«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бұқараға баспана сыйлаған «Бином»

Бұқараға баспана сыйлаған «Бином»
ашық дереккөз
Бұқараға баспана сыйлаған «Бином»

оны қабырғалық панельдермен құрастыруда

Халқымыз: «Баспана – бақыт шамы» деп текке айтпаса керек. Адамның алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуі және өсіп-өркендеуі үшін ең әуелі жайлы баспана қажет. Елімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей басшылығымен азаматтарымызды тұрғын үймен қамтамасыз етуде елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. 2012 жылы «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында жас отбасылар және басқа да көптеген азаматтар қолжетімді пәтерлерге ие болып, қуанышқа бөленуде. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес халықтық реформаны жүзеге асыру және елімізді бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосуда қазақстандықтардың осы мұқтаждығын шешудің маңызы зор. Осыған қарай Елбасы тұрғын үйлерді жылдам әрі сапалы салу міндетін қойып отыр. Бұл бағытта еліміз, оның ішінде облысымызда ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар еңсерілуде. Бүгінде Тараздағы «Арай» алқабында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 100-70 және екі 65 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.  Осындағы бір 65 пәтерлік үйдің құрылысын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бүгінде «Биномның» қолтаңбасын аймақтағы көптеген ірілі-ұсақты нысандардан кездестіруге болады. Материалдық-техникалық базасын нығайтқан компания кейінгі кезде ірі нысандардың құрылысын сапалы әрі уақтылы пайдалануға беруде. Серіктестік басшысы Серік Олжабековтің жігерлі басшылығы нәтижесінде мұнда көптеген инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы олар Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында «Тұрғын үй комбинатының құрылысы» жобасын жүзеге асырды. Нысанның құны – 700 миллион теңге.  Қазір зауыт ырғақты жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде жылына 19500 текше метр ірі қабырғалық панель шығарады. Оған қажетті жабдықтар Германия және Ресей мемлекеттерінен жеткізілді. Тұрғын үйлерді ірі қабырғалық панельдермен салудың артықшылығы көп. Біріншіден, мұндай материалмен салынған нысан аса қысқа мерзімде пайдалануға беріледі. Екіншіден, сылау, әрлеу жұмыстары өте аз жүргізіледі. Материал кәсіпорында өндірілгендіктен құны 15 пайыз төмен болады. Құрылыстың сейсмоберіктігі 8-9 балға есептелген. Пәтерлердің бағасы қолжетімді. «Бином» – «Арай» алқабындағы 65 пәтерлік бес қабатты үйді ірі қабырғалық панельдерді құрастыру арқылы салуда. Нысанның жобалық-сметалық құны – 569 миллион теңге. Бұл жұмысты олар мемлекеттік сатып алу конкурсында өткен жылы ұтып алған. Іске 2014 жылдың қараша айында кіріскен. Осы мерзімде құрылысқа бөлінген қаржының 30 пайыздан астамы игерілген. Қазір екінші қабаттың қабырғаларын құрастыру аяқталып келеді. Нысан ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс. – Біздің компанияның тұрғын үй құрылысын жүргізуде тәжірибесі мол. Оның үстіне, оған қажетті материалдың 70 пайызынан астамы өзімізде өндіріледі. Сондықтан да тұрғын үйдің құрылысын тамыз айында бітіріп, іске қосуды көздеп отырмыз, – дейді «Бином» ЖШС-ның учаске бастығы Маратбек Жақашев. Мұнда жұмыстың дені крандармен атқарылады. Әртүрлі маркадағы 4 кран таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз жұмыс істейді.  Қажетті бетон миксерлер арқылы серіктестіктің орталық базасынан жеткізіледі. Нысанда қабырғаларды құрастыру, дәнекерлеу, ағаш қалып орнату және бетон әзірлеумен 65 адам айналысуда. Компания әлеуетті болғандықтан инженерлік-коммуникациялық жұмыстарды толық өздері жүргізеді. Қазақстандық үлес 100 пайызды құрайды. Құрылысқа қолданылған материалдар күнделікті арнайы зертханадан өткізіледі. Авторлық және техникалық қадағалаушылар жұмыс сапасына тұрақты бақылау жасайды. Құрылысшыларға күнделікті компания есебінен бір мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі.  Олардың орташа жалақысы – 90 мың теңге. Күнделікті таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 20.00-ге дейін тынымсыз жұмыс істеп жатқан құрылысшылар арасында қабырғалық панель құрастырушы Қасым Ибрагимов басқаратын бригада алда келеді. Әріптестерінің құрастырушы Асқар Отарбаевтан алатын өнегесі көп. Бетон құюшы Майданбек Арычев және Сәбит Меңлібаев әріптестерін ұдайы өнімді еңбекке жұмылдырып келеді. Нысанда жұмыс жақында екі ауысымға көшіріледі.

Ақылжан МАМЫТ, "Ақ жол".

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар