Би алаңына себезгілей түсірілген жарық көл бетіне төгілген толған айдың сүттей сәулесі секілді. Сызылта төгілген әуен мен мына көріністің өзара үйлесім тапқаны соншалық, іштей Абайдың әніне қосыла шырқағың келеді. «Желсіз түнде жарық ай, Сәулесі суда дірілдеп»... Себезгілеген сәулемен бірге ақ қанат қауырсын да баяу қалықтайды. Үп еткен самалдың әлсіз лебінің өзі үлпілдекті көл бетіне қондырмай, ұршықша иіре түседі. Әуезді әннің екпінімен үйіріле соғып, аңсары ауған айдынға жете алмай тұрғандай көрінеді. Міне, жел де саябырсығандай. Аппақ қауырсын қалқып келіп, жағалаудағы қоларбада отырған жанның иығына қонды. Сол-ақ екен өмірден баз кешкендей қамығулы бейтаныс дүр сілкінді. Құдды, иығынан ақ қанат періште демегендей, талмаусыраған жігіттің жанары шырадай жанды. Ендігі сәтте ол үлпілдеген қауырсынды алақанына салып, бір қолымен арбасының дөңгелегін шыркөбелек айналдырып, билей жөнелді. Көз алдымда бәрі дөңгеленіп бара жатқандай. Биші Толғанай Төребекова мен мүмкіндігі шектеулі Талғат Аманбековтің Абайдың әніне құрылған композициялық қойылымынан алған әсерден көпке дейін арыла алмай жүрдім. Бірнеше рет әлеуметтік желілердегі бейнежазбаларын тауып алып, қайталап көріп шыққан кездерім де болды. Талғаттың қажыр-қайратына таңғалып, Толғанайдың өнеріне сүйсіндім. Оның артистік шеберлігі, би алаңындағы еркін қимыл-қозғалысы композициялық қойылым барысында биші жұбының қоларбада отырғанын ұмыттырып жіберетін секілді. Жалпы, мамандар мұндай қойылымдарды спорттың бір түрі ретінде қарастырып жүр. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін спорт додаларының бағдарламасына енгізілген. Былтыр Инчхондағы Пара-Азия ойындарында жамбылдық жұп арбада билеу спортынан сынға түскен. Елішілік және халықаралық жарыстарға да қатысып жүр. Әзірше, елімізде оларға тең келер ешкім табылмай тұр. Толғанай мен Талғаттың 2013 жылы Қазақстанда чемпион атанып, ел кубогын жеңіп алғаны, 2014 жылы республика біріншілігінде алтын және күміс жүлдені иеленгені – осы сөзіміздің дәлелі. Әсіресе, Толғанай мен Талғаттың жұбы латынамерикандық бағдарламада алдына жан салмайды. Мұның сыры олардың арбада билеуді спорт қана емес өнер деп тануында жатқандай көрінеді. Себебі, өнерпаздар алаңға шыққанда кішігірім композициялық туындыны тамашалағандай әсер аласың. Мейлі ол латынамерикандық стильдегі би болса да. Ал қазақы әуен жамбылдық спортшылардың қимыл-қозғалысына жан бітіргендей көрінеді.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді