«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жаралы гүлдер» қаралы күндерді еске түсірді

«Жаралы гүлдер»  қаралы күндерді  еске түсірді
ашық дереккөз
«Жаралы гүлдер» қаралы күндерді еске түсірді

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық орыс драма театрының бірлесе ұйымдастыруымен Қазақстан қарулы күштеріне 23 жыл және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толуына орай «Жеңіс мұрагерлері» атты шара қолға алынған болатын. Осының шара аясында облыстық орыс драма театры Жеңіс күні қарсаңында тараздық театрсүйер көрермендерге даңқты қаламгер Сәкен Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» драмасын ұсынды. Оған арнайы қонақ ретінде өңіріміздегі бірқатар ардагер ата-апаларымыз шақырылса, сонымен қатар белсенді жастар да тағылымы мол шараға көптеп тартылды. Алдымен, ардагер қонақтарға қызыл-жасыл гүл шоқтары тарту етіліп, олардың отты жылдардағы ерліктеріне құрмет көрсетілді.

Сәкен Жүнісовтің туындысында сұрапыл жылдардағы қиындықтарды өз бастарынан өткерген, Отан үшін от кешкен майдангерлерге деген махаббаты мен ризашылық сезімі, олардың Жеңіс үшін жасаған жанқиярлық ерліктеріне деген бүгінгі ұрпақтың ақ алғысы жатыр. Бұған біз аталмыш қойылымды көріп отырып көз жеткіздік. Қойылымда зұлматты соғыстың бейбіт күннің тыныштығын қалай бұзғанын, өрімдей балалардың балаң шақтары қалай ұрланғанын, сол бүлдіршіндердің нәзік жанды қыз-келіншектермен бірге ауыр жұмысқа жегіліп, ерте есейгені жайлы жан-жақты тебіреніспен баяндалады. Әсіресе, басты кейіпкер Бақыттың майдан даласында көз жұмған әкесін, соның күйігінен ажал құшқан ақ жаулықты анасының қайта оралмас бала шағы жұтылып кете бергені көрермендерге қатты әсер етті, толқытты. Оның енді ғана толысқандағы тағдыры аяусыз талқыға түскенде көрермендер көзіне жас үйірді, жүректері езілді. Бұл бір ғана Бақыттың басындағы емес, осы секілді қаншама балалардың қасіретті жылдардағы тағдырынан хабар бергендей еді. Әлбетте, бірақ олар мойымады. Жеңіс деген тәтті ұғымды тағатсыз тосты, сол арқылы жігерлене түсті. Осындай соғыс жылдарындағы ел ішіндегі ауыр жағдайларды еске салған қойылым көпшілік көрерменді тебірентпей қоймады. Бүгінгі ұрпақ бейбіт күнде ғұмыр кешіп отырғандықтарына шүкіршілік білдірді, ел үшін етікпен су кешкен ерлерге елеулі құрмет танытып, Жеңіс мұрагерлері атынан ризашылықтарын жеткізді. Бұл қаламгер шығармасының қуаттылығы десек, композициялық құрылымның, театр актерларының сахналаудағы шеберліктерінің де жемісі екені даусыз. «Біздің негізгі мақсатымыз орындалды» деген облыстық орыс драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев қойылым арқылы театр ардагерлерге құрмет көрсете отырып, жастарды бейбіт күннің бағасын білуге шақыруды көздегендерін айтты.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар