Агроқұрылымдар әлеуеті

Агроқұрылымдар әлеуеті
ашық дереккөз
Агроқұрылымдар әлеуеті

мәселе, міндет, меже

Елбасы Н.Назарбаев 10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумында «Қазақстан ауыл шаруашылығы мақсатындағы, жалпы 90 миллион гектарға жуық жерге ие бола отырып, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық орталығына айнала алады» деген болатын. Елбасының тұжырымдамасы еліміздің экономикасын жоғары деңгейге көтеруге бағытталған. Агроөнеркәсіп саласын қарқынды дамытып, жаһандық орталыққа айналдыру үшін бұл салада мемлекеттік, өндірістік ұйымдар, шаруа қожалықтары, фермерлер және жеке кәсіпкерлік құрылымдарды шектеусіз қатар қалыптастырып, олардың тиімді жұмыс жасауына мемлекет тарапынан ауқымды іс-шаралар қарастырылуы қажет. Бұл іс-шараларды жүзеге асырудың негізгі жолы – ауыл шаруашылық құрылымдарды ірілендіру болып табылады. Алайда, бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлер өз еркімен ауыл шаруашылық кооперацияларына бірігуге құлықты емес. Оның басты себебі – нормативтік-құқықтық базаның жетілмегені, кооператив қызметінің айқын болмауына байланысты кооператив мүшелерінің бір-біріне сенімсіздігі. Шаруа қожалықтары мен фермерлердің иелігіндегі жер алқаптарының шағын көлемі және олардың өндірістік әлеуетінің тиісті дәрежеде болмауы өндіріске озық технологиялар мен ғылым жетістіктерін өз дәрежесінде енгізуге мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан ауыл шаруашылық дақылдарының түсімділігі жоғары деңгейде емес. Мал шаруашылығы өнімдерінің едәуір үлесі халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарында өндіріледі. Бұл төмен өнімділікке әкеліп, өнімдердің өзіндік құнының жоғарылауына әсерін тигізуде. Осы жағдай өз кезегінде ішкі нарықтағы ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысты толық қамтамасыз етпей, импортқа тәуелділікті қалыптастыруда. Жоғарыдағы айтылғандарды ескере отырып, ауылды дамытуға мемлекет тарапынан белгіленген қолдау іс-шараларына өзгерістер енгізген жөн. Ауылды қолдау бағдарламасына тиісті бөлінетін қаражаттар нақты мақсаттарға сәйкес жоспарланып, бөлінгені дұрыс. Бүгінде ауылдағы кіші, орта кәсіпкерлікті дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражаттар жұмыссыздықты және қажетті азық-түлік өнімдерін өндіру мәселелерін толық шеше алмауда. Осы орайда агроөнеркәсіп кешенінде атқарылатын іс-шараларды алдын ала сараптан өткізіп, қандай өнімдер өндірілетінін, кімдер өңдейтінін және оларды кімдер тұтынатындығын анықтап алу қажет. Өсімдік, мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау нақты өндіріс орындарын ашуға мүмкіндігі бар құрылымдарға (агротехникалық шараларды енгізе алатын егіндік жерлердің көлемі, материалдық-техникалық базасы, мамандармен қамтылуы) беріліп, күтілетін нәтижелер айқындалуы қажет. Себебі, ауыл шаруашылық құрылымдарының материалдық-техникалық базасын жасамай, қажетті мамандармен қамтамасыз етпей жеткілікті мөлшерде сапалы өнім өндіру және оларды дер кезінде өңдеп, тұтынушыларға ұсынудың мүмкіндігі төмен болатыны сөзсіз. Жалпы, мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар шаруа қожалықтарының жағдайын жақсартуға бағытталған. Алайда, оларды рәсімдеу, алу кезінде шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер көптеген қиындықтарға кездесуде. Несие мен субсидия алуға тапсыратын құжаттардың саны көп және шаруашылықпен айналысып жүрген кәсіпкерлер ол құжаттарды тиісті заңдарға, ережелерге сай сауатты дайындап, тапсыруға дайын емес. Ауыл шаруашылығында жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың арасындағы субсидия мен жеңілдетілген несиелерді рәсімдеуге байланысты қатынастарды жеңілдету, реттеу қызметтерін жүргізетін құрылымдар дамымаған. Оларды рәсімдеу ауыртпашылығы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына жүктелген. Шаруашылықты дамытуға қажетті субсидия мен басқа да мемлекеттік қолдаулар шаруа қожалықтары мен фермерлерге жеткілікті мөлшерде және қажетті мерзімде беріле бермейді. Бұл өз кезегінде берілген субсидиялардың нәтижелі де тиімді жұмсалуын қамтамасыз етпейді. Сондықтан, осы айтылған мәселелерді болдырмауды жүзеге асыратын органдарды құру қажет немесе ол қызметтерді жүргізуді тиісті жергілікті атқару органдарының бөлімдерінің құзырына жүктеу керек. Ауыл шаруашылығы басқармалары мен аудандық ауыл шаруашылық бөлімдердің қызметін кеңейтіп, олардың азық-түлікті өндірудегі жауапкершіліктерін күшейту керек. Олардың қызметінің нәтижелері ауылдық жерде қанша кәсіпорындар құрылып, қанша жұмыс орындары ашылғаны және қандай көлемде шикізат өнімдері өндіріліп, олардың қаншасы өңделуден өтіп тұтынушыларға ұсынылғанымен бағалануы тиіс. Бүгінде ауыл шаруашылығында өндірілген астықты, көкөністі басқа да дақылдар өнімін сақтауды толық қамтамасыз ететін элеваторлар, қоймалар саны жетіспейді. Осыған байланысты шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер өндірген өнімдерін делдалдарға немесе ірі холдингтерге төмен бағамен сатуға мәжбүр. Бұл жағдай шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің қажетті деңгейде табыс табуына және өндірісін тиімді жүргізуге мүмкіншілік бермейді. Сондықтан, осы мәселені шешуге мемлекет қаражатын лизинг желісінің қызметі арқылы тарту қажет. Қазіргі кезде еліміздегі лизингтік қызмет негізінен ауыл шаруашылығын техникамен және технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етумен айналысады. Әлемнің дамыған елдері тәжірибесінде лизингтік қызмет техникамен, технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етумен қатар аса қажетті озық технологиялы инфрақұрылым объектілерінің құрылысын лизингтік желімен салу, одан соң оларды қаржы нарығында немесе ипотека, лизинг арқылы тапсырушыларға тиімді ұзақ мерзімдік несиеге сату жақсы дамыған. Осы тәжірибені бізде де енгізудің пайдасы зор. Елімізде агроөнеркәсіп кешенінің ерекшеліктерін ескере отырып арнайы қаржы-несие саясатын іске асыратын банктердің бөлімшелерін ашу керек. Оларға агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігі мен сенімділігін дамытуға бағытталған несиелендіру саясатының бірыңғай стандартын жасауды және аграрлық салаға көмек көрсетудің мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз етуді міндеттеу қажет. Жалпы, еліміз аумағының кең екенін және олардың толық игерілмей жатқанын ескерсек, ауыл тұрғындарының қала төңірегіне жаппай шоғырлануын қолайлы жағдай деп айтуға болмайды. Агломерация саясатынан бас тартуға болмайды, тек оны қай жерлерде қандай көлемде жүргізуді анықтап алған жөн. Еліміздегі ауыл тұрғындарының бәрін қалаға шоғырландырған жағдайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игеру және халықты қажетті сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі қиындайды. Еліміздің аудандық жерлердегі шағын қалалардың жағдайын жақсарту басты мәселе болу керек. Қажет болған жағдайда тың, игерілмей жатқан аймақтарда шағын қалаларды немесе қала үлгісіндегі жаңа кенттерді салуға инвестиция тартудың маңызы зор. Көп елдерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру іс-шаралары негізінен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бұл жағдай ол елдердегі жер ресурстарының көлеміне және соған сәйкес халықтарының тығыз орналасуына байланысты орын алған. Ал біздің елдің ерекшеліктерін ескеретін болсақ (табиғат, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің көлемі мен орналасу жағдайлары) жер, су ресурстарын толық игеріп, пайдалану, жеткілікті мөлшерде сапалы өнім өндіру мен оларды өңдеу шараларын ауыл шаруашылығындағы ірі кооперациялар мен мемлекеттік кәсіпорындар тиімді жүргізе алады. Себебі, шағын және орта шаруа қожалықтарының өндірістік потенциалдары, қуаты бүгінде жеткілікті деңгейде емес. Олардың тәжірибесінде шаруашылық мәселелерімен өздерінің отбасылары ғана айналысып, ауылдағы жұмыссыздықты жоя алмауда және табыстары ауылдағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталмаған, өндірісі ұсақ тауарлы сипатта қалуда. Жол, ауыз сумен қамтамасыз ету, мәдени іс-шаралар және ауылға қажетті басқа мәселелерді шешуге олар мүдделі емес. Бұл айтылған мәселелер қазірге кезде мемлекет тарапынан шешілуде. Мемлекеттің бағдарламаларында шаруа қожалықтарына жол салу, электр энергиясымен, газбен, ауыз сумен қамтамасыз етуге қомақты бюджет қаражаттары қарастырылған. Бұл шағын және орта бизнесті дамытуға қарастырылған көмек. Мемлекет тарапынан ондай көмектер алдағы уақытта да көрсетіле берілуі тиіс. Бұл өз кезегінде ірі кәсіпорындар, шаруа қожалықтары мен жеке шаруашылықтардың қатар дамуына оң әсерін тигізеді. Дегенмен агроөнеркәсіп кешенін жоғары деңгейде дамыту үшін ауыл шаруашылығы өндірісінде озық технологияларды енгізе алатын және өнім өндірумен қатар оларды өңдеп, азық-түлік тауарларын дайындайтын ірі мемлекеттік кәсіпорындар ашу маңызды. Осы мәселені жүзеге асырудың ерекше маңыздылығы экономиканың дағдарысқа кезіккен кезінде, оның ауыртпалығын жеңілдетуде арта түседі. Сонымен қатар, бұл мәселенің оң шешілуі агроөнеркәсіп саласының тиімді дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуге мүмкіндік береді. Ресей ғалымдарының тұжырымдамасы бойынша экономиканың тұрақтылығы мен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін мемлекеттік меншік түрлері экономикамыздың 55-60 пайызынан кем болмауы керек. Франция мен Германия және басқа да батыс еуропалық елдерде мемлекеттің Жалпы ішкі өнімдегі үлесі 50 пайызды құрайды. Статистика мәліметтері бойынша 2012 жылы еліміздегі ауыл шаруашылық құрылымдар санының 85,2 пайызы шаруашылық қожалықтары мен фермерлер үлесіне тиесілі және олардың ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің көлемі 55,1 пайызды құрап, жалпы ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің 25,7 пайызын ғана өндіреді. Ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны 2,9 пайызды құрап, олардың үлесіндегі 44,6 пайыз жер көлемінен, жалпы ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің 29,3 пайызы өндірілген. Ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің 45,0 пайызы жұрт шаруашылығы үлесіне тиесілі. Бұл мәліметтер агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік кәсіпорындардың үлес салмағының төмен екендігін көрсетеді. Сол себептен олардың басқа меншік түрлерімен қатар дамуын қамтамасыз ету қажет. Олар нарықтық экономиканың принциптеріне сай жұмыс жүргізетін құрылымдар болуы шарт. Ол құрылымдардың ішінде жекеменшіктегі шаруашылықтар өз жұмыстарын келісім-шарт негізінде мемлекеттік тапсырыс бойынша тиімді жүргізуге толық мүмкіндік жасалуы тиіс. Бұл жағдай жеке кәсіпкерлердің шаруашылықтарын жүргізуде мемлекеттік кәсіпорындардың техникаларын, басқа да көмектерін тиімді пайдаланып, өз өндіріс көлемдерін ірілендіріп, олардың дамуына зор мүмкіндіктер туғызады. Жаңа индустриалды даму кезеңде агроөнеркәсіп кешеніндегі олқылықтарды жою мақсатында мемлекет ірі өндіріс кешендерін дамытуға қомақты қаржы бөлуді және шетел инвестициясын тартуды жедел өз қолына алып, оларды басқару, реттеу мәселесін жетілдіруге тиісті іс-шаралар қабылдап, оның жүзеге асуын қатаң қадағалауы қажет.

Мұрат Жұмаділдаев,  М.Х.Дулати атындағы Тараз  мемлекеттік университетінің  доценті, экономика ғылымдарының  кандидаты. 

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар