«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ТАРМУ-дың студенті топ жарды

ТАРМУ-дың  студенті топ жарды
ашық дереккөз
ТАРМУ-дың студенті топ жарды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс, Баспа ісі және дизайн кафедралары Елбасымыздың тұңғыш баспасөз хатшысы, белгілі қаламгер әрі қоғам қайраткері Ербол Шаймерденұлын есте қалдыру мақсатымен «Ел имиджін қалыптастыру ерекшеліктері: хандықтан қазіргі заманғы мемлекетке дейінгі Қазақстандық жол» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситеті филология факультетінің ұстазы, қаламгердің жұбайы Күләш Шаймерденова, Сарбас Ақтаев, қазақ баспасөзінің ардагері, белгілі қаламгер Ержұман Смайыл, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Президент және халық» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Мереке Құлкенов, профессорлар Бауыржан Жақып, Құдайберген Тұрсын қатысты. Аталмыш ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсаты – студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдар арасында Е. Шаймерденұлының қоғамдық және шығармашылық мұрасын насихаттау болғанын да айта кеткен ләзім. Конференция соңы мемлекет мәртебесін үстем етуге қызмет еткен мәрт жүректі азаматтың рухына бағышталған асқа ұласты. Қаламгердің жары Күләш Шаймерденова мен ұрпақтары конференцияны ұйымдастырушылар мен қолдаушыларға, жолдасының рухын ардақтап келіп отырған достарына, барлық қатысушыларға алғыстарын білдірді. Конференция соңында баспасөз қызметінің және имиджмейкерліктің теориясы мен тәжірибесін дамыту бағытындағы студенттердің үздік PR жобалары мен жоғары сынып оқушыларына арналған «Қауырсын қалам» атты Ербол Шаймерденұлы атындағы дәстүрлі байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Байқауға «Қоғаммен байланыс», «Журналистика», «Әлеуметтану», «Экология», «Мемлекеттік және муниципалды басқару», «Саясаттану», «Экономика», «Маркетинг», «Менеджмент», «Халықаралық қатынастар», «Педагогика», «Баспа ісі» мамандықтары бойынша білім алушы қазақстандық және шетел ЖОО студенттері, колледждер мен орта мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысты. Барлығы жиырма еңбек түскен байқауда бас жүлдені М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Журналистика» мамандығы бойынша білім алып жүрген 2-курс студенті Майра Ілес иеленді. Майраның ғылыми зерттеу жұмысына жетекшілік еткен Зәуреш Жашаралықызы Қойгелдиева. Шәкірті үздік деп танылған ұстаздың айтуы бойынша, халықаралық, республикалық ғылым додалары студенттердің білікті маман болуына әрі ғылыми зерттеу жұмыстарын жасауға даңғыл жол салады. «Халық банкі» АҚ PR және маркетинг департаментінің директоры С.Қ.Шүнкеев іс-шараға демеушілік жасап, үздік шыққан жұмыстарға бағалы сыйлық тапсырды. Е.Шаймерденұлының отбасы жеңімпаз студенттерге 350 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ербол Шаймерденұлы жалпы алғанда жиырмаға жуық кітаптың авторы. Олардың қатарында «Көңіл суреті», «Жүректегі жазулар» атты жыр жинақтары бар. Сонымен бірге, «Арман қала – Астана», «Төгеді жаңбыр», «Асыл жар», «Көлсай» және басқа ән мәтіндері тыңдармандар жүрегінен орын тапты.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар