керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында. Ал интенсивті шаруашылыққа көшу үшін минералды тыңайтқыштар аса қажет. Сол себепті де, келешекте минералды тыңайтқыштар зауыттың келешегі зор болатынына сенім мол. Өйткені, Елбасымыз айтқандай, болашақта азық-түлік қауіпсіздігі басты мәселе болып қалмақ.
Ақылжан МАМЫТ, Ардақ ҮСЕЙІНОВА, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді