«Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара. Жол, шын мәнінде, өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында экономиканың күретамыры саналатын жолға осындай баға берді. Елбасымыз өзі ұсынған бес халықтық реформада индустрияландыруға ерекше көңіл бөлді. Еліміздің экономикасы қарыштап дамуына байланысты бұл салаға жыл сайын мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлінуде. Жаңа жолдар салынып, бұрынғылары жөндеуден өткізілуде. Облысымызда бұл іспен шұғылданатын мердігер компаниялар қатары көбейіп келеді. Құрылыс жүргізу үшін әуелі қуатты техникамен қатар құм, шағал, қиыршықты тас және асфальт қажет. Тараздағы «Katsa» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2009 жылы осындай құрылыс материалдарын өндіру және жол жөндеу мақсатында құрылған болатын. Кәсіпорын кейінгі кезде мектеп және балабақшалар үшін жиһаз жасауды да қолға алды.
Тұтынушылар бәсекеге қабілетті, сапалы өнімді ғана сатып алады. Сондықтан да серіктестік шығарылатын тауарларының сапасын жақсарту жолындағы ізденістерін бір сәт те бәсеңдеткен емес. Автомобиль жолдарында ауыр салмақты техника көптеп жүретін болды. Олар орта жөндеуден өткізілген жолдардың өзін қысқа мерзімде бүлдіріп, жарамсыз етіп тастайды. Сондықтан да «Katsa» бес жылдан бері шағалды мастикалық асфальтбетон қоспасын шығаруды қолға алды. Соңғы жылдары Таразда күрделі жөндеуден өткізілген Абай және Жамбыл даңғылдарына серіктестікте шығарылған шағалды мастикалық асфальтбетон қоспасы қолданылды. Мұндай жабынды ауыр салмақты көліктерге ұзақ уақыт төтеп береді әрі су өткізбейді. Кәсіпорын шығаратын өнімді бүгінде Байзақ, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас аудандары мен Тараз қаласындағы мердігерлер тұрақты сатып алады. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанын салған бірқатар мердігерлер жуылған құм, қиыршық тас, шағал және асфальтбетонның бір бөлігін осы компаниядан алған. «Katsa» – әлеуетті, әрі ірі кәсіпорын – «Айя сервис» ЖШС-мен көп уақыттан бері тығыз байланыста жұмыс істейді. Қазір Тараздағы Ы.Сүлейменов көшесін күрделі жөндеуден өткізіп жатқан «Айя сервис» ЖШС шағалды мастикалық асфальтбетон қоспасын осы серіктестіктен алуда. Кәсіпорындағы 20 адам және 10 бірлік техника тұрақты ағымдағы жөндеумен шұғылданады. Олар мемлекеттік сатып алу конкурстарында Абай, Жамбыл, Төле би, Пушкин және Балуан Шолақ көшелерінде ағымдағы жөндеу жүргізу жұмысын ұтып алуда. Компания Таразда жылына 25 мың шаршы метр жолды ағымдағы жөндеуден өткізеді. Серіктестіктің ауласындағы 3 асфальт зауыты толық қуатында жұмыс істегенде тәулігіне 1,5 мың тонна асфальтбетон өндіреді. Зауыттар тапсырысқа қарай жылына орта есеппен 100 мың тоннадан астам асфальт шығаруда. Жамбыл ауданының аумағында құм, шағал және қиыршық тас өндіретін карьері бар. Онда 50 адам еңбекпен қамтылған. Жалпы, мұнда тұрақты 130 адам жұмыс істейді, жазда олардың саны 180-ге дейін жетеді. Ең төменгі жалақы – 55 мың теңге. Орташа жалақы 70 мың теңгені құрайды. «Katsa»-ның жұмысы жазда қызады. Кәсіпорын жылына 1 миллиардқа жуық теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетеді. Жұмысшылардың жалақысын уақтылы төлейді. Өздерінің есебінен жолшыларға күнделікті тегін екі мезгіл тамақ береді. – Қазақстандық үлес – экономикамызды қарыштап дамытудың бір тетігі. Сондықтан да біз оған ерекше көңіл бөлеміз. Біз битумды және минералды ұнтақты ел аумағынан аламыз. Жалпы, қазақстандық үлес кәсіпорында 95 пайызды құрайды. 2013 жылы ИСО-9001 халықаралық сапа менеджменті жүйесін енгіздік. Мұның өзі тауарларымыздың кедергісіз өткерілуіне игі ықпалын тигізуде. Ауламызда соңғы үлгідегі зертхана бар. Асфальт зауыттарында шығарылатын өнім күнделікті тұрақты сынақтан өткізіліп тұрады. Жолшыларымыз қыста да жұмыспен қамтылған. Олар осы мезгілде техника жөндейді және құрылыс материалдарын әзірлейді, – дейді «Katsa» ЖШС директоры Қайрат Жұмашев. Жұмыстың өнімді әрі нәтижелі болуы мамандардың біліктілігіне байланысты. Сондықтан да компания басшылығы жастарды тәрбиелеп, олардың тұрақтап қалуына ерекше көңіл бөледі. Әркімге жалақы еткен еңбегіне қарай төленеді. Осындай игілікті істің басы-қасында қашан да бас инженер Бектас Әбдірахманов, өндіріс басшысы Мұраталы Абашов жүреді. Әрдайым өз міндеттеріне сергек қарайтын, уақытпен санаспай жұмыс істейтін білікті мамандар – операторлар Серік Ыстыбаев, Қалдан Тұрсынбеков және Медет Әбдірахманов асфальтбетон зауыттарын ырғақты жұмыс істетуге өздерінің сүбелі үлестерін қосып жүр.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді