Зинакүл Қаймақованың әндерін елі естен шығармайды
«Мен білсем, Зинакүлім кейін әнші болады, қара да тұрыңдар!» – деген әкесі Қаймақ қарияның сөзі ақиқатқа айналды. Мойынқұмдық Зинакүл Қаймақова 17 жасында-ақ өз аудиториясын тауып, оларға әсем әнін тарту етіп жүрді. «Шилі өзен, қамыс-ай, бізді ойлай жүр таныс-айды» шырқап жүрген ол еңбек жолын сауыншы болып бастайды. Айыр ұстап еңбекке де кіріседі. 1965 жылы Мойынқұм ауданы құрылған тұста автоклуб меңгерушісі де болады. Өңешіне бұлбұл ұя салған Зинакүл төрт түлігі өрген алып сахараны аралап, шопан деген мәртебеге ие малшыларға музыкалық демалыс та жасайтын. Ол облыстық ән байқауында бағын сынап, I дәрежелі дипломды да еншілейді. Бұл биікке бастар баспалдақтың басы ғана еді. Сахна сәніне айналған жарық жұлдыздың жарқырауына Төрехан Нұрманбаев, Дәуіт Иманқұлов сынды ұстаздары сүбелі үлес қосты. Нақышы ешкімге ұқсамайтын Мойынқұмның «Роза Бағлановасы» ән дегенде аңсары бөлек-тін. Өнердегі өзі ұстазы санаған Роза Бағланованың барлық әнін бебеулете шырқайтын. Айналасын сұлу сазға бөлейтін. «Даусы бөлек, естіген адам елжіремеуі мүмкін емес» дейді жерлестері Зинакүлді әлі күнге мақтан тұтып. Көптеген өнер корифейлері секілді Зинакүл апай да нота сырын түсінбеген екен. Ритмге ілесу үшін үнемі еденге табанын тақылдатып тұрады. Жаңа әнді айтуға машықтанғанда табанын неше рет тақылдатуы керектігін сұрайтыны тағы бар. 1978 жылы Мәскеуде өткен ауыл шаруашылық көрмесінде қола медальды иеленген біртуар жанның осы жылдары мерейі тасиды. Репертуарын Әсет Бейсеуов, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев сынды марғасқалардың маржандарымен толтырып, жерлес композитор Садық Құнанбаевтың «Сенің бейнең» әнін Мәскеуде де әуелетті. Онысы радионың «Алтын қорында» сақтаулы. Әсіресе, «Саржайлау», «Өз елім», «Мойынқұмда» әні әншінің орындауында ерекше шығатын. Өнердегі інісі ҚР Мәдениет қайраткері Біржан Толыбаев әнші әпкесін «Мойынқұмда» әнінің нағыз орындаушысы деп біледі. «Бірде сахнаға шыққан сандуғашты баяншы сүйемелдейді. Сөйтсе баянда ақау бар екен. Икем мен ырғаққа көнбеген. Оны кеш ұққандықтан, кері шегінуге болмайды. Сонда да «Саржайлау» мен «Мойынқұмда» әнін З.Қаймақова мүдірмей орындап берді», – дейді Б.Толыбаев. 1979 жылдың қазан айында Португалиядағы 15 күндік сапарда «Мойынқұм» ансамблі Лиссабон, Фару, Бежа, Фуншала, Гуар және тағы басқа қалалармен қатар Мадейра аралында өнер көрсетеді. Алғашқы концерт Варселош шаһарында басталып, театр, спорт зал, ашық алаңдағы сахналарымен жалғасты. Бас-аяғы 12 концертке көрермен болған португалдықтар Мейрамкүл Мұқашева, Ғалима Сейілханова, Ботагүл Тұрғынбаевалармен бірге Зинакүл Қаймақованың өнеріне тәнті болып, құрмет пен қошемет көрсетеді. Ол онда да «Мойынқұмда» секілді ғажап әндерді шырқады. Португалияның «Аванте» газеті мен өзге де басылымдар сол кезде Зинакүлдің өнерін бағалап, мақалалар жазды. Ол саналы ғұмырында «Ерен еңбегі үшін» медалінен басқа марапатқа ие бола алмады. Өкініштісі де сол. Әйтпесе, әндерін құйқылжыта шырқағанда құлақтың құрышын қандыратын ерекше дауысты әнші қандай да құрметке лайық еді ғой... Жезтаңдай әнші осыдан үш жыл бұрын бақилық болса да, мойынқұмдықтар оның әндерін әлі сағынады...
Байжан Емберді, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді