Байзағым – байтағым

Байзағым – байтағым
ашық дереккөз
Байзағым – байтағым

облыс орталығындағы аудандардың мәдениет және өнер күндері жалғасуда

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай облыс орталығындағы аудандардың мәдениет және өнер күндері жалғасуда. Өткен жұмада құт мекен, шұрайлы да шырайлы Байзақ ауданының мәдениет және өнер күні Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында ұйымдастырылып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұл күні ауа райы да жадыраңқы тартып, жаймашуақ нұрын аямай төгіп тұрса, ақшам мезгілдің алқызыл сәтімен саябақ та құлпыра түскендей. Саябақ емес бейнебір мамыражай күн кешіп отырған ілгерідегі қазақ ауылының бірі дерсіз. Олай дейтініміз, байзақтық үлкен-кіші өнерпаздардың түгелдей атсалысуымен қазақы киіз үйлер тігіліп, саябақ шағын бір ауылға айналыпты. Онда ақ дастархан жайған қыз-келіншектерді, самаурын қайнатқан ұл-қыздарды, киіз түтіп, күбі пісіп, талқан езіп отырып халық әндерін әуелеткен ақ кимешектегі әжелерді көріп әсерлі күй кештік. Сахналық көріністен соң облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы ауданның руханиятынан сыр шертетін талантты топтың әзірлеген көрмесін көпшілікпен бірге аралап көрді. Сыдық Абланов атындағы орта мектебінің оқушылары әзірлеген «Алтын адам», «Хан тағы» «ЭКСПО-2017» шағын макеттері мен мүсін үлгілері көпшіліктің зор қызығушылықтарын туғызды. Сондай-ақ, Бурыл орта мектебінің ұстазы Мейірхан Канкиевтің «Қазақ хандары», «Жаңа үлгідегі қымызхана» шағын макеттерінің құрылысы да көптің қызу талқысына түсті. Ол «Жаңа үлгідегі қымызхана» макетінің Алматы қаласында өткен «Бала – өмірдің гүлі» техникалық шығармашылық байқауының бас жүлдесін иеленгенін жеткізді. Суретшілер Асылхан Алдабергеновтің «Керей хан», Қайрат Сейдуалиевтің «Абылай хан» картиналары да бейнелеу өнерінің көркем туындылары екені даусыз. Саламатты өмір салтын ұстанған жасөспірімдердің кір тасын көтеріп, ләңгі теуіп, ат үстінде аударыспақ ойнап күш сынасулары да көрер көзге ерекше әсер қалдырды. Бұдан соң тұрғындар саябақтағы сахна орналасқан алаңға қарай ағылды. Мерекелік шара Байзақ ауданының өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Концерттік шара соңы байзақтық ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырдың «Сарыкемерім» әнімен жалпы әншілер тобында орындалып, түйінделгені де ауданның мерейін тасытып, абыройын асқақтатты.

Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар