«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өшпес ерлік өнегесі

Өшпес ерлік өнегесі
Автор
Тамыз айы басталысымен төтеншеліктердің есіне Байзақтағы жарылыс түседі. 2021 жылдың тамыз айында еліміз үшін қасіретке толы қаралы күн болған еді. Байзақтағы жарылысқа биыл төрт жыл. Бүгінгі санымызда бейбіт күнде отқа оранып қаза болған өрт майданының жауынгерлерін сөз етпекпіз.

Тағы да жылдар өтеді. Ұрпақ ауысады. Дегенмен бұл қаһармандардың есімі мәңгі ұмытылмайды. 2021 жылдың 26 тамызы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелері қызметкерлері үшін өмір бойы есте қалды.

Бұл күні өрт сөндіру ұжымы он адамнан айырылды. Төтенше жағдайлар қызметі өз ісінің кәсіпқойларынан, әкелер ұлдарынан, аналар күйеулерінен, балалар әкелерінен айырылды. Олар өздерінің қызметтік міндеттерін соңына дейін абыроймен орындап, нағыз батырлар болып қаза тапты. 49 жауынгер әртүрлі дәрежеде жарақат алды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тамыз айының басынан бастап ерлікпен қаза болған он батырды еске алу шараларын өткізуді бастады.

ЖҮРЕКТЕ МӘҢГІ САҚТАЛАДЫ

Мейіржан Айманов 1976 жылы 17 шілдеде Тараз қаласында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 1995-2021 жылдар аралығында қызмет атқарған. 26 тамыз күні Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс ауылдық округінің Үшбұлақ стансасынан үш шақырым жерде ҚР ҚМ №28349 әскери бөлімінің аумағында оқ-дәрі қоймасынан шыққан өртті сөндіру барысында ерлікпен қаза тапты.

Батырларымыздың ерлік істерін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында дүйім жұртты дүр сілкінткен оқиғаға аз-кем тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Аталған әскери бөлімде өрт оқиғасы туындағаны жөнінде хабарлама келіп түскен сәттен төтенше жағдай орнына күштер мен құралдарды тарту жоспарына сәйкес 114 адамнан құралған жеке құрам аттанған. Гарнизон бойынша жоғары дәрежелі шақыру жарияланған. Сағат 19:15-те оқиға орнына жеткен алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері қойманың лапылдап жанып жатқандығын байқаған.

Бастапқы кезеңде от жауынгерлері құрылыстың қақпалары арқылы лафеттік оқпандармен су беру жұмыстарын жүргізеді. Алайда бұл өрт сөндіру тактикасы оң нәтижеге әкеле қоймаған. Дегенмен өрт сөндірушілердің мақсаты өртті жою болғандықтан демде суы таусылған, өрт сөндіру автокөліктерін қайта су толтырып келуге жұмсап, одан әрі өртті сөндіру жұмыстарымен жанұшыра айналысқан. Тіпті өз бастарына төніп тұрған қауіпті де ойлауға мұршалары келмеген.

Дәл осы өрт оқиғасының бел ортасында азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Айманов жігіттерді бір сәтке де жалғыз тастамай, бастан-аяқ бірге болып, өрт сөндіру және адамдарды қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарымен айналысып жүрген сәтінде орны толмас қазаға ұшырады. Дегенмен Мейіржан Қақпасынұлының сауатты іс-әрекеті мен асқан қайсарлығының арқасында Тараз қаласындағы 3 елді мекеннің 710 тұрғыны эвакуацияланды.

Яғни, Мейіржан секілді халықтан шыққан адал ұлдардың арқасында апат орын алған аумақтағы елді мекен тұрғындары аман қалды.

Мейіржан Айманов қызмет барысында өзін үнемі тек жақсы қырынан көрсетті. Ол тек өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарына белсенді қатысып қана қоймай, өрт сөндіру және құтқару спортын дамытуға да үлес қосатын. Мейіржан Айманов бұған дейін бірнеше күрделі өрттер мен төтенше жағдайлар орын алған аумақта жұмыс атқарды.

2012 жылы ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Ордабасы ауданының елді мекендерінде су басу салдарын жою үшін жіберілген жинақтық жеделқұтқару тобына жетекшілік етіп, суды сорып шығару, тұрғындарды құтқару және құнды мүліктерді аман сақтап қалу жұмыстарын ұйымдастырды. Осы әрекеті үшін М.Айманов су басу салдарын жоюға белсенді қатысқаны үшін, ҚР ТЖМ 2012 жылғы 26 сәуірдегі №222 ж/қ бұйрығымен «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» кеуде белгісімен марапатталды. Ал 2016 жылдың 3 сәуірінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар комитетінің сол кездегі төрағасы, азаматтық қорғау полковнигі В.Беккердің шұғыл тапсырмасымен Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінен Солтүстік Қазақстан облысына авариялық-құтқару және өзге де кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін жалпы саны 30-дан астам адам және 4 дана техника, лай суды сорып шығаруға арналған 2 мотопомпа секілді күштермен және құралдармен аттанады. Жауынгерлік есепті Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесінің бөлім бастығы Мейржан Айманов бастап шыққан болатын.

Жамбыл облысының құтқарушылары Солтүстік Қазақстан облысындағы су басқан елді мекендердегі төтенше жағдайларды жою бойынша жұмыстарын жүргізді. Аталған құтқару тобы Петропавл қаласынан шалғай орналасқан елді мекендерде, яғни Аққайың ауданы, М.Жұмабаев ауданындағы Бейнеш ауылы, Степное ауылы, Тимирязевка ауданы және аудан орталығында кезек күттірмейтін жұмыстар атқарды.

Өрт сөндіруші құтқарушылар күрделі жағдай орын алған аумаққа бөліне жұмыс атқарды. Жұмыс барысында Жамбыл облысының құқарушыларымен 111 мың кубтан астам су сорып шығарылып, жағалауды бекіту үшін 800-ден астам қапқа құм толтырылды, сондай-ақ 2 шақырымнан астам аумақтағы арналар тазартылды. Су басу аймағынан 18 адам құтқарылды. Міне, осындай халық игілігі мен адамдардың амандығы үшін, құнды мүліктерді құтқару жолында есіл ер Мейіржан Айманов 2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы, Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі өрт оқиғасы кезінде өзгелердің өмірін сақтаймын деп жүріп өмірден өте барды. Артында асыл жары жесір, 5 баласы әкесіз жетім атанып, ата-анасы мен бауырлары қайғыдан қан жұтып қала берді.

Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік есебі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, марқұм Мейіржан Аймановқа Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» бен «Отан ордені» тапсырылды.

СОЛ КҮНГІ СОҢҒЫ КЕЗЕКШІЛІК...

26 тамыз күні Байзақ ауданында орын алған оқиға орнына бірінші келгендердің қатарында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің Кезекші өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау подполковнигі Александр Микропуло болды. Александр Николаевич азаматтық қорғау органдарында 1995 жылдың мамырынан, ал атқарып отырған лауазымында 2016 жылдың ақпан айынан бері қызмет атқарып келді. Ол азаматтық қорғау органында қызмет атқару барысында бірнеше рет табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды жою барысында бөлімшелерге басшылық етіп, оның нақты әрі дұрыс шешімінің нәтижесінде төтенше жағдай аймағында қалып қойып, көмек қолын созған бірнеше жанның өмірін арашалады.

Міне, осындай Александр Микропулоның тікелей қатысуымен орын алған кәсіби шеберлігін айқындай түсетін осындай бір-екі оқиға бойынша аз-кем тоқталып өтсек артықтық етпес. Сондай-ақ 2017 жылы 8 қыркүйекте сағат 14:30-да Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесіне карасты «101» телефон нөміріне мекенжайы Тараз қаласы, Абай көшесіндегі №133 үйдегі №37 пәтерінде өрт оқиғасының орын алғандығы туралы хабарлама келіп түскен.

Дабыл белгісі бойынша өрт орнына Тараз қаласы өртке қарсы қызмет гарнизонының шығу кестесіне сәйкес жоғарғы рангілі шақыру бойынша (БИС-1) өрт сөндіру кезекшілік қызметі өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі А.Микропулоның басқаруымен күштер мен құралдар бағытталды. Шақыру орнына жете салысымен жағдайды анықтау кезінде бес қабатты үйдің үшінші қабатында орналасқан төрт бөлмелі пәтерде тұрмыстық заттар мен жиһаздардың лапылдаған өртке оранғаны, салдарынан заттардан улы иіс бөлініп, аталған подъезде тұратын тұрғындардың өміріне де айтарлықтай қауіп төндіреді.

Туындаған жағдайды жылдам әрі дұрыс бағамдап үлгерген А. Микропуло газ-түтіннен қорғау қызметі буынының жұмысын тез арада ұйымдастырып, оны өзі басқарып, өрт ошағына өрт сөндіргіш заттарды терезе және балкон ойықтарына қол сатыларды орнату арқылы беру жөнінде бұйрық берген.

Көзге түртсе көргісіз қалың түтін тұмшалаған ортада газтүтіннен қорғау қызметі буынының жұмысын сауатты басқарған азаматтық қорғау подполковнигі А. Микропуло 4-ші және 5-ші қабаттарда орналасқан пәтерлерге кіріп, үш жас баланы құтқарып, жеке құрамға үлгі болатындай ерлік танытқан.

Сонымен қатар төрт тұрғынды қауіпсіз орынға көшірген. А. Микропулоның кәсіби дағды-машықтарының арқасында медициналық көмек көрсету қызметі келгенше құтқарылған балаларға дәрігерге дейінгі алғашқы жәрдем көрсетіліп, психологиялық тұрғыдан да көмек берілген. Тағы бір айта кететін жайт, А. Микропуло өртті сөндіруді сауатты ұйымдастырып, күштер мен құралдарды дұрыс орналастыру нәтижесінде өрт қысқа уақыт ішінде сөндіріліп, тілсіз жау көршілес пәтерлерге жайылмаған.

Салдарынан үй тұрғындары құтқарылып, материалдық құнды заттар өрттен аман қалып, қауіпсіз орынға көшірілген. Өрттің осындай тиімді әдіспен сөндірілуіне басшылық еткен азаматтық қорғау подполковнигі А.Микропулоның жоғары кәсіби біліктілігі және оған қосымша жасаған дербес ерлігі арқылы қол жеткен еді. 2019 жылғы 27 ақпанда 06 сағат 21 минутта Тараз қаласы, «Мыңбұлақ» шағынауданы (9) № 62 үй мекенжайында орналасқан көп пәтерлі тұрғын үйде жарылыс орын алғандығы туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына дабыл белгісі бойынша Тараз қаласының гарнизонының шығу кестесіне сәйкес жоғары шақырту бойынша тиісті күштер мен құралдар жөнелтілді. Сол күні кезекшілікте жедел кезекші А. Микропуло да болды, ол жеке құраммен бірге оқиға орнына алғашқылардың бірі болып келді.

Оқиға орнына келген бойда өрт сөндіру жетекшісімен № 3 жоғары шақыру жарияланды. Күрделі жағдайды және тәуліктің қараңғы уақытын, сондай-ақ құрылыс нысанының беріктігін ескере отырып Александр Николаевич бірнеше бағыттар бойынша бар бөлімшелердің тактикалық мүмкіндіктерін сауатты пайдалана отырып бір уақытта келесі жұмыстарды ұйымдастырды: жану ошақтарын сөндіру, осы үйдің тұрғындарын қауіпсіз аймаққа толық көшіру, қиранды ішінен зардап шеккендерді іздеу және шығару.

Осылайша, білікті және дұрыс жүргізілген әрекеттердің нәтижесінде апат орын алған үйдің үш тұрғыны құтқарылып, медицина қызметінің қызметкерлеріне тапсырылды. А. Микропуло сеніп тапсырылған күштер мен құралдарды сауатты басқаруының арқасында 135 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 3 адам құтқарылды. Александр Николаевичті көбісі «Николаевич» деп атайтын.

Николаевич үшін 2021 жылдың 26 тамыз күнгі кезекшілік соңғы кезекшілік болды, ол оқиға орнында қаза тапты. Ол өте позитивті, мейірімді және жарқын кісі еді. Бөлімшенің барлық жеке құрамы оны сағынышпен еске алады. Александр Николаевичтің артында Саша ұлы қалды, ол өз өмірін өртке қарсы қызметпен міндетті түрде байланыстыратынын айтып отыр. ОРНЫ БӨЛЕК ОТ ЖАУЫНГЕРІ ЕДІ 26 тамыздағы қайғылы оқиғаның салдарынан өрт сөндірушілер ұжымы тағы бір керемет жаннан айырылып қалды.

Қызметтік борышын орындау кезінде облыстық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушіқұтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Тәңірберген Төребеков ерлікпен қаза тапты. Ол азаматтық қорғау қызметінде 2004 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатқан болатын. Көзі тірісінде көптеген жас жігіттердің тәлімгері болды, кәсіби өрт сөндірушілердің үлкен бір буынын тәрбиелеуге айтарлықтай үлес қосты. Барлығы оны «Толик тәте» немесе «Толик аға» деп атайтын.

Ол әрқашан қиын кезеңдердің барлығында алдыңғы қатардан табылатын. Ол өз жұмысын жанындай сүйетін еді. Өзінің батырға тән аңғалдығы өзіне жарасып-ақ тұратын. Ешкімнің көңілін қалдырмай, барлығына бірдей көмегін тигізуге асығатын адал жан еді. Ол бұған дейін өзінің ерлігі мен батырлығын бірнеше рет көрсетіп те үлгерген болатын. Мысалы, 2018 жылдың 11 мамырында 07 сағат 29 минутта «101» телефонына Тараз қаласы, Төле би көшесінде болған 9 қабатты үйдегі өрт туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 2 бөлімшесі және бір АЛ-32 автосатысы жөнелтілген. Сол күні Тәңірберген Төребеков те кезекшілікте болатын.

Оқиға орнына келіп жеткен от жауынгерлері шұғыл жүргізілген барлау жұмыстарынан 4-қабаттағы қоймада өрт орын алғанын анықтайды. Өрт сөндірушіқұтқарушылардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып атқарған үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында автосаты көмегімен жоғарғы қабаттардан 3 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылады. Атап айтқанда, өрт сөндірушілер 38 адамды қауіпсіз жерге көшірген. Олардың 12-сі балалар болатын. Жалпы, өртті сөндіруге жеке құрамнан 11 адам және 4 бірлік техника жұмылдырылды. Сонымен қатар «1 Б» оқпаны қолданылды және газ-түтіннен қорғау қызметінің 1 буыны ұйымдастырылды.

Сондай-ақ бұл уақытта оқиға орнына өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметі мен жедел жәрдем көлігі де келіп жеткен еді. Жедел жәрдем мамандары 4 азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, олардың жағдайын медицина қызметкерлері қанағаттанарлық деп бағалап, зардап шеккендерді үйлеріне жібереді. Өрт аумағы 5 шаршы метрді құраған. Нәтижесінде өрт 07 сағат 42 минутта ауыздықталып, 07 сағат 45 минут ішінде жойылды. Міне, осы өрт оқиғасының бел ортасында жүрген Тәңірберген өзін дәл осы жолы да жоғары дәрежедегі маман ретінде таныта білді. Тағдырға не шара?!

Әлі күнге дейін ол көзкөргендердің есінде адал, ақкөңіл адам болып қала берері сөзсіз. Артында қалған 3 ұлы мен әріптесері үшін ғана емес, Төребек елі үшін ең басты қаһарман болып қала бермек.

АҚТЫҚ АПАТ, АҚЫРҒЫ АРПАЛЫС...

Өрт сөндірушілердің жұмысы – бұл өзге жандарды құтқару барысында өз өмірі мен денсаулығына кез келген уақытта қауіп төнуі ықтимал аса бір күрделі мамандық. Аталған мамандықта қызмет атқаратын жігіттер өзгелерден батылдық, ержүректілік және жауапкершілікті толық сезіне білу секілді қасиеттерімен ерекшеленеді. Олар әрдайым қайсарлық мінез қалыптастырып, физикалық тұрғыдан өздерін үнемі дамытып отыратыны айтпаса да белгілі. Себебі олар кез келген сын сағат соққанда өзгеге көмек қолын созуға дайын болуы қажет.

Бүгін біз сіздерді Байзақ ауданындағы әскери бөлімде орын алған апатта ерлікпен қаза тапқан Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің Тараз қаласының №4 Өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты Әділет Қанатбекұлының бұған дейін атқарған еңбегімен таныстырмақпыз. Әділет 2015 жылдың тамыз айынан бастап азаматтық қорғау органдарында жұмыс атқарған еді.

Қызмет өткеру уақытында ол өзінің қызметтік міндеттерін сапалы, уақытылы және толық деңгейде орындай білетін сауатты маман ретінде көрсете білді. Әділет Қанатбекұлының батылдығын айғақтай түсетін өрттердің бірі Тараз қаласындағы резіңке дөңгелектер жинайтын қоймадағы өрт оқиғасы болатын. «101» телефонына облыс орталығы Мәмбет батыр көшесінде өрт оқиғасы орын алғандығы туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары шұғыл жөнелтілген.

Бөлімшелер шақырту орнына келгеннен кейін жалпы ауданы 250 шаршы метр болатын қойма қызыл жалынға оранғандығы анықталған. Сондай-ақ өрттің көршілес орналасқан өзге нысандарға жайылу қаупі туындаған. Ал бұл оқиға өз кезегінде адам өміріне қауіп төндіруі немесе жарақаттануына әкеп соғуы мүмкін еді. Газ-түтіннен қорғау қызметі буынының қатарында болған Әділет Әділбек бет шарпитын қызыл жалын мен көзді ашытып, қолқаны қабатын қою қара түтінге қарамастан су оқпандарын қолданып, өрттің дер кезінде сөндірілуіне үлес қосады.

Осы өртті жою барысында өрт сөндірушілердің батыл және жедел әрекеттерінің арқасында өртке жақын маңдағы қойма бөлмелері мен өндірістік аймақтың шаруашылық объектілеріне тілсіз жаудың таралуының алдын алып, сонымен бірге өртті жоюға, осылайша залалды азайтуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ 2020 жылдың 25 шілдесінде 21 сағат 24 минутта Тараз қаласы, Әбдібаев көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтердің өртенгені туралы хабарлама келіп түседі. Сол күні кезекшілікке түскен Әділет те жеке құраммен бірге оқиға орнына келіп жеткен. Шақыру орнына келген соң өрттің бүкіл пәтер ішіне жайылғаны анықталады.

Осыған қарамастан, А.Әділбек әріптестерімен бірге жанып жатқан пәтерге батылдықпен кіріп, адамдарды іздеу жұмыстарына кіріскен. Бақыттарына орай, пәтерде адам болмаған. Дегенмен құрамында Әділет секілді қайратты әрі епті, бойында жастық күші тасыған өрт сөндірушілердің сауатты және жедел іс-әрекеттерінің арқасында жақын орналасқан пәтерлерге өрттің жайылу қаупі сейілген.

Иә... бірақ 2021 жылдың 26 тамызы Әділеттің өміріндегі соңғы өрт оқиғасы болатынын өзі де, өзгелер де білмеді. Әділет өзінің мамандығына, Отан алдындағы антына адал болды. Ол әрдайым өз мамандығын сүйетін қайсар жан ретінде жүректерде сақталары сөзсіз.

Бұлардың әрқайсысы – батыр. Соңғы демі біткенше өз жұмыстарына адал болды. Есіл азаматтардың жатқан жері жайлы болсын!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар