«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

КӨҢІЛ ТОЛАР ТІРЛІК БАР

КӨҢІЛ ТОЛАР ТІРЛІК БАР
ашық дереккөз
КӨҢІЛ ТОЛАР ТІРЛІК БАР

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың аудандарды аралап, олардың әлеуметтік, экономикалық ахуалымен танысу сапары жалғасуда. Облыс басшысы ат басын бұрған Меркі ауданы да бар жақсысын жарқырата көрсетуге, керек жерде көмек сұрауға талпынды. Әкім әуелі Жамбыл ауылында жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан 280 орындық балабақшада болды. 15Өткен жылы қазығы қағылып, құрылысы басталған балабақшаны салуға 591 миллион теңге бөлініп, оны «Бақ Жай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске асыруда. Жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырған типтік негізде салынып жатқан нысанның басына барған Кәрім Нәсбекұлы ондағы электр, газ және кәріз жүйелерінің жүргізілу барысын сұрастырып, биылға бөлінген 482 миллион теңгені шашау шығармай, барлық талапқа сай жұмыс жасауды тапсырды. Жалпы облыс бойынша бүгінде 44 білім нысанының, нақты айтқанда 28 мектеп пен 16 балабақшаның құрылысы жүргізілуде.

Ал Меркі ауылындағы А.Асқаров атындағы орталық стадион күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне жарап тұр. 130 миллион теңгеге қайта жаңғыртылған стадионда үлкен және кіші футбол алаңшасымен қатар, өзге де спорттық жарыстарды өткізуге ыңғайланған екі қабатты ғимарат бар. Алаңшаның шеткі жабындыларын жақсылап қайта жауып, ретке келтіруді тапсырған облыс басшысы мұнан кейін ауылдағы орталық саябақты бетке алды.

16 17Онда ол Кеңес Одағының Батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлеріне арналып 16 миллион теңгеге салынған мемориалдық кешенмен танысып, сол маңға жиылған ауданның ақсақалдарымен жүздесті. Әсіресе, 93 жасқа келсе де, қажыр-қайратынан қайтпаған Бешімбай Нұрымбетов ақсақалдың арнайы қолын алып, мұндай сүйегі асыл кісілерді қашанда қадірлеу керектігін айтты. К.Көкірекбаев Батырлар рухына тағзым етіп, «Мәңгілік алау» алдына гүл шоқтарын қойды. Айта кету керек, аудан бойынша бүгінде 20 соғыс ардагері ғана қалған екен. «Жақсыдан – шарапат» дегенді еске салған ауыл ақсақалдары облыс әкіміне аудан орталығындағы көшені жөндеуден өткізіп, кеңейтіп беруге қолұшын созғанына ризашылықтарын айта келіп, енді орталық алаңды жөндеуге қарайласуын өтінді. Қашанда игілікті істен шет қалмайтын Кәрім Нәсбекұлы ардагерлердің өтінішін хаттамаға енгізіп, қажетті құжаттарды дайындауды тапсырды. Осылайша, жасы үлкендердің өтініші жерде қалмай, жүзеге асырылатын болды. Саябақта жиылған этномәдени бірлестіктердің өкілдері де тату-тәтті тіршіліктері үшін шексіз ризашылықтарын білдіріп, облыс басшысына арнап ақ тілектерін ағытты. «Соғысқа Жамбыл жерінен жетпіс мыңға жуық азамат аттанып, оның 36 мыңға жуығы ғана аман оралды. Бүгінде облыс бойынша көзі тірі 237 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Оларға құрмет көрсету шаралары жан-жақты жасалып жатыр» деді облыс әкімі. Ол сондай-ақ, ардагерлерге көрсетіліп жатқан түрлі көмектер мен ұлттар достығын нығайту шараларына да кеңінен тоқталды. Саябақтың көрікті жеріне облыс басшысы шырша көшетін отырғызды. Келесі кезекте әкім ауданның орталық ауруханасының аумағында салынып жатқан 250 адамға арналған жаңа емхананың құрылысына қайырылды. Өткен жылдан басталып, келесі жылға өтпелі бұл құрылысқа 1 миллиард 836 миллион теңге қаржы бөлінген. Мердігер компания ретінде «Тараз Құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілген. Биыл олар 381 миллион теңгенің жұмысын атқаруы тиіс. «Совет» шаруа қожалығы биыл алма көшетін жиырма гектар жерге Түркиядан әкеліп отырғызып, ауданның ғана емес, облыстың өзге аймақтарын және көрші өңірлерді алмамен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Интенсивті бақ өсіруді жіті зерделеген шаруашылық жетекшісі С.Қалманбетов «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке тамшылатып суару жабдығын алып, тиімді технологияны іске асырып отыр. Келесі жылы-ақ бұл көшеттердің өнім бере бастайтынын жеткізген Қалманбетов мырза, бес жылдан соң одан түсетін табыс мол болатынын айтты. Ал 1993 жылы құрылған «Жасыл Белес» шаруа қожалығының жетекшісі Ү.Қабылбек алғашқы жылдары тек шығынмен жұмыс істегенін, алайда, қажырлы еңбектің арқасында бүгінде миллиондап табыс тауып жатқанын айтты. Шаруашылықтың шалқыған тірлігіне көңілі толған облыс әкімі мұндай істі көпшілікке үлгі ету керектігін айтты. Сол мақсатта шаруалардың басын қосып, тірліктің көзін тапқан осындай азаматтармен пікір алмасып, ой бөлісулері үшін арнайы жиындар өткізуді аудан басшылары мен тиісті басқарма басшыларына тапсырды. «Біздің жеріміздің жағдайы бақ өсіруге, жалпы, ауыл шаруашылығы дақылдарының қай-қайсысына да таптырмайтын қазына. Таяқ ексең, тал боп шығатын құнарлы топырағымызды дұрыс пайдалана алуымыз керек. Неге осындай тамаша жерді иелене отырып, біз Қытайдың немесе Қырғыздың алмасына, басқа да жеміс-жидегіне тәуелді болуымыз керек? Барып қарасаңыздар, олардың да өсіріп отырған бағы тура осындай-ақ, артық ештеңесі жоқ. Сондықтан, біз мүмкіндікті дұрыс пайдаланатын болсақ, бүкіл Қазақстанды алмамен және жеміс-жидекпен қамтамасыз етуге Жамбыл облысының мүмкіндігі бар. Аудан әкімдері мен орынбасарлары, бөлім басшылары әрқашан ауыл-ауылды аралап, осыны халықтың құлағына жеткізіп отыруы керек. Барша халық шаруашылығын дөңгелетуге ықпал ету қажет. Ал бір өзі ондаған гектар жерді иеленіп алып, бірақ оны не өзі пайдаланбай, не өзгеге рұқсат етпей отырған азаматтардың жерлерін біріктіріп, ірілендіру керек», – деді К.Көкірекбаев. Облыс басшысының арнайы атбасын бұрып, шаруашылықтарымен танысқанына, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдау мен көмекке алғыстарын айтқан шаруалар Кәрім Нәсбекұлынан бұл интенсивті баққа бір тал алма көшетін отырғызуын өтінді. Алма бақтың тіршілігімен танысқаннан соң «Талды бұлақ» аталатын шаруа қожалығында болып, ондағы мың бас мүйізді ірі қараны бордақылау алаңын шолып шықты. Ал түс қайта әкімнің жұмыс сапары Ақарал ауылдық округіне қарасты «Ақарал» өндірістік кооперативінің жаңа отырғызылған жүзім бағы, сыйымдылығы 2000 тоннаға арналған көкөніс қоймасы мен қайта қалпына келтіріліп жатқан шарап зауытының жұмысымен танысумен жалғасты. Мұнан кейін К.Көкірекбаев Сұрат ауылдық округінің қант қызылшасын өсірумен айналысып отырған «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында болды. Серіктестік жетекшісі Қ.Шайхиев қызылша егуде жасап жатқан жұмыстарымен таныстырып, күтілетін өнім көлеміне тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттің берген субсидиясының арқасында шаруалар шығынға ұшырамайды. Қант қызылшасын өсіру көлемін жылдан-жылға арттыру керектігін айтқан облыс басшысы тамшылатып суару технологиясын жаппай енгізуді міндеттеді. Ал Андас батыр ауылындағы «Бахор» шаруа қожалығы өздері өндіріп отырған сүт өнімдерін облыс әкімінің алдына жайып салды. Елбасының ұсынысымен «Қазақстанда жасалған» акциясы облыста кең ауқымда өткізіліп жатқанын айтқан Кәрім Нәсбекұлы өзге ел тауарларынан басымдыққа ие болу үшін тауардың сапасына ерекше мән беру керектігін тапсырды. Тек сапалы өнім ұсыну арқылы ғана шетелдік тауарларды еліміздегі нарықтан ығыстыруға болатынын еске салды. Мамыр айында Қырғыз елі мен Қазақстан арасындағы кеден бекеттерінің ашылуына байланысты онда да бірқатар жұмыстар жүргізіліп, қауіпсіздік шаралары жасалуда. Аудандағы Андас батыр ауылында орналасқан «Сыпатай батыр» кеден бекетіне бұрылған облыс әкімі мұнда атқарылуы тиіс бірқатар жұмысты жіпке тізіп, арнайы комиссия құрылып, оларды қолға алу керектігін тапсырды. Атқарылуы тиіс сол жұмыстардың бірі – екі елді жалғап жатқан жол бойында жиылып қалған қоқыстарды тазартып, санитарлық тазалық жұмыстарын ретке келтіру. Мықанды ауылындағы «Олжа» шаруа қожалығы 3000 бас мүйізді ірі қараны бордақылау алаңында ұстап отыр. Қазақтың ақбас сиырын семіртіп отырған шаруашылықтың жұмысына облыс басшысы оң бағасын берді. Облыс әкімі К.Көкірекбаев жұмыс сапарын аудан активімен болған жиында қорытындылады. «Көктемнің бір күні жылға азық» демекші, осы уақытты аудан шаруалары қалай пайдаланып жатқанын көріп, танысып шықтым. Былтыр келгенде бірқатар кемшіліктерді нұсқап, оларды ретке келтіруді тапсырған болатынмын. Биыл ол жұмыстар өз деңгейінде атқарылғанын көріп отырмын. Айтылған ұсыныстар да іске асырылып жатыр екен», – деген Кәрім Нәсбекұлы жалпы аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын жеткізді. Өңір басшысымен бірге ауданда болған бірқатар басқарма басшылары өз салалары бойынша ауданда қолға алынып жатқан бастамалар мен шешілуі тиіс мәселелерді аудан активі отырысында атап айтты. Әкім айтылған ұсыныстарды, көтерілген бастамаларды, нұсқалған кемшіліктерді арнайы хаттамаға толтырылып, барлығы жіті назарда болуын тапсырды.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол». Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар