Жаз маусымы басталарда орман және дала өрттерінің алдын алу, жою және суға түсу маусымына дайындық шаралары маңызды. Сол себепті де облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысына осы мәселе өзек болды. Жиынды ашқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өткен жылғы мәліметтерді шолып өтіп, қазіргі таңда күнделікті мониторинг жүргізіп, кешенді шаралар жүргізудің маңызды екендігін айтты.
Алғаш болып баяндама жасаған облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мақсат Әкімбаев облыстың елді мекендерінде ерікті өрт сөндіру құрылымдары мен бекеттерін құру, орманды дала массивтерінің өртке қарсы жағдайы, табиғи өрттерді жою және алдын алу дайындығы туралы мәлімдеді. Жалпы, облыс аумағы 14 миллион 430 мың гектар алқапты қамтыса, оның 4 миллион 434 мың гектары орман қорының жері. «Табиғат байлығын өрттен қорғау мақсатында жыл сайын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орманды далалық алқаптардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар атқарылуда», – деген баяндамашы өткен жылы ерікті өртке қарсы құрылымдардың жану жағдайларын сөндіруде белсенді болғандығын да атап кетті. Дегенмен, мұндай құрылымдардың материалдық техникалық базасы әлі де төмен деңгейде екен. Мәселен, Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандарында қажетті техникамен жабдықталу мәз емес. Тіпті, жауынгерлік киіммен жабдықталмағандар да бар. Еріктілердің алғашқы дайындықтан өтпегендігіне байланысты өрт сөндіру кезіндегі техника қауіпсіздігі ережелерін де меңгермеген. Тек Қордай ауданы Сортөбе ауылдық округінің еріктілер жасағы ғана ТЖ департаментінің кәсіптік даярлау мектебі базасында алғашқы жауынгерлік дайындықтан өтіпті. Өткен жылы далалық алқаптарда 64 жану оқиғасы болып, 787 гектар жерді қарақотырлап өткен. Жану оқиғасы Жамбыл, Мойынқұм, Байзақ, Жуалы аудандарында орын алған. Сонымен қатар, 8 орман өртінен 2380 гектар жер өртеніпті. Мұның барлығы Меркі ауданында тіркеліп, үш адам қаза болған. Адамдардың техникалық қауіпсіздікті сақтамағандықтан қаза тапқаны анықталған. Меркідегі орман өрттері бойынша, қылмыстық іс қозғалып, өрт қауіпсіздігі шараларын тиісті деңгейде жүргізбегені үшін сот шешімімен Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің басшысы шартты түрде 2 жылға сотталыпты. «Өрттің үлкен аумаққа таралуының басты себебі, таулық аймақтағы шөптесін өсімдіктің қалың, биік болып өсуі және олардың дер кезінде шабылып орылмауы. Сондай-ақ, орман қоры аумағында тәуліктік кезекшіліктің жөндеп жүргізілмеуі», – деді Мақсат Әкімбаев. Биыл наурыз айында облыс әкімдігінің қаулысымен табиғи өрттің алдын алу мақсатында облыстық жедел штаб құрылыпты. (Мұндай штаб барлық ауданда құрылған). Бүгінде өртке қауіпті кезеңге қажетті жанар-жағармай қоры дайындалып, орман шаруашылығы мекемелерінде 174 мың литр, аудандық әкімдіктерде 79 мың литр жанармай бөлінген. Ауылдық округтерде 2596 адамнан тұратын 193 ерікті өрт сөндіру құрылымдары құрылып, қажетті техника бөлінген. «Қазақавиаорманкүзеті» мекемесі авиатехникамен күн сайын орман қорын биіктен бақылап ұшып өтсе, облыс аумағына ғарыш мониторингі де жүргізіледі. Департамент ерікті өрт сөндірушілерді тегін оқытатындығы туралы аудан әкімдерін де арнайы хат жазып, құлақтандырыпты. Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев: «Былтырғы жағдай бізге сабақ болуы керек. Биыл Меркі мен Т.Рысқұлов ауданында болған оқиғалар қайталанбауы тиіс», – деді және мекеме басшылары мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Шекара қызметімен келісіп шекара аумағында орын алған өрт бойынша ақпараттандырып отыру туралы келісім жасау керектігін айтып, Қордай ауданы Масаншы ауылында өрт бекетін құру туралы бастаманы қолдады. Сонымен қатар, тепловоздардан шығатын ұшқындардың да өртке себеп болатындығын, сондықтан оларға ұшқын өшіргіштерді қоюды, қоймағандарға айыппұл салу керектігін ескертті. Комиссия отырысында жазғы шомылу кезеңінде су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Өткен жылы облыста 54 адам суда төтенше жағдайға ұшыраса, оның 41-і суда құтқару қызметінің көмегімен аман қалған. Өкінішке орай, 13 адам суға кеткен, олардың үшеуі бала. Суға кеткендердің бесеуі Талас ауданынан, үшеуі Тараз қаласынан, екеуі Жамбыл ауданынан, қалғаны Қордай, Шу, Сарысу аудандарынан. Негізгі себеп, мас күйінде шомылу және шомылу ережесін сақтамау. Баланы қараусыз қалдыру да қайғылы жағдайға алып келген. Облыстық ТЖД Суда құтқару қызметінің басшысы Марат Нұржанов шомылу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстарға және атқарылуға тиісті шараларға тоқталды. Ең көп суға кету оқиғасы тіркелгендіктен, Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев онлайн байланысқа шығып алдын алу шаралары туралы айтты. Облыс әкімі облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбековаға оқушылар жазғы демалысқа кетпей тұрып олармен, ата-аналарымен шомылу қауіпсіздігі туралы әңгімелесуді, ал облыстық ІІД басшысының орынбасары Берік Құтбаевқа су айдындарында полиция қызметкерлерінің тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Жиын соңында комиссия отырысының шешімі қабылданды.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді