«Таза жүрек» акциясы
Академик Сейітхан Жошыбаевтың бастамасы Академик Сейітхан Жошыбаевтың клиникасы. Сағат ертеңгі – 9.00. Жұмыс күні жаңа басталып жатса да, тіркеу орнында кезек тізіліп қалыпты. Қолдарына талон алғандары қабылдау бөлімінің есігін күзетіп тұр. Кейінгі келгені отызыншы болып тіркелді. «Тоғыз болмай осынша адам келді, түске дейін бұдан да көбейетін шығар» дестік біздер. Расында, түске қарай келушілердің қатары көбейе түсті. Көпшілігі 7 сәуір дүниежүзілік денсаулық күніне орай ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығында «Таза жүрек» акциясы өтетінін естіген екен. Ал кейбірі тексеруден өтпек болып келіпті. Бәріне тегін медициналық көмек көрсетілді.
Келушілер төрт кардиолог дәрігерге қаралып, электрокардиограмма, эхокардиограммаға түсіріліп, тағы да басқа құрылғылардың көмегімен тексеруден өтті. Жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандар есепке алынып, жалпы талдау жұмыстары жүргізілді. Орталық директоры Сейітхан Жошыбаев бұл шараның негізгі мақсатының өзі осы екенін айтады. Қысқасы, олар тұрғындардың денсаулық жағдайын бақылауға алып, жүрек ауруларына шалдыққан-шалдықпағанын анықтағаннан кейін, алдағы жұмыстарды жоспарламақ.
– Акцияны «Таза жүрек» деп атадық. Негізі ауруға шалдықпаған жүректі сау жүрек дейді. Сол сау адамдардың жүрегі таза ма, мәселе сонда. Пейілі кең, ниеті таза жандарға сенім арту жеңіл. Ал сенімсіздік, уайым, күйзеліс аурудың пайда болуына себеп болатын жағдайлар. Біз бүгін тексерілуге келгендерді үш топқа бөлдік. Біріншісі – сау адамдар, екіншісі – жүрек ауруына бейім жандар. Яғни, қан қысымы көтеріліп, қан құрамында қант мөлшері көбейіп кеткендер, артық салмақтан зардап шегіп жүргендер. Соңғысы – қауіп-қатер тобына жататындар, туабітті науқастар. Осы талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша алдағы жұмыстарымызды жоспарлаймыз. Аудандарды аралап, есепке алынған науқастардың денсаулық жағдайын бақылауға алып, ем-дом шараларын жүргіземіз. Елбасымыз облысымызға жасаған жұмыс сапарында біздің орталыққа келіп, заманауи құрылғылармен жабдықталған жедел-жәрдем көлігін сыйлаған. Бұл тарту біздің медициналық көмек көрсету мүмкіндігімізді арттырып отыр. Енді мамандар шұғыл жағдайда науқасқа кейбір медициналық көмекті көлік ішінде көрсете алатын болды, – дейді Сейітхан Жошыбаев.
Бұл акция тұрғындарды саламатты өмір салтын ұстануға шақырған шара болды. Мамандар тұрғындарға ауырып ем іздегенше, аурудың алдын алу жеңіл екенін түсіндірді. Артық салмақтан арылуға, дене шынықтырумен айналысып, дұрыс тамақтануға кеңес берді. Кардиологтардың кеңесін алу үшін аудандардан келгендер де бар. Осындай бастама көтерген орталық мамандарына Т. Рысқұлов, Байзақ аудандарының тұрғындары ризашылықтарын білдірді.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді