«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

МАЛ ЕТІНІҢ ЭКСПОРТЫ

МАЛ  ЕТІНІҢ ЭКСПОРТЫ
ашық дереккөз
МАЛ ЕТІНІҢ ЭКСПОРТЫ
облыстағы 2011-2015 жылдардың кешенді жоспарымен орындалуда Аймақтың аграрлық секторында мал шаруашылығы негізгі салалардың бірінен саналады. Облыс халқының және ауыл тұрғындарының әл-ауқатының жағдайы мен аймақтың өзін-өзі ет, сүт және жұмыртқамен қамтамасыз етуі, алдымен, осы саланың дамуына тікелей байланысты екені белгілі. Облыс бойынша мүйізді ірі қараның саны 2015 жылдың 1 қаңтарына 303,6 мың басты құрап, алдыңғы жылмен (300,1 мың бас) салыстырғанда, 3,5 мың басқа артты (1,2%). Қой мен ешкі саны 2 374430 басқа жетті, өткен жылмен (2 326 559 бас) салыстырғанда, 47 871,0 басқа (2,1%), жылқы саны 99,3 мың басты құрап, өткен жылмен (93,8 мың бас) салыстырғанда, 5,4 мың басқа (5,8%), түйе саны 5,5 мың басты құрап, өткен жылға (5,4 мың бас) қарағанда 1,5% өсті. Облыста мал өнімдерін өндіру жылдан-жылға артып келеді. 2015 жылдың 1 қаңтарына барлық санаттағы шаруашылықтарда тірі салмақта есептегенде, 103,9 мың тонна ет өндірілді, 2013 жылдың осы мезгілімен (95,9 тонна) салыстырғанда, өнім 7,9 мың тоннаға артты (8,3% ). Сондай-ақ, 287,7 мың тонна сүт өндіріліп (2013 жылы – 281,7 мың тонна), алдыңғы жылға қарағанда, 5,9 мың тоннаға немесе 2,1 пайызға, 108 330,8 мың дана жұмыртқа өндіріліп (2013 жылдың осы кезеңінде – 107 820,2 мың дана), өткен жылмен салыстырғанда, 510,6 мың данаға, яғни 0,5 пайызға көбейді. Мемлекет тарапынан соңғы жылдарда мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бірнеше маңызды бағдарламалар қабылданды. Солардың бірі – 2010 жылы Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген «2011-2015 жылдарға арналған ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» кешенді жоспары. Бағдарламаны іске асырудағы басты мақсат – облысымызда сиыр етін өндіруді жаңа сатыға көтеру, салада озық заманауи технологияларды енгізу, сиыр етіне болған ішкі сұранысты қамтамасыз етіп, келешекте ет экспортының әлеуетін көтеру болып табылады. Осы орайда кешенді жоспарға енгізілген «Сыбаға» бағдарламасының маңызы ерекше. Бұл бағдарламаның қолға алынғанына 4 жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт аралығында, яғни 2011-2014 жылдары мүйізді ірі қара малының 16,6 мың аналық басы мен 700-ден астам ет бағытындағы асыл тұқымды бұқа сатып алынып, үш жылға белгіленген жоспар 139,2 пайызға және 171,6 пайызға орындалды. Соның ішінде өткен жылы облыстағы шаруа қожалықтары тарапынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 3915 бас МІҚ аналық басын сатып алу жоспарланса, жыл қорытындысында МІҚ малының 4728 аналық басы мен 250 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынып, жылдық жоспар тиісінше 121 және 192 пайызға орындалды. Ал үстіміздегі жылы бағдарлама аясында МІҚ малының 5 мың аналық басын сатып алу жоспарланған. «Сыбаға» бағдарламасы басталғалы бері қаржы мекемелері, яғни «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры және «Аграрлық несие корпорациясы» тарапынан 2 миллиард 536 мың теңге, оның ішінде 2014 жылы 205,3 миллион теңге несие бөлінді. Жоба басталғалы бері облыс бойынша «Сыбаға» бағдарламасына 292 шаруа және фермер қожалықтары қатысты, яғни бағдарламаның аясында облыстағы іріленген шаруа қожалықтарының саны артуда. 2010 жылдың соңына МІҚ малының 80 пайызға жуығы жеке шаруашылықтарда, яғни ұсақ шаруашылықтарда шоғырланған болатын. Бұл өз кезегінде малдың тұқымын асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыруға кедергі болып, сондай-ақ майда тауар өндірушілердің белгіленген көрсеткіштер мен критерийлерге сәйкес келмеуінен мемлекеттік қолдау тетіктеріне қол жетімдігін төмендетті. Соңғы 4 жылда жаңадан құрылған шаруа қожалықтары есебінен МІҚ малының саны шаруа қожалықтарында 14,4 пайыздан 20,6 пайызға жетті. 2010 жылы өндірілген сиыр етінің 84,0 пайызы жеке шаруашылықтарда, ал 16,0 пайызы ғана шаруа қожалықтарында өндірілсе, 2014 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 80 және 20 пайызды құрады. Іріленген шаруа қожалықтарында өндірілген өнімнің көлемі де артып келеді. «Мүйізді ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» кешенді жоспарының ең маңызды бағытының бірі елдің қолындағы тауарлы паданы ет бағытына қарай түрлендіру болып табылады. Өткен жылы облыста тұқымдық түрлендіру үрдісіне 411 шаруа қожалығындағы МІҚ малының 26 045 аналық басы қатынасты, осы шараны ұйымдастыру үшін шаруа қожалықтары 1051 асыл тұқымды бұқа пайдаланды. Тұқымдық түрлендірумен жалпы пададағы аналық бастың 20,7 пайызы қамтылған (республика көрсеткіші 19,7% құрайды). Ағымдағы жылдың 14 маусымында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың басшылығымен өткен кеңесте шаруа қожалықтарымен бірге жұртшылықтың жеке шаруашылықтарындағы МІҚ малын тұқымдық түрлендіруге тарту тапсырмасы берілді. Бірақ, біздің облысымыздағы аудандардың басым бөлігінде яғни, Жуалы, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Шу аудандарында жекенің қолындағы МІҚ малының 80 пайыздан астамы сүт бағытындағы мал екендігі белгілі. Осыны ескере отырып, бұл шараны Талас, Сарысу, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарында жолға қою қолға алынуда. Осы орайда, бұл шараны ұйымдастыруда аудандардағы ауылдық округтердің әкімдері тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Кешенді жоспардың маңызды бағытының бірі – шетелден асыл тұқымды мал әкелу арқылы асыл тұқымды репродукторлар желісін құру. Шетелден әкелінген жоғары көрсеткіштерге ие асыл тұқымды малды пайдаланып, қолдағы малдың өнімділік көрсеткіштерін бірнеше есеге арттыру. 2012-2014 жылдары облысқа осы мақсатта шетелден 1259 бас асыл тұқымды мал сатып әкелінді. Атап айтқанда, Қордай ауданындағы «Қақпатас-Қордай» ШҚ Ирландиядан «Ангус», «Герефорд», «Байнұр» ШҚ Канададан «Ангус», «Герефорд», «Әли» ШҚ Канададан «Лимузин» МІҚ тұқымын алып келді. 2014 жылы «Афион-Қордай» ЖШС Канададан 222 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара әкелді. Бүгінде осы репродукторларда өсірілген 400-ге жуық асыл тұқымды мал төлі облыстағы тауарлы шаруашылықтарға таратылуда. Жалпы, атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде облыста асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының пададағы үлес салмағы жылдан-жылға артуда. Мысалы, биылғы жылғы 1 қаңтарға асыл тұқымды МІҚ малының саны 45,7 мың басқа жетіп, жалпы пададағы үлес салмағы 15,1 пайыз болды (республика көрсеткіші – 9,4%). Кешенді жоспармен белгіленген шаралар аясында жалпы 2012 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін облыста сыйымдылығы 14 мың басқа арналған 21 бордақылау алаңы құрылып, жұмыс атқаруда. Яғни 2010-2015 жылдарға арналған (10 000 мал орны) 5 жылдық жоспар бүгінгі күннің өзінде артығымен орындалып отыр. Соның ішінде үшеуі – әрбірінің сыйымдылығы 3 мың бас малды бордақылауға мүмкіндік беретін дамыған технологиялы, экспортқа бағытталған бордақылау алаңы. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысымызда «2011-2015 жылдарға арналған ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» кешенді жоспарын орындауға қажетті инфрақұрылым толық құрылды. Биыл жыл соңына дейін 700 тонна сиыр етін экспортқа шығаруымыз керек. Қордай ауданындағы «Бай-Нұр», «Медет» және Меркі ауданындағы «Олжа» шаруа қожалықтары жоғары сапалы сиыр етін экспорттауға дайын. Мал шаруашылығын дамыту, салаға шетел инвестициясын тарту жоспарына сәйкес, облыста 2014-2015 жылдары тауарлы сүт фермаларымен бірге жанұялық типтегі шағын мал бордақылау фермалары да құрылады. Осы орайда көптеген шетелдік іскерлермен, инвесторлармен жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, малайзиялық «Агростан фармс» компаниясымен меморандумға қол қойылды. Осы жоба арқылы облысқа 350 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады. Ол үшін Мойынқұм, Сарысу, Талас, Меркі, Шу аудандарынан мүйізді ірі қара малын өсіруге 651 мың гектар ауыл шаруашылығы жері бөлінді. Жоба бойынша 30 мың ірі қараға арналған 500 мал фермасы салынады. Бүгінгі күнде компания Меркі ауданында 3 мың басқа арналған бордақылау кешенінің құрылысын бастауды қолға алуда. Мойынқұм ауданында «Мойынқұм-Агро» ЖШС тарапынан ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығын құру бойынша үлкен жоба қолға алынуда. Оған 26,6 мың гектар жер бөлінді. Жоба аясында 20 мың бас асыл тұқымды мал сатып алынып, инвестиция көлемі 5 миллиард теңгені құрайды. Соңғы уақытта республика Үкіметі тарапынан мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар жаңа бағдарламалар қабылданды, мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері енгізілді. Атап айтқанда, 2014 жылдан бастап «Алтын асық» (қой шаруашылығын дамыту), «Құлан» (жылқы шаруашылығын дамыту) несиелеу бағдарламалары іске асырылуда. «Құлан» бағдарламасы бойынша 2014 жылы 40 шаруа қожалығы 850 жылқы сатып алды (2014 жылдың жоспары 2 есеге артық орындалды), «Аграрлық несие корпорациясы» шаруаларға 228 миллион теңге несие бөлді. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 83 шаруа қожалығы 17 228 бас саулық қой, 349 бас қошқар сатып алынып, жылдық жоспар 117,2 пайызға орындалды. Осы бағдарлама арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» 442,6 миллион теңге қаржы бөлді. Жалпы, 2014 жылы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларына облыста 180 шаруашылық субъектісі қатысты.

Аман ҚОШАМБЕКОВ, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар