«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білімді мыңды жығар

Білімді мыңды жығар
ашық дереккөз
Білімді мыңды жығар

биыл бағалау жүйесінде басымдық түлектердің үлгеріміне қарай берілмек

Тестілеу кезінде туындайтын дүрбелең көпшіліктің көңілін алаңдатпай қоймайды. Себебі, бірінің баласы мектепте оқиды, екіншісінің немересі өсіп келеді дегендей. Сондықтан, бүгінде ҰБТ-ға қатысты мәселелер ешкімді де бейжай қалдырмайтын болған. Ұл-қыз өсіріп отырған ата-аналар жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу талаптарына енгізілген өзгерістерді қалт жібермей, күтіп жүреді. Мектеп бітірушілердің жалпы орта білімін аттестаттайтын бірыңғай жүйе толықтай жаңғыртылмағанмен, әр жылы бір жаңалық болып тұрады. Биыл да солай. ҰБТ қорытындысы бойынша бағалау өзгерді. Бағалауда басымдық неге беріледі? Бұл жүйе бойынша түлектер қандай мүмкіндіктерге ие болмақ? Осы сұрақтарға жауап іздеп әрі тестілеу өткізуге дайындық барысы туралы білу үшін облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбековаға қайырылдық.

– Cұлушаш Сәтбекқызы, ҰБТ-дағы басты жаңалық – бағалаудағы өзгерістер секілді. Бұл өзгеріс мектеп бітірушілерге қандай жеңілдік бермек? Осы туралы айтып өтсеңіз... – Биылғы басты жаңалық осы болып отыр. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 23 сәуір 2015 жылғы №229 бұйрығына сәйкес аттестатқа ҰБТ шеңберінде тапсырылған жалпы білім беретін пәндер бойынша мемлекеттік комиссия шешіміне сәйкес жылдық баға есептелген орташа арифметикалық баға қойылады. Яғни, енді түлектерге тестілеуде тапсыратын міндетті пәндер бойынша баға ҰБТ-да жинаған балына қарай емес, оқудағы үлгеріміне қарай бағаланбақшы. – Бұл – шын мәнінде, түлектер үшін үлкен жеңілдік болғалы тұр. Себебі, жылдар бойы тек жақсы деген бағаға оқып, ҰБТ-да «Алтын белгі» төсбелгісін немесе үздік аттестат алу үшін бір балл жетпей қалып, сан соғып қалатынына куә болып жүрміз... – Рас, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Мектепте 11 жыл бойы үздік оқып, соңында бір ғана балл оқушының барлық еңбегін жуып-шайып жіберетін. Бағалау жүйесіне өзгеріс енгізуге осындай жағдайлар түрткі болып отыр. Бұл жаңалық мектеп бітірушінің өзіне деген сенімділігін арттырады. Мысалы, оқушы жылдар бойы беске оқып, тестілеуде төрт алып қалды делік. Мұндай жағдайда орташа арифметикалық баға 4,5 болады. Ал аттестатқа қойылатын қорытынды баға өсу жағына дөңгелектенеді. Нақтысы, аттестатқа бестік түседі деген сөз. – ҰБТ – мектеп бітірушілер үшін де, мұғалімдер үшін де үлкен сынақ екені даусыз. Жалпы, облыста тестілеуді өткізуге дайындық қалай жүруде? – Ұлттық бірыңғай тестілеу облыста 10 ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункттерінде ағымдағы жылдың 2-6 маусымы аралығында өткізіледі. Бүгінде барлық тестілеуді өткізу пункттері бейнебақылау камералары, ұялы телефон дабылын тұншықтырғыш, металіздегіш және бейнетіркегіш құралдармен қамтамасыз етілген. Аудиториялар санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жабдықталды. Тестілеу өткізуде бір ғана ерекшелік жылда ҰБТ 1 маусымда басталса, биыл бірінші лек 2 маусым күні өткізілмекші. – Тестілеуге қатысуға өтініш беру мерзімі 25 сәуірде аяқталды. Биыл түлектердің қанша пайызы ҰБТ-ға қатысады? – Биыл жалпы білім беретін орта мектептерді бітіретін 8879 оқушының 6003-і, яғни 67,6 пайызы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр. – Ерте көктемнен егіннің түсімі қандай болатынын болжай алмайтыны секілді, биылғы ҰБТ-дан қандай нәтиже күтілетінін айта алмайтынымыз анық. Дегенмен, былтырғы жіберілген кемшіліктерден қандай қорытынды шығарылды? Кеткен кемшілік мектеп басшылары мен ұстаздар үшін қаншалықты сабақ болды? – Былтырғы жағдай бәрімізге сабақ болды. Әсіресе, мектеп басшыларына. Меніңше, олар біліктілігі жоғары педагогтың білім сапасын арттыруда басты рөл атқаратынына көздері жетті деп ойлаймын. Егер, осыны түсінбесе, онда жақсы нәтиже күтудің өзі артық. Ал өткен жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша кемшіліктерге орай қолданылған шаралар мен жүргізілген жұмыстарға келсек, біз өз тарапымыздан мүмкіндігінше бәрін жасадық. Мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығын арттыру мақсатында оқу жылының басында «2014-2015 оқу жылына арналған мектеп оқушыларының оқыту сапасының деңгейін арттыру бойынша қадамдық іс-қимыл жоспары» жасалды. ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсеткен Тараз қаласындағы №1, 41, 45 гимназиялары мен облыстық дарынды балаларға арналған 3 мектеп-интернаттың базасында мектеп директорлары мен орынбасарларына, пән мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетілді. Аталған мектептердің түлектерді ҰБТ-ға дайындаудағы озық іс-тәжірибелері таратылды. – Бұл – педагогтарға көрсетілген әдістемелік көмек. Ал түлектермен қандай жұмыстар жүргізілді? – Мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға дайындығын анықтау, олардың білім деңгейлерін тәуелсіз бағалау мақсатында облыс мектептерінде 11-сыныпта оқитын оқушылардан республикалық USTADY он-лайн тестілеу орталығы, EDTECH-KZ халықаралық білім орталығы және BILIM MEDIA GROUP тест орталықтары арқылы байқау тестері алынды. Он-лайн тестілеуге 7824 мектеп бітіруші қатысты. Екі рет өткізілген байқау сынағындағы тест нәтижесі бойынша әрбір баланың 5-11 сыныптарда оқыған негізгі пәндері бойынша білім деңгейлеріне сараптама жасалып, әр пән бойынша меңгермеген тараулары нақты көрсетіліп, дайындайтын мұғалімдерге бағыт-бағдар берілді. Ал халықаралық білім орталығы өкілдері ұйымдастырған тестілеуге 11-сыныпты бітіретін 6088 (68,6%) оқушы қатысуға мүмкіндік алды. Тест қорытындысы арқылы оқушылардың таңдау басымдығы – биология, физика, география, ағылшын тілі пәндеріне берілгендігі анықталды. ҰБТ көрсеткішінің өсуіне – осы пәндердің мектепте қаншалықты сапалы оқытылғанына тікелей байланысты болмақ. Сондай-ақ, талапкерлердің тест парақшасын толтыруда техникалық қателіктерге ұрынып қалатыны да белгілі болды. Сондықтан, пән мұғалімдері мен ҰБТ-ға жауапты мамандарға бұған баса мән беру жөнінде ұсыныстар берілді. BILIM MEDIA GROUP тест орталығы мамандарының жұмысы негізінен аудандар мен Тараз қаласы білім бөлімдері мен мектеп басшыларына арналды. Олар педагогтармен семинар, тренингтер өткізді. Соның арқасында оқушылар мен мұғалімдерге аталған тест орталығының сайттарына кіріп, жұмыс жасауға мүмкіндік туды. Осы тест орталығы құрастырған электронды кешеннің артықшылығы – шәкірт пен ұстазға жеке пәндер бойынша сынақтар тапсырып, дайындалуға әрі қатемен жұмыс жүргізуге үлкен мүмкіндік беруінде. Сондай-ақ, оқу жылы ішінде ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау сапасын жақсарту мақсатында 10 педагогикалық десант, 8 ғылыми-тәжірибелік семинар, 14 коучинг-сессия, 1 ғылыми-тәжірибелік конференция, 11 семинар-тренинг, 12 дөңгелек үстел, он-лайн тәсілінде 15 семинар-кеңес өткізілді. Аталған іс-шараларға жоғары сыныптарда сабақ беретін 12380 (54,5%) педагог қамтылды. – Былтыр педагог қызметкерлердің Тамыз кеңесінде облыс әкімі мектептердегі білім сапасын арттыру мақсатында Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларымен бірлесе жұмыс жүргізуді тапсырғаны белгілі. Меніңше, бұл мәселеге оқу орындарының басшылары да мүдделі шығар. Өйткені, мектеп бітірушілердің басым бөлігі – ертең солардың студенттері атанатыны анық... – Облыс әкімі К.Н.Көкірекбаевтың берген тапсырмасын орындау мақсатында өңірдегі ЖОО-ның оқытушылары мектептерде оқыту-семинарларын ұйымдастырып, кеңес беру топтарын құрып, жұмыстар жүргізді. Жалпы, бізде өңіріміздегі университет-институттармен бірлесе жұмыс жүргізуде қиындықтар туындаған емес. Облыста білім берудің орта және жоғары сатылары арасында тығыз байланыс орныққан. – Сұхбатымызды қорытындыласақ, ҰБТ деген сөздің өзі оқушылар мен ата-аналарда үрей туғызатынын жасыра алмаймыз. ҰБТ-ға деген қоғамдық көзқарасты қалай өзгертуге болады? – Бастапқыдай емес, жылдан-жылға ҰБТ-ға деген көзқарас өзгерді. Тестілеу тапсырудың ерекшелігі мен талаптарына оқушының да, ата-ананың да бойы үйрене бастады. Меніңше, ҰБТ тапсырудың еш қиындығы жоқ. Сабағын тиянақты оқыған оқушы кез-келген сынақтан сүрінбей өте алады. Себебі, тест сұрақтары оқу бағдарламасы бойынша әзірленеді. Ата-аналардан күтетініміз – балаларға сабаққа дайындалуға қолайлы жағдай тудырып, баласына қолдау көрсетуі.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар