
«Сеніскен досым да жоқ, асығым да, Ақыры өлең қылдым, жасыдым да...» – Менің де мұңым ғой бұл, Абай ата! Ашыпсыз сіз... қосушы ем жасырынға. *** Жұт жылының жалмауыз қатты қысы, Боран, аяз... кіл долы қақтығысы Алмалы тау басына орнағандай... Етек жым-жырт... Ештеңе болмағандай. *** Өмірі кісілікті ойламаған, Біреу кеп ақыл айтты тойда маған: – Думан ғой мына дүние, ойнасаңшы!.. Ал менің ойыным жоқ ойнамаған! *** Құдай деген қазақтың жұрты мына, Құдайға емес, құл болған құлқынына жебірлерді басынтса – обал?.. Сауап?.. Осы сұрақ көмейде тұр тығыла. *** Жол тосса да не түрлі жаманшылық, Қатерлерден жүріппін аман шығып. Басты байлап қатерге не іздеп едім?.. Іздеппін ғой адамнан... Адамшылық. *** – Бұл ханым қыз күнінде-ақ қысылмастан, Көз сүзіп көп бастықтың мысын басқан. Қуыршақ байын үйде қызметші ғып, Басқамен басқа жерде құшырласқан! *** – О, бізде көп ақын да жыр мақталған, Жаулайтын жан-жүректі үн қатқаннан! Тек әттең!.. Қиыр кезбей туған тілдің алтынды бесігінде құндақталған. *** «Қа-ра-тау-дың ба-сы-нан...» Ән келеді, Қай ғасырда оған қай ән тең еді.?! Барын, арын арқалап алып шыққан, Бабам әні – ол жоғары мәртебелі! *** – Мені өзің де қоспассың көңілшекке... Нем бар онда бейтаныс келіншекте? – Ұқсас шығар ол мәңгі арманыңа, Мұңға айналған арманнан ардағыңа? *** Алыс заман алады кімді есіне? Қарар ма ол марапат, жүлдесіне? Оның бәрі ескірер, мәні кетер... Қалатын із тек қана мүрдесі ме? *** – Ей, залым! «Енді жүгім жеңілдейді, Күндестің көзі кетті» дегін мейлі. Біл, бірақ: Асыл ердің елде қалған, Ешқашан ақыл-ойы жеңілмейді! *** От-сезімді сол қалпы айта алдым ба?.. Әлде тағы ол ұқпай қайтармын ба?.. Мен ғана ма... сезімді дәл айтуға, Тілі жетпес періште... шайтанның да! *** Жайнап тұрсыз! Жас өмір күнісіз бе? Ұқсамайды қыздардың бірі сізге!.. Елеспісіз... әлде сіз құлпырулы, Біз көрмеген пейіштің гүлісіз бе?.. *** Деді біреу: «Ойлаумен мәңгілікті, Басым мынау, байқаймын, мәңгіріпті!..» Басын оған жай адам қатырмайды, Мәңгіліктен бишігеш әңгі үмітті! *** «Өлең жазсам – жұртқа ол ісім ұнар», Десең, шырақ, мынаны түсініп ал: Кірпіш емес шіркін сөз қалай берер, Сөздің әрі, әуені, мүсіні бар. *** Көрмекке асығамыз бәрін алдан, Ал алдың нәр мен беттің әрін алған. Тоналған, мұңға оралған бейшараға, Ұялса-ау қош айтуға кәрі Жалған! *** – Мен сені Күн шығатын тұстан күттім, Жап-жасыл жаздан, аппақ қыстан күттім. Келмедің... Қайта алауға айналар ма, Ұшқыны біз өртенген құштарлықтың? *** – Бұл ғасырда адам аз жаны жарқын!.. Келесінің көрер ме ек бағып артын?.. – Сен айтқаннан сәл-пәл көп шығар, сірә, Мына дүние әйтпесе тарылар тым. *** – Міне, сұрақ көп ой кеп байланатын: Бақытқа жарлы ма әлде бай ма жақын? – Қайсысы қанағатшыл?.. Ол жоқ болса, Жер түгіл келер түбі Айға зақым! *** Алаулы, ерке назды тілектермен, Ол от боп жүріп өткен жүректермен, Жылатқан, шаттандырған – махаббат ол!.. Қайтсе де мына өмірге тірек берген. *** – Кемпір ауру... ол кетсе, қанаттасым, Маған болар әрбір күн, әр апта сын... – Бар ғой балаң, келінің бағып-қағар? – Құдай күнді... ешкімге қаратпасын... *** Көрсетті ме бұл өмір мырзалығын? Дей алам ба: «Көрмедім бір залымын!» Бәрі болды... Тек мені жұбатқаны: Өкініштен көп екен ырзалығым! *** Көңілімді көп жағдайда жібітпеген, Тірлікте бірдеңе етіп жүріп келем. Бұл заман түсінбесе, амалым не, Ендігі келетіннен үміттенем! *** – Қояйыншы саған, дос, сыр ақтарып: Еткен үміт кеткенде жырақталып, Күйзелгенмін, білесің... Қазір енді Тәубе дейін, көбі оның жүр ақталып. *** Кетсін, тіпті, бұл елдің бәрі байып, Мына өмірге жатар-ау тағып айып. Неге?.. Мүмкін жақсылық тез жымдасып, Жамандықтар тұрар ма бадырайып? *** Ашық етек, жалаң төс салдақылық, Одан сұмдық әйелде бар ма қылық?!. Күйігінен күйеуі маскүнем боп, Бала байғұс жылайды таңды атырып. *** – Қойсаңшы бұл талғаусыз надандықты, «Бақ қонған!» деп мақтайды арамдықты. Бәлкім, әлсіз заманның зәйілі де?.. Онда келсін турашыл заман мықты! *** Құтқарған соң адамды сабылыстан, Жай тапқан ба – қалғиды қабырстан. Моп-момақан, тию жоқ көңілге де, Тоңазиды тек жүрек алып ұшқан... *** Жер жібіпті, жатыр-ау бусанғалы... Көлден ұша сала бір қу самғады... Неткен жұпар!.. Қысыңнан қысылмапты, Қарасудың, о, қайсар жусандары!.. *** – Ұры иттей боп жүретін бұрын кілең, Қазір «мықты» болғанның құнын білем! – Кісі ғұрлы көрмейсің ондайларды... Қос қолыммен қоштаймын мұныңды мен! *** «Мен осы... олаймын ба, бұлаймын ба?.. Былай ғып бастықтарға ұнаймын ба?..» – деп байғұс мың құбылған бір ойласа-ау, Назарын түсіруді Құдайдың да! *** Беттеген әулиелік есігіне, Кісінің қызмет қылар есімі де. Ісінде ізгіліктің рух берсе, Дақ түсірген кетпейді кешіріле. *** – Сабынсыз-ақ кіретін бар қуысқа, Мына қуды шідерле, тар ғып ұста! – Ойбай, мұндай көп қой, көп!.. Ал бәріне, Шідер жасап беретін қалды ма ұста?! *** – Мына дертті-ай... тағы да қамшылаған, Мен де жыққам... тек, әттең, жаншымағам. Құрысыншы сол!.. «Көзіңнің мөлдірін-ай» дейтін әнді, ей, қалқа, салшы маған! *** Алтын ұя... әлі есте ұшқанымыз... Тар бөлмеде оқушы ек қыс, жазы біз. Оқ-дәрінің исін ап кіретұғын, Сұр шинельді сұстылау ұстазымыз... *** Мақпал қара аспанда жақұт жұлдыз... Жымыңдайды бейне бір бақытты ұл, қыз! Сәтте танып біз мына ұқсастықты, Бал шәрбатын шаттықтың татып тұрмыз... *** – Құдайдың жібі түзу пендесінен, Жынға айналды тұратын өң кесірден! – Бар сыр: бұрын баланы әке өсірсе, Алпауыт ұл әкесін енді «өсірген». *** Өткенім бе ештеңе өндіре алмай, Өнбегенге көңілім көндіге алмай?.. Іште реніш, өкініш, қызған қыжыл, Қайда шабыт?!.. Ол байғұс өлді ме, Алла-ай?.. *** Жасыл ойпат, қоңыр тау, сары дала және көк су – Жердің бұл бары ғана. Глобус та доптай боп жарылар ма, Алып елдер тебіссе жанын ала?.. *** Өткен үшін алмай-ақ қасты сыбап, Дәт шыдаса қойылар басты сұрақ: Алла берген әр күннің сұрауы бар, Етпедің бе, еттің бе жасты ысырап? *** – Мен қалап мұсылмандық жол дұрысын, Беріп ем сәлем-алдым... ол құрысын!.. Сен асқан мәйманасы маймылсың-ау, Әйтпесе берермісің қолдың ұшын?! *** Тараз тартып сапарды мәңгілікке, Мүлде өзгерер, ғажайып сән кіріп те. Біз кетерміз мұнда еш болмағандай... Мүмкін... қалар бір-екі жан біліп те? *** Қалдырып тоғыз жасар жалғыз ұлды, Әкенің демі бітті, мәңгі үзілді... Сол жетім... мына мен бе қармалаған Тағдырды қараңғы һәм алды зілді?.. *** Айтса сәлем бір жігіт қаламқасқа, Сәтте жетер сәлемі – заман басқа... Сағынғаннан келді ме көзіне жас? Әлде мұздай көңілі ұқсас жалаң тасқа? *** Қанша мың жыл адамзат соғысқалы, Мүрде орнына салынып қоныстары?!. Мың тәсілі табылса шайқасудың, Тыныштықпен бір тәсіл тоғыспады! *** Төзем деп оңбағандар «назына» да, Азаптың көбіне де, азына да, Жанымды жаралаппын қан-жоса ғып... О байғұс о дүниеде жазыла ма? *** Қиналып «Япырай, дос қайда?!» деп ем, Пенде екен дейтін «Қайтсем пайда көрем?». – Бәрінен баз кешсем де, сен аман бол, Жанымның жан даусы – қайран өлең!.. *** Таңғалам: тұқым қуған әдеттен бе, Баюды бар өмірдің мәні еткенге. Арамдық жолы сайрап жатқанымен, Күнәмді кешірер деп дәметкенге...
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді