«Ерлер соғыста жаумен арпалысса, біз тылда жаужұмыр тердік»
- author «Ақ жол»
- 5 мамыр, 2015
- 479
Сірә, сұм соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ шығар. Қаншама жеткіншектің балалық шағын, бозбала мен бойжеткеннің жастығын ұрлады. Қариялар зейнет көрер шақта бейнет тартты. Жас келіншектер босаға аттамай жатып жесір қалды. Солардың бірі – менің анам Райхан Байғожаева еді.
Анам сол бір зұлмат жылдарда тартқан азабы жайында көп әңгімелейді. Онысы, әрине, жастар тоқшылықтың, бейбіт күннің қадірін түсінсін дегендегісі. Мұны біз бала болсақ та, жан жүрегімізбен сезінетінбіз. Соғыс туралы айтқанда, шешемнің жанары жастан құрғамайды. Тап бір сол сәттерді қайтадан бастан кешіріп жатқандай, күрсініп, көп қиналады. – 1940 жылы Сейдуалы Сыпатаев деген жігітке тұрмысқа шықтым. Шаңырақ көтергенімізге 6 ай толғанда ол майданға аттанды. Оның артынша інісі Сейітқалы кетті. Сол кеткеннен екеуінен де хабар-ошар болған жоқ. Қара қағаз келмеген соң, өлді деуге, көңіл құрғыр иланбайды. Қолымда балам жоқ әрі жаспын. Ондай әйелдерді алыс жаққа, қиын жұмыстарға жіберетін. Шу қаласында 112 деген разъезд болды. Сол жерде жұмыс істедім. 12 әйел сексеуіл жинап, вагонға тиейміз. Кейін бәрімізді тоған қазуға жіберді. Сонда ғой, кетпен қата тиіп, аяғымды жарақаттап алғаным. Қан саулап тоқтамай, киіз күйдіріп басып, жаным қалған, – дейді анам. Анамның аяғындағы жарақаты жазылғанмен, үлкен тыртық қалыпты. Арада қанша жыл өтсе де, сол тыртық кетпеді. Бұл да соғыстың салған жарасы. Жүректе қалған қорқынышы мен сызы одан да ауыр еді. – Ерлер соғыста жаумен арпалысса, біз тылда жаужұмыр тердік. Ол – құмда өсетін тамыр жемісті өсімдік. Соны жинап, үкіметке өткіздік. Өзегіміз талып, қарнымыз ашқанда жаужұмырды отқа қақтап жеп, күнелткен күндер де болды. Маған сол бір күндер тапжылмай, тастабандап тұрып алғандай көрінетін. Қашан соғыс аяқталады деумен кірпік ілмей таң атыратынбыз. Соғыс бітті. Тірі қалғандар елге оралып жатты. Ерімнен бір хабар күтіп, тағы екі жыл жүрдім. Келмейтініне көзім жеткен соң, төркініме кетпек болдым. Күйеуімнің әпкесі Нүрпия: «Ағамның көзіндей көріп жүруші ем, енді сенен де айырыламыз ба?» – деп өзімнен 30 жас үлкен қайын ағама қосты. Ол кісімен 35 жыл бірге тұрдым. Одан кейін сен келдің өмірге, – деп қайырады әңгімесін. Әкем Тілеш Байғожаев ұзақ жылдар бойы Мойынқұм ауданындағы Жамбыл совхозының жылқысын бақты. Содан ба, көпшілік оны «Жылқышы ата» дейтін. Стахановшылар жарысына қатысып, жүз биеден жүз құлын алып, Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Лениннің 100 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталған. Еңбек адамына деген құрмет-ізет бөлек қой қашанда. Бүгінде Жамбыл ауылында бір көше әкемнің есімімен аталады. Әкем 1965 жылдары зейнетке шықты. Бірақ, ұзақ жыл ат үстінде жүргендіктен үйде қарап отыра алмады. Шу өзенінің жағасында совхоздың биелерін байлады. Анам қымыз ашытты. Анамның жылқының терісін илеп, дайындаған сабасында ашыған қымыздың дәмі ерекше еді. Бал татыған қымызы үлкен сұранысқа ие болып, совхоз лагерінде сатылып, бюджетке кіріс түсіріп отырды. Кейін осы еңбегін ескеріп, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Әкем 1980 жылы өмірден өтті. Анам қазір Тараз қаласында менің қолымда тұрады. 6 жиеннен көрген 9 шөберенің бал қылықтарын қызықтап отыр.
Күләш Тілешова, зейнеткер, мұғалім.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді