«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еменнің иір бұтағы

Еменнің иір бұтағы
ашық дереккөз
Еменнің иір бұтағы

Ол туралы жазу маған әрі қиын, әрі оңай. Қиын болатындығы бұл мақаламның басты кейіпкері 85 жасқа толған журналист Сағат Арынұлы көрмеген, сәлем беріп, қолын алмаған бейтаныс адам. 2013 жылы «Айқын» газетінде «Абайдың арғы беті, бергі беті» атты эссем жарияланған соң мені редакциядан іздестіріп, тұңғыш рет телефон арқылы «рахмет» айтқан кісілердің бірі осы Сәкең еді. Сол таныстықтан соң Сәкең маған мерзімдік басылымдарда жарияланған өз дүниелерін арнайы жіберіпті. Қызығып оқып шыққан ол дүниелер мені Сәкеңе жақындата түсті. «Жақындата түсті» деуім тым сыпайылық. Ал шын мәнінде өз басым әлгілерді оқыған соң-ақ олардың авторы Сағат Арынұлын сөздің тура мағынасында «Аға» атап кеттім. Жасыратыны жоқ, болмысымда үйірсектігім шамалы және жұрттың бәрін «ағалап», «көкелеп» іш тартып кететіндер тобына жатпаймын. Мен үшін шын жақын «білімділер, ақылдылар, мейірімділер, бауырмалдар және не айтса да, не жазса да ақиқаттан аттамайтын ұлтқа, оқырманға пайдалы ойы бар» адамдар. Ондайлардың қызметі, шыққан тегі, әлеуметтік жағдайы мен үшін маңызды емес. Демек, Сағат Арынұлын іш тартып ағалап кетсем, онда ол кісінің мен ұстанатын осы талаптарға сай болғандығы. Сондықтан да ол жайлы жазу мен үшін әрі оңай, әрі өз қажеттілігім. Оңайлығын енді түсіндіріп қажеті жоқ шығар. Ал егер «өз қажеттілігім» деген сөзімді оқырманға түсіндірейін. Ол – мұндай адамдардың сөзі мен өзі жайлы жазу менің өмірлік ұстанымым. Өйткені олардың жазғандары, айтқандары, ойлары оқырманға және тұтас ұлтқа қажет. Демек, менің бүгінгі кейіпкерімнің ойы мен өзін оқырманымның білгені дұрыс. Абай атқандай, «оқып біреулер қажетін табар». Қош.

БІЛІМДІНІҢ СӨЗІ – ӨМІРДІҢ ӨЗІ

Сағат Арынұлының жарияланған шығармаларын оқысаңыз оны тек «білімдінің сөзі» деріңіз ақиқат. Ал білімді сөз тек өмірдің өзінен алынады. Біз бұл күндері «данышпан» деп жүргендердің барлығы осылай істеген. Ол – ол ма, «Құдай сөзі» аталатын Ибраһим пайғамбардан бастау алған үш тармақты діндегі (иудаизм, христиандық және ислам) қасиетті кітаптар саналатын «Тәурат», «Інжіл», «Зәбүр», «Құран» кітаптарында жазылғандардың барлығы дерлік өмірдің өзі. Жаратылыстан бастап, сол қасиетті кітаптар түскен пайғамбарлар заманына дейінгі адамзат бастан кешкен ақиқаттар соларда жазылған. Оларда сондай-ақ, «он өсиет», «он жаза» айтылған. Он жаза адамзат өмірінде болғандар. Ғалымдар тілінде оларды «өмірде болған табиғи апаттар» дейді. Ең бастысы өмірде болғандығы. Ал он өсиет сондай жазаларға адамзат енді кезікпесе екен дегендіктен айтылатынын түсіну саналы адамға қиын емес. Бәріміз де пендеміз. Сондықтан ақиқатты анықтауға шорқақпыз. Сол білімсіздігімізді бір Аллаға таңып «бәрі Құдайдан» деп жалтарамыз. Өзімізді кінәлауға батылымыз жетпейді. Ал шын мәнінде Жаратушы адамға сана берген. Ол ойлау үшін, қатерлерден қорғану, сақтану үшін берілген. Демек, қатерлерден зардап шегіп, соның құрбаны болсаңыз, кінә тек өзіңізден. Осынау өмірдің бұл басты қағидасын мойындағымыз келмейді. Ал Сағат Арынұлы болса өзінің шығармаларында бізге, оқырманға сондай қатерлерге ұрынып қалмау үшін не істеу керектігін алдын ала ескертетін білімді журналист екенін түсіну қиын емес. Мәселен, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің 1986 жылғы бірнеше санында жарияланған «Сарыарқа–Бетпақдала проблемалары» атты мақаласында жазылғандардың бәрі сол кездегі осы аймақтың нақты болмыс-бітімі, көрінісі. Мұндағы жағдайдың қандай екендігі көз алдыңнан өткенде сай сүйегің сырқырап, жүрегің шаншиды. Бәлкім, мақаланы жазғанда, жазуға қажетті деректер мен дәйектерді жинағанда автор да сондай жағдайды бастан кешкен шығар. Жалпы мұнда көтерілген мәселе кейіннен «тоқырау заманы» деп таңбаланған кезеңдегі тұтас Қазақстанның бастан кешкен дерті десе де болғандай. Ол кездегі көсемдер Л.И.Брежнев пен Д.А.Қонаев өзара келісіп, Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткізу туралы уағдаласады да ақыр аяғында бұл ойды жүзеге асыру үшін атқарылған істер құнарлы жерді құртып жібере жаздады. Көсемдер 50 миллион қой дегеніміз 450 миллион «ауыз» немесе «тұяқ» екенін ойлап жатпады. Ақылға салып көріңізші, әр қойда төрт аяқ, 8 тұяқ (қой аша тұяқты), 1 ауыз болатыны ақиқат болса, осының бәрі жердегі өсімдікті «жеуші» немесе таптап құртушы. Қой шіркіннің жегенінен таптап құртатыны көп болатынын ауылда өскендер жақсы біледі. Ендеше 450 миллион жер түгін құртушы «іске кіріссе» не болатынын болжау қиын емес шығар. Бұл анығын айтсақ, Қазақстанда қылтиған шөп шығатын жер қалдырмау жоспары десе де болғандай шектен шыққан сорақылық еді. Адамзаттың алғашқы алтын бесігі - Африка кезінде жерұйық, тропика және субтропикалы аймақ болған. Оны бүгінгідей қылтанақ өспейтін бедеу далаға айналдырған сол жердегі антилопалар екенін бүгінгі ғылым толық дәлелдеп шықты. Өткен өмірдің басқаларға сабақ болар осындай ащы шындығын сол кездегі ел басшылары мүлде ескермеді. Ойланбай жоспар қуудың салдарынан негізінен қой өсірумен айналысатын Қазақстанда ол мыңдаған жылдар бойы уақ малға жайлы өріс саналып келген Сарыарқадағы жүздеген мың гектар жайылымдар енді әсте шөп шықпайтын тақырға айналып, тозып кетті. Өйткені осында шамадан тыс көп топтастырылған қой тұяғы мен бұл жайылымдар тапталып, шаңы шықты. Табиғаттың атам заманнан бергі қалыптасқан тепе-теңдігі бұзылып, оған орасан зор нұқсан келді. Осындайды өз облысынан көріп, мал шаруашылығын өркендетудің нақты жағдайға қабыспайтын теріс жолын ұстанғандардың кемшіліктерін ешкімнен қаймықпай батыл әшкерелеуге кіріскен журналист Сағат Арынұлы бар ақиқатты ел-жұрттың алдына жайып салған. Ал газетте жарияланған мұндай проблемалық мақалаға басқа емес, Қазақ ССР мелиорация және су шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Е.Аратцев ресми хатпен жауап беруге мәжбүр болыпты. Облыстық «Еңбек туы» газетінің журналисі осылайша республикалық жоғары дәрежелі шенеунік амалсыздан арнайы жауап беретіндей мақала жазса, онда бұл бұқаралық ақпарат құралының ықпалдылығын көрсететін, пайдалылығын дәлелдейтін нақты істің өзі емес пе? Бұл жерде біз «Сәкең көтерген маңызды мәселе оң шешімін тауып түзелді ме?» деген сұрақ қоюдан аулақпыз. Ол журналистің міндетіне жатпайтын және басқалар айналысатын мәселе. Басты айтпағымыз журналистің қоғамдық ой-пікірдің көреген жетекшісі ретіндегі елге, жерге жаны ашуын көрсету; яғни, әркімге және баршаға пайдалы сөз айту; орын алған кемшіліктерді көрсетумен бірге алдағы қатерлердің алдын алатындай орынды пікірді олқылықтарды болдырмауға қолында мүмкіндігі барларға дер кезінде жеткізу қажет деген дұрыс ұстанымды өзінің серігі етуі. Енді осыны біліп алған соң ойлаңызшы, аталған мәселе бүкіл Қазақстанға ортақ, орын алған кесел еді десек, соны кезінде елдің қамын ойлағандардың қаншасы дәл осы Сағат Арынұлы секілді «көзге шұқып» көрсете алды? Білмейміз. Бәлкім, ондай өткір мәселе басқа басылымдарда мүлде жазылмаған шығар. Өйткені өмірдің өзін «оқи алатын», «түсіне білетін» журналистер қашанда да азшылық болған. Иә, дәл осы мәселе төңірегінде Торғай облысының «Торғай таңы» газетінде кезінде мен де жазып, бұрынғы облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісінен сөгіс естіп, бұдан былай мұндай мәселені жазбауға «уәде беріп» әрең құтылғанмын. Өз басымнан осындай жағдай өткендіктен облыстарымыздың арақашықтығы мың шақырымнан алыс тұрса да түсінігі мен болмыс тануы, болашақты көре білуі бірдей шыққан адамның шығармасын оқу мен үшін тек қуанышты бір іс болды дей аламын. Сағат Арынұлының әр кезеңде жазылған және жарияланған қай дүниесін алып оқысаңыз да өмірдің өзі екенін бірден танисыз. Сондықтан оны білімдінің сөзі демеске амал жоқ. Біз «Айқын» газетінде Сағат Арынұлы жайлы бұған дейін жариялаған шағын мақаламызда да автордың тек қана нақты дерек және дәйекке сүйенетінін ерекше атап көрсеткен едік. Бұл жолы да сол пікіріміздің нақтылығын бір ғана жоғарыда айтылған мақала арқылы дәлелдеп бердік қой деп ойлаймын. Кейбіреулер «Сағат Арынұлы бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын журналист» дегенді айтып жүр. Мен мұндай біржақты бағаға қосылмақ емеспін. Өйткені ақиқат жалғыз болса, оны айтқан немесе жазған адамды «бірбеткей» деу жаланың өзі болып шығады. Сәкең бар болғаны өмірдің өзін, білімдінің сөзін, ащы да, тәтті де болса ақиқатты ғана айтатын журналист. Абайдың қай сөзінде «қазақ сыналмаған»? Осынау ұлт ұстазының мұрасын түсініп оқып шыққан адам бір ғана тоқтамға келері сөзсіз, ол – Абай ұлтын ең қатты сынаған адам. Жек көргендіктен емес, «жақсы болсын» дегендіктен. Демек, сын айтушылардың, сын жазушылардың ешқайсысы өзі сынаған объектісін жек көрмей тек жақсы көргендіктен, айтарын айтып, жазарын жазса пайдалы іс істегені. Меніңше Сағат Арынұлы өзінің бүкіл ғұмырын бағыштаған жазу өнерінде тек Абай мұратын, Абай жолын ұстануды мақсат тұтқан санаулылардың бірі. Ал еліне қызмет етуде осындай жолды таңдап алған адамға тек алғыс айтуға тиіс шығармыз.

«ҚЫЛ КӨПІРДЕГІ» ӨМІР

Батыс психологтары «мамандық-тардың қайсысы қатерлі?» деген сұраққа жауап беру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізгенде екі мамандық бір-бірімен бірінші орынға таласып, «қатерлі мамандық» атанған екен, олардың бірі – жаңа әскери ұшақтарды сынақтан өткізуші ұшқыштар болса, екіншісі – журналистер болып шығыпты. Меніңше, зерттеу нәтижесі шындыққа сай секілді. Олай дейтін себебім, Гомердің көзі тірісінде-ақ ежелгі гректер элитасында «Құдай жоқ» деп айта алған бірінші адам Эсхил екен. (Адамдармен соғысатын Олимп Құдайлары туралы айтылған). Ол ежелгі заманның танымал философ ақыны екенін оқырман білетін шығар. Осындай білімді адам жанынан қорықпай әлгіндей сөзді қалайша батылы барып айта алды, деген сұраққа жауап берер болсақ, онда ол дайын, ежелгі Грекияда бұл кезде демократиялы республика өмір сүрген. Афинаның билеушісі қалада тұратын барлық еркектердің пікірін біліп алып, сонан соң көпшіліктің қалауына шығатын шешім қабылдайтын болған. Осыған орай сол заманның даңқты философы Плотон демократияға «өкпе» айтыпты-мыс. Қалай десек те демократияның дәурен құрғаны сол заманғы болмыстың нақты ақиқаты. Осынысы үшін де ежелгі римдіктер гректерді жек көрген. Олар адамзатты үш топқа бөлген, жоғарыда римдіктер, дұрыс шешім қабылдай алатын халық тұрған, ортада варварлар, ал төменгі сатыда азғындаған гректер орналасқан. Гректер болса адамзатты бар-жоғы екі топқа, дәлірек айтсақ, гректер мен варварларға бөлген. Варварлар дегеніміз жаман сөз емес, бар болғаны грек тілін білмейтіндер деген мағынаны білдіретін сөз. Міне, осындай нақты демократия дәурен құрған шақта Эсхил өз басы өлімге кесілетінін ойламас та еді. Қазір демократияның әлемге таратушысы әрі жанашыры болып жүрген АҚШ-та өлім жазасы да, өмірлік түрмеге қамау жазасы да бар. Демек, кеше ғана «тоталитарлық жүйеден» шыққан елдерде шынайы демократияның «өмір қожасы» болуы мүмкін де емес. Жалпы алғанда демократиялы болсын, болмасын, дүниежүзінің бүгінгі барлық мемлекетінде «заң» деген арнайы норма бар. Оның «шеңберінен» шықсаң «тұтылғаның». Ал мемлекет билігі әрқашанда заңды өз қалауы бойынша жасайды. Бұл бізге сонау Солон патша заманынан бері белгілі. Мұндай жағдайда ақиқат осы екен деп билікке ұнай қоймайтын сөзді айту қиынның қиыны. Бәлкім, сондықтан да шығар журналист мамандығы әлемдегі аса қатерлі екі мамандықтың бірі екен. Мұны таңдап алған Сағат Арынұлы, сөздің тура мағынасында, өмірін «қыл көпірде» өткізген тұлға деуге болатын адам. Сәкең мен біздер қызмет еткен кездің денінде компартия «айтқанын» істетті. Бүгіндері де билік өзіне қарата айтылған батыл сөзге ақиқат болса да «ажырая» қарайды. Солай бола тұрса да ақиқатты айтуға келгенде білімді адам «өмірім қыл көпірдің үстінде» екен деп ойланып жатпайды. Білімі мен ақылы оны ұлт алдындағы борышын өтеуге міндеттеп шығады. Мұны өзім де бастан кешкендіктен айтып отырмын. Өкініштісі сол мұндай қоғамда әрқашанда білімсіздер мен билікке жағынып қалғысы келетіндердің ысқырығы «жер жарады». Сондайда оларға қарсы шығу, дұрысы мынау деу екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Сағат Арынұлы болса күні бүгінге дейін өзінің дұрыс сөзін айтуға келгенде Төле би абыз өсиет еткендей «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұстанымнан тайған емес. Бір заманда жаңа биліктен, жаңа қоғамнан бедел мен жұмсақ орын алып қалғысы келгендер Сәкен Сейфуллинге күйе жаға бастағанда осы Сағат Арынұлы «бұл дұрыс емес» деп шыққан жалғыздың өзі болды. Кейіннен бәзбіреулер біреуді мақтап, біреудің еңбегін соған алып беріп жатқанда да «бұл дұрыс емес, шындығы былай» деп шыққан да осы Сәкең болды. Айталық, Нұртас Оңдасынов Мәскеу билігіне ашықтан-ашық қарсы шығып, бүгінгі қазақ жерін қорғап қалмаған. Бұл істі жүзеге асырған Жұмабек Тәшенов болатын. Міне, осы ақиқатты бұрмалаушылар «көзін шұқып» тұрып көрсеткендей іс істеген бүкіл жазу саласында жүргендердің ішінде жалғыз Сағат Арынұлы болды. «Алауыздығын» ХХІ ғасырда да қоя алмай жүрген қазақтар басқасын қайтейік, тұтас ұлттың қоғамдық санасының конструкциясын жасаушы ғұлама Абай Құнанбайұлына «қиянат жасауға» дейін барды ғой. Сонда да жалпы ұлтты «ақылға шақырған» жалғыз осы Сәкең болды. Ескеретін тұс сол – қате және жалған пікірлерді тықпалаушылар билікке жақын тұрса да «жағдай солай» екен деп жасқанып жатпады ол. Бұлай деп сеніммен айта алатын себебіміз Платон, Гомерлер заманында ежелгі демократиялы Грекияда Эсхилге Олимп құдайлары жоқ деу Брежнев, Қонаев ел билеген тұста «жайылымдықтар азып кетті» деуден әлдеқайда оңайырақ болғанын өз өмірімде сезінгенімді жоғарыда нақты мысалмен дәлелдедім ғой. Тоталитарлық жүйедегі елді басқарған партия көсемдеріне «жайылымдық азып барады» деу «жоспарларың мен тапсырмаларың қате» деумен бірдей сөз болып естілері сөзсіз. Сондықтан да Сәкең жүрген жол соқтықпалы, соқпақсыз болды, ол көтерген жүк, сөздің тура мағынасында, ұлт үшін қажетті және ауыр жүк еді дей аламыз. Ол Абай көтерген қазақ жүгін бүгінгі және кейінгі ұрпаққа жақындатушы жұмысты өз мойнына алды. Иә, біз Абайды қазақтың рухани өсіп, өну жүгін көтеруші деп ғана қарастырамыз. Ол жүктің аты – ұлттық құндылық, қазақ ұлты қоғамдық санасының конструкциясы. Ол конструкцияда адамзаттың шыққан тегі бір екені, қазақ үшін бірін-бірі дос көруі басты шарт екендігі баяндалған. Міне, осы жүкті көтеріп шыққан Абай кейінгі ұрпақтан соның «пайдасын көрер» деп үміттенген. Амал не, ұлт ұстазының ол үмітін ақтағандар тым сирек. Ол – ол ма, ұлт ұстазының өсиетіне мүлде қарама-қарсы бағытта кетіп бара жатқандар қаншама. Сағат Арынұлының бүгіндері мерзімдік бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап жүрген дүниелері сол «адасқандарға» ес салар қызметін атқару үшін жазылғанына күмәніміз жоқ. Қазақ «бірін-бірі дос көрмесе істеген істің бәрі бос». Мұны ұғынатын кез жетті. Бұл күндері пайғамбар жасынан асқан біздер ортамызда 85 жасында «ес салар» айтатын осы Сағат Арынұлы секілді ағамыз жүргеніне Жаратушы жалғызға тәубе дейміз. Иә, оны мен біздер «қыл көпір» үстінде өмір өткізіп жүргендерміз. Онымызды жақсы білеміз. Десек те басқа ақиқатты да білеміз. Ол былай дейді: исламда кешірілмейтін бес күнә бар. Соның бірі «жалған куәлік беру», яғни «көрмегенді көрдім деу, білмегенді білдім деу немесе білгенді білмедім деу, көргенді көрмедім деу». Мінекей, Сағат Арынұлы қанша жерден өмірін «қыл көпір» үстінде өткізіп жүрсе де, осынау кешірілмес күнәдан толық таза ғұмыр кешуді өмірлік ұстанымы етіп алса, мұндай жанға «Алла алдыңнан жарылқасын!» деу ғана керек шығар.

БІЗ БӨЛЕКПІЗ ӘРІ ТҰТАСПЫЗ

Мақаланың басында-ақ еске салып кеткендей, біз әлі жүздеспеген де адамдармыз. Солай бола тұрса да, бірімізді-біріміз жазғандарымызда айтылған ойларымызға орай жақын тартып кеткендіктен телефон арқылы ағалы-інілідей жиі шүйіркелесеміз. Сондайда әрқашан да көкейіндегісін бүкпесіз айтатын Сәкең маған «сен рушылдыққа онша мән бермей, жеңіл-желпі қарайсың» дейтін. Мен ағаның ондай сөзіне өкпелемеймін. Өйткені біз бөлек болсақ та тұтас екенімізді жақсы білемін. Екеуміз де еліміздің Абай мұраттарына сай өмір сүруін қалаймыз. Бөлектік жайлы мынадай бір мысал келтіре кетейін. Ол кісі елді парақорлық дерті қинап жатқанын және бұл үшін билік жауапты екенін айтады. Иә, ол – парақорлармен күресуші, ал дұрысын айтсақ, парақорларды адалдық жолына түсіргісі келетін ниетпен жұмыс істеп жүрген қаламгер. Ал мен болсам пара беруші жақпен күресуші, анығын айтсам, параны беретін қалың көпті адалдық жолына түссе екен деп еңбектенемін. Ескерте кетейін, пара алушыдан пара беруші әрқашан да көп. Яғни, қоғамымызды меңдеп алған дертке қоғамдық сана төмендігі кінәлі деп ойлаймын. Пара берілмесе алынбас та еді ғой. Байқадыңыздар ма, біздер бір бағытта қозғалып бара жатырмыз. Ол – елді есеңгіретіп тұрған пара деген дерт. Сол дертті жоюға Сәкең екеуміз екі жақтан тиіскен, бірақ бір мақсатқа шабуыл жасайтын тас түйін әскерлер сияқтымыз. Сондықтан да біздің майдан шебіміз бөлек-бөлек болса да, көздеген нысанамыз, біздің санамызды басқарып тұрған «ұлы күш» бір және тұтас. Біз сырттай бөлшек болсақ та, тұтастықтың құрамдас бөліктеріміз. Сол себепті бір-бірімізді жақын туыс, бауырдай көріп кеткен сияқтымыз. Кім осы бағытта жұмыс істесе, солардың бәрі біздің бауырымыз. Мақсат жеке бас мүддесі емес, ұлт, ел мүддесі болса, сол мүдде үшін майданның қай шебінде жүрсең де, тұтас бір ағзасың. Міне, өмір ақиқатының өзі – осы.

ТАМЫРЫ ТЕКТІ ҚАЛАМГЕР

Білімсіздік не істетпейді? Чарльз Дарвиннің «Тектердің шығуы» атты еңбегі жарияланғаннан кейін-ақ материалист-сымақтар мен дүмше діншілдердің осы уақытқа дейін созылып келе жатқан айтысы басталды да кетті. Өкініштісі сол – біздің шала сауаттылар осындайларды ХХІ ғасырда телеарналар хабарларында сөйлетіп, «қатырдық» деп жүр. Ал ақиқатқа тура қарар болсаң, бұл жерде айтысатын түк жоқ. Дарвин «адамдар маймыл тектестерден жаратылған, енді миллиондаған жылдардан кейін жердегі жәндіктер (рептилия) құсқа айналып жатса, қайран қалмау керек» десе, мұнда Құдайға қарсылық мүлде атымен жоқ. Ибраһим пайғамбардан бастау алатын діндер тармағы бойынша негіз болған қасиетті кітаптардың барлығында да Жаратушы «мен сендерді топырақтан және судан жаратпадым ба» дегенді айтады. Ақиқат осы болса, онда адам маймыл түгіл топырақтан және судан жаратылған болып тұр ғой. Демек, таластың өзі екі жақтағы таласушылардың тек білімсіздігін дәлелдейді. Ол – ол ма, материалистік ғылымның соңғы жаңалығы жер бетіндегі тіршілік атаулы азот нитраттарына қарыздар дегенді айтады. Жер пайда болғанда оның атмосферасында азот мол болған. Бертін келе жер бетіне түсетін күн қызуы көтерілген шақта мұхиттардың суы буланып, атмосферадағы азотқа барып әрекеттеседі де жерге жаңбыр тамшылары азот тыңайтқышы болып түседі. Жердегі топырақ құнарланады, сөйтіп жер тіршілігінің алғашқы түрі өмірге келеді. Жалпы алғанда материалистік ғылымды қуғандардың дінмен айтысуға да моральдық құқы жоқ. Өйткені адамға «сендерді топырақ пен судан жаратпадым ба» деп тұрған Алла баршамызға тіршіліктің бастауында материя жатқанын түсіндіріп тұр ғой. Мұны түсінбейтіндерге не дерсіз? Ал қасиетті кітаптарды түсініп оқысаңыз, онда олардың материалистік ғылымның негізі болғанын байқау саналыларға ешқандай қиындық келтірмейді. Міне, ақиқат – осы. Егер ақиқатпен жүрер болсақ, әрбір жаратылыс иесінің тіршілігінде және өмірлік қасиетінде екі негіз болады. Бірі: тек–қан, ген арқылы беріледі. Мұны медицина тілінде этиология потогенез деп атайды. Екіншісі – шыққан тектің құнары және өзің өмірге келген соң жинайтын нәрің. Адамзатта оны білім дейді. Шыққан тегі мен алған білімі жақсыдан ғана жақсы сөз шығады. Қазақтың «жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз» дегені – мүлде табиғат заңына қайшы сөз. Бүкіл адамзат тарихындағы ғұлама данышпандарды, артында өшпес із қалдырғандарды тізіп шықсаңыз, «жаманнан жақсы шықпағанын», тек жақсыдан ғана жақсы шыққанын білу қиын емес. Осындай жағдайды білетін мен Сағат Арынұлының құнарлы топырақтың жемісі екенін байқаған да едім. Болжамым адастырмаған екен. Оның әкесі Арын Айболатұлы (1882-1950) ескіше хадимше сауатты болған, айтарлықтай діни білім алған адам екен. (Атасы Айболат Орта жүздің ноқта ағасы саналатын Тарақты тайпасының ғұлама молдасы болған. Сол үшін әкесі Арын қаралы 1937 жылы «Халық жауы» деген жаламен қуғынға түсіп, адалдығының арқасында бір Құдай сақтап, сотталмай аман қалыпты). Қазақ жерінде кеңес өкіметі орнағанда өз бетінше латыншаны оқып үйренген. 29 жасында-ақ Ақмола уезінің Сораң болысында старшын қызметін атқарған. 1911-1917 жылдар аралығында Ресей патшасына қызмет еткен. Аймағына, халқына жаққандықтың белгісі шығар, кеңес өкіметі тұсында, анығын айтсақ 1918-1928 жылдар аралығында, Әулиеата уезінің Тарақты болысында тағы да старшын болыпты. Оның өз қызметіне адалдығы, халықшылдығы сол заман ақындарының жырларына өзек болса керек. Қысқасы, еліне жағымды, адал да білімді Арын Айболатұлы – бүкіл саналы ғұмырын «ат арқасында» өткізген тұлға. Ал, егер анасына келсек, ол – Сәкен Сейфуллиннің жақын апасы. Жарықтық тоғыз жасынан Құдай жолын ұстанып, тоқсан төрт жасында бақилық болғанға дейін бес уақыт намазын үзбеген тақуа жан екен. Бибі-Айша ана қазақи білімді, мейірімді және ағайын ынтымағының дәнекері бола білген. Ел-жұртқа сыйлы Бибі-Айша шешеміз әнші, сазгер әрі ақынжанды болыпты. Оның «Шамшырағы жаһанның» деп аталатын әні кезінде естіген қазақ жаттап алып, айтып жүретін игілікке айналыпты. Сол кісінің туған қайнысы Мәден жастай қайтыс болғанда шығарған жоқтауы сондай әсерлі, ел аузында әлі сақталған. Міне, Сағат Арынұлы жаратылған топырақ пен су осы. Мұнда құнар болған жоқ деп кім айта алар? Ал заманына қажетті білімді Сағат Арынұлы бақытына орай кеңестік заманда халыққа баға жетпес құндылық берген мектептер мен университетте және өз бетінше білімін толықтыру жолымен жинақтады. Қысқасы, біздің кейіпкер әділдік пен адалдықты саналы ғұмырының денін ел билеумен өткізген әкесінен, ал сөз өнерін халыққа қызмет етуге бағыттауды анасынан қан арқылы мұраға алып, оларды кеңес өкіметі тегін берген біліммен толықтырып, байытты. Нәтижесінде мен және оқырманының басым көпшілігі іш тартып, жақсы көрген халқына, еліне адал қызмет еткен Сәкеңнің жасы 21 сәуірде 85-ке келді. Қаламы қарымды ағамыздың бүкіл болмыс тұлғасын табиғаттың қара дауылынан қайыспайтын еменнің иір бұтағына теңесек артық айтқандық емес. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы еді. Алла айтқан, пайғамбарымыз бен ұлт ұстазы Абай көрсеткен адалдықпен білім жинап, халыққа мүлтіксіз қызмет етсең, Жаратушының сенен талап еткені де сол. Сағат Арынұлы солай жүрген, солай өмір сүріп жатқан сыйлы да мәртебелі ел ақсақалының бірі. Сондықтан әрқашанда халық қамын жеп, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін ағамызға ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілеймін.

Жұмабек ЖАНДІЛДИН. Алматы.

Ұқсас жаңалықтар