Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті аппарат кеңесінде көктемгі егіс дала жұмыстарының барысы қаралды. Ол туралы облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл қант қызылшасын 10 мың, дәндік жүгеріні 15 мың, майлы дақылдарды 93,5 мың, көкөніс дақылдарын 24,1 мың, бақша дақылдарын 9,4 мың, мал азығы дақылдарын 189,1 мың гектарға орналастырту жоспарланыпты. Сонымен қатар, ылғал-ресурс үнемдеу технологияларын 25,0 мың гектарға, су үнемдеу технологияларын 7,0 мың гектарға жеткізу межеленген. Алайда, бүгінде мұндай технологияларды енгізуде Сарысу, Талас, Меркі, Жуалы аудандары сылбырлық танытуда. Мәселен, өткен жылы Жуалы ауданы бірде-бір гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізбесе, Т.Рысқұлов ауданында 8 гектар алқапты ғана құраған.
«Биыл дихандар үшін қолайлы жыл болады деген болжам бар», – деген баяндамашы биыл өнімді көп алу жоспарланып отырғандығын айтты. Тоғызыншы сәуірге дейінгі мәлімет бойынша, 134,6 мың гектар жер айдалып, 178,6 мың гектар жер өңделіп, оның 94,1 мың гектарына жаздық масақты дәнді дақылдар себілсе, 14,7 мың гектарына көп жылдық шөп, 8,8 мың гектарына көкөніс, 7,6 мың гектарына майлы дақылдар, 15 гектар қант қызылшасы, 2,0 мың гектар бақша және 2,6 мың гектар картоп, 5 гектар дәндік жүгері тұқымы егіліп, көктемгі дала жұмыстары жалғасуда. Оған облыстағы қолда бар техникалар барынша жегілген. Биылғы жылдың үш айында елу дана жаңа ауыл шаруашылығы техникасы алыныпты. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аудандарға қант қызылшасының егіс көлемін он мың гектар алқапқа жеткізуге тапсырма берілген. Алайда аудандардың берген мәліметі бойынша облыс бойынша 7050 гектар алқапқа қант қызылшасы егіледі деп күтілуде екен. «Шу ауданында 2015-2017 жылдары көкөніс кластерін құру кешенді іс-шаралар жоспарына» сай бірқатар жұмыстар да атқарылыпты. Егін шаруашылығындағы инвестициялық жобалардың жай-күйі де баяндалды. Көктемгі дала жұмыстары бойынша аудан әкімдерінің де есебін тыңдаған облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев қант қызылшасын көбейту керектігін айтып, Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасын пайдаланып, оның жанынан алма бағын салуды және суды үнемдеп, тамшылатып суғаруға мән беру керектігін қадап айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе облыстағы «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні», «7 мамыр – Отан қорғаушы күні» және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы» мерекелеріне әзірлік барысы туралы облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова баяндады. Өңірімізде Қазақстан халқының бірлігі күнін дайындау мен оны өткізудің облыстық жоспары бекітіліп, мемлекеттік органдарға, аудандар мен қала әкімдіктеріне, оқу орындарына жолданыпты. Соған сәйкес, сәуір-мамыр айларында аудандар мен Тараз қаласында «Ел бірлігі – біздің басты құндылығымыз!», «Этносаралық келісім – Қазақстанның баға жетпес байлығы», «Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз», «Біз болашаққа бағдар алған халықпыз» және т.б. тақырыптарда мерекелік іс-шаралар, оның ішінде этномәдени орталықтар өкілдері мен жергілікті өнер шеберлерінің концерттік бағдарламалары және қолөнер көрмелері өткізілмек, ұлттар достығын бейнелейтін театрландырылған көріністер сахналанбақ. Бұдан оқу орындары да шет қалмайды. Мұндай шаралар жыл басынан бері де ұйымдастырылуда. Мәселен, бүгінгі күнге дейін өткен шараларға 39 мыңнан астам адам қатысқан. Үстіміздегі жылдың 6 мамырында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVIII сессиясын өткізу де жоспарланған. Мереке қарсаңында халықтың тұрмысы төмен топтарын, бірінші кезекте ауыл тұрғындарын, көмекке зәру және тұрмысы төмен азаматтарды, көп балалы және жалғызілікті отбасыларды қолдауға бағытталған қайырымдылық акцияларын өткізу көзделген. 6 мамыр күні Тараз қаласының орталық көшелерінде әскери парадтық киімде салтанатты шеру, 7 мамыр күні «Баласағұн» ОКЗ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Отан қорғаушы күні» мен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы» мерекелеріне арналған салтанатты жиын өткізіледі. Жиын барысында Астана қаласындағы мерекелік парад тікелей көрсетіледі.
Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының мәліметіне сәйкес, 2015 жылдың 10 сәуіріне облыста 237 ҰОС ардагері, 2326 оларға теңестірілгендер, 7067 тыл еңбеккері тұрады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, ҰОС ардагерлеріне біржолғы материалдық көмек ретінде республикалық бюджеттен 262,1 миллион теңге (Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедектеріне 100,0 мың теңгеден, оларға теңестірілген азаматтарға 70,0 мың теңгеден, Ұлы Отан соғысының жесірлері мен тыл еңбеккерлеріне 25,0 мың теңгеден) қаржы бөлінген. Облыстық бюджеттен 106,895 миллион теңге (Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедектеріне 150 мың теңгеден, оларға теңестірілген азаматтарға 30 мың теңгеден, жеңілдік бойынша теңестірілген басқа санаттағы азаматтарға 15 мың теңге көлемінде) қаржы қарастырылған. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің бюджетінен 36,650 миллион теңге қаржы бөлінген (Тараз қаласы әкімдігінен – 18,750 миллион теңге, аудандық әкімдіктерден – 17,9 миллион теңге). Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедектеріне 150 мың теңгеден (Жуалы – 205 мың теңге), оларға теңестірілген азаматтарға және ҰОС ардагерлерінің жесірлеріне 10 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін төленбек. Барлығын қосқанда Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедектеріне 400,0 мың теңгеден беріледі. Ал «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» мерейтойлық медалімен облыста 8712 адам марапатталады. Мерейтойлық медальдар Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне жолданып, табыс етіле бастаған. Жиын соңында облыс басшысы аталған мерекелердің өз деңгейінде тойлануы керектігін атап өтті.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді