Ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына тоқсан жыл толды. Осыған орай Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернатында «Ғасыр тұлғасы» атты мерекелік кеш болып өтті. Шара барысында мектеп-интернатының өнерлі ұл-қыздарынан құрылған «Нұр-Ата» фольклорлық-этнографиялық оқушылар оркестрінің концерттік бағдарламасы назарға ұсынылды.
Сахна шымылдығы түрілісімен-ақ «Менің ием – қызыл жолбарысым Тілендінің ұрпағы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұрды. Ендігі оның иесі сол болады» деген дала дауылпазы, ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың монологы оқылып, көпшілікті бір тебірентіп тастады. Осыдан кейін композитордың Жамбыл жәкесіне арнаған «Ата толғау» күйі қасиетті қара домбыра шанағынан күмбірлей жөнелгені де тыңдарманға тамаша әсер сыйлады. Бұдан соң, Нұрғиса Атабайұлының «Көш керуен», «Әлқисса» күйлері қос ішектен сауылған қоңыр әуезбен көрермендердің шексіз қошеметіне ие болып жатса, «Айналайын ана», «Біздің ағай тамаша», «Саржайлау», «Біз Отанның ұланымыз», «Өз елім» секілді танымал, кең диапозонды әндері шырқалып, қонақтардың көңіл-хошын келтірді. Осылардың бәрінде мектеп-интернаттың талантты өрендері өз өнерлерін барынша жеткізуге тырысса, жеке орындаушыларды сүйемелдеп отырған, оқушылардан құралған «Нұр-Ата» оркестрінің де үйлесімді еңбегі еш кетпеді. Жүрек қылын шертіп, көңіл көкжиегін кеңейткен кеште әуелеген ән де, күмбірлеген күй де, бәрі әдемі үйлесім тапты. Ол ғана емес, мектеп-интернаттың мақтаныштарына айналып үлгерген талантты түлектері, облыстық филармонияның әншісі Құрмаш Қуанышбаев пен республикалық ән байқауларының жүлдегері Мейіржан Самылтыров та кеш барысынан табылып, әсем әндерін бебеулете шырқады. Осыған қарап, ұлы тұлға атындағы оқу орнында Нұрғиса Атабайұлының ізін жалғап, өнерін жанындай сүйетін, оның насихатшысы бола алатын дарынды шәкірттер өсіп келе жатқанын түйсіндік. Концерттік бағдарламадан соң, Алматыдан арнайы келген, Нұрғиса Тілендиев атындағы қордың директоры Оралжан Масатбек мырза сөз алып, әсерлі кештен алған сезімімен бөлісті. – Бүгін мен сондай ерекше күйде тұрмын. Осындағы талантты талапкерлердің өнерлерімен сусындап, олардың орындауындағы Нұрағамыздың теңдессіз туындыларын қайта тыңдап, зор тебіреністе отырдым. Әлбетте, бұл біртуар композитор-күйші Нұрғиса Атабайұлының шығармаларының құдіреттілігі болса, екінші жағынан осы мектеп-интернатының дарынды оқушыларының, олардың жетекші-ұстаздарының орындау шеберліктері, өлшеусіз еңбектері екені даусыз. Әсіресе, «Нұр-Ата» фольклорлық-этнографиялық оқушылар оркестріне дән риза болдым. Болашақта осы оркестрге атақты «Отырар сазы» оркестрінің жолын берсін деп тілеймін. Мен мұндағы талантты оқушылардың өнеріне қарап отырып, бұл оқу ордасы жай ғана мектеп-интернаты емес, өнер мектебі болса да жарасатынына көзім жетті. Оралжан Масатбаев келелі ойын ортаға салды. Бұл бастаманы өзгелер де мақұлдасты. Сондай-ақ, аталмыш қор директоры Бауыржан Момышұлы мен Нұрғиса Тілендиевтің жақын арақатынасы жайлы әңгімелеп, қос тұлғаның мұрасын насихаттау жолында көп жылғы жемісті еңбектерін ескере отырып, Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатының басшысы Ельмира Жақсылықованы I дәрежелі, ұстаз, «Нұр-Ата» оқушылар оркестрінің жетекшісі Құдайберген Нұрмановты II дәрежелі, қосымша білім беру педагогы Айжан Мырзахметованы III дәрежелі Б.Момышұлының 100 жылдығына арнап шығарылған төсбелгісімен марапаттады.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді