Сенбі күні таңертең облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қордай ауылына Алматы жақтан кіреберісте салынып жатқан 50 пәтерлік бес қабатты тұрғын үйдің құрылысын көруге келді. Бас мердігер тараздық «Арқат» ЖШС жүргізіп жатқан нысанның жалпы сметалық құны – 466 миллион теңгенің үстінде. Келісім-шарт құны – 400 миллион теңге. Былтыр республикалық бюджеттен 216 миллион, облыстық бюджеттен 24 миллион теңге игеріліп, құрылыстың негізгі жұмыстары атқарылған болатын.
Өткен күзде ауданға келгенде Кәрім Нәсбекұлы жұмыс қарқынын мейлінше тездетіп, тұрғын үйді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы мерекесіне орай пайдалануға беруге тапсырма берген-ді. Қазір оның ішкі әрлеу, сыртқы абаттандыру жұмыстарына жүзден астам адам жұмылдырылған. Еденге линолеум төселіп, ас бөлмеге газ плиталары қойылуда. Сыртта су құбыры, кәріз жүйелері жүргізіліп, жылыту қазандығы салынып жатыр. Үйде бір бөлмелі – 10, екі бөлмелі – 20 және үш бөлмелі 20 пәтер болады. Облыс басшысы негізінен пәтерге аса мұқтаж соғыс ардагерлеріне, көптен кезекте тұрған көп балалы отбасылары мен жас мамандарға арналған пәтерлерді бөлу комиссиялы түрде дау-дамайсыз атқарылуы керектігін аудан басшыларына ескертті. Құрылысшыларға үйдің сыртқы келбетін безендіруге қатысты ұсыныстар айтты. Аудан аумағында ірілі-ұсақты бес су жинақтау орындары болса, соның ішінде ірілері – Қарақоңыз және Қақпатас су қоймаларын облыс басшысы арнайы барып көрді. 1986 жылы салынған Қақпатас су қоймасында да 10,0 миллион текше метрге жуық су жинақталған. Қарақоңыздағы тәрізді мұның да сыйымдылығын арттыру қажеттілігі туып отыр. Өйткені ауданның ішкі су көздері қажеттіліктің тек 12 пайызын ғана өтейді. Қалған 80 пайызға жуық су Шу өзенінен алынады. Жаздың аптапты суару маусымында көрші республикадан берілетін судың кемітілуінен егіншілер зор бейнетпен еккен егістіктің өнімі азайып немесе мүлде күйіп кететін кездері аз емес. Егер, Қақпатас су қоймасының бөгенін биіктеп, мұндағы су көлемі ең болмағанда он бес миллион текше метрге көбейтілсе, төмендегі Бетқайнар, Қақпатас, Сарыбұлақ ауылдық аймақтарындағы қаншама диханның тынысы кеңейер еді. Қазір осы жұмыстардың жобасы жасалуда. Ал Ноғайбай ауылдық аймағында Ырғайты өзені бойында салынуы тиіс жаңа су қоймасының тағдыры да әзірге қағаз жүзінде қалып отыр. Жалпы құны 7,7 миллион теңгеге бағаланған бұл жоба іске асар болса, 30 миллион текше метрлік жаңа су қоймасын іске қосу арқылы «Совхоздар» аймағынан 6 мың гектардан аса жер суландырылып, қырғыздарға тәуелділік анағұрлым азайған болар еді. Жалпы, ауданның су қоймаларын кеңейту және жаңадан салу бойынша төрт жоба республикалық тиісті ведомстволардың қарауында жатыр. Облыс басшысы оларды жүзеге асыру арқылы ауданда қолдан жинақталатын су көлемін 100 миллион текше метрге дейін жеткізіп, қордайлықтарды су тапшылығынан арылту жолында жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Осы егістік суының тапшылығынан жыл сайын маңдайлары тасқа тиіп жүрген аудан егіншілері соңғы жылдары ылғал үнемдеу технологияларына барынша ден қоя бастаған. Егер былтыр тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдері қолданылған егістік көлемі 1070 гектар болса, биыл 2000 гектардан асып отыр. Жаңа технологияның артықшылықтары облыс басшысы ат басын тіреген Масаншы ауылдық аймағындағы «Щенхо» және Сарыбұлақ ауылдық аймағындағы «Самғау» шаруа қожалықтарының мысалынан айқын көрінеді. Мәселен, «Щенхо» ШҚ биыл 120 гектар жерде дақылдарды тамшылатып суарып өсірмек. Былтыр осындай әдіспен өсірген пияздың әр гектарынан 64 тоннадан өнім жиналған. Ал бұрынғыша қолмен суарылған жерде ол 16-18 тоннадан аспас еді әрі су ысырабына жол беріледі. – Тамшылатып суаруда су, тыңайтқыш және уақыт айтарлықтай үнемделеді, егістікті арамшөп баспайды, – дейді ШҚ басшысы Уджур Керим. – Биыл пиязбен қоса қанатты жоба ретінде он бес гектарда картоп пен сәбізді де тамшылатып суарғалы отырмыз. Бұл жоба өзін-өзі ақтаса келесі жылы мұндай егіс көлемін еселеп арттырамыз. Суарудың жаңа технологиясын үш жыл бұрын енгізген «Самғау» шаруа қожалығының басшысы Евгений Трубников те облыс әкіміне жаңа тәсілге тәуекел еткеннен тек пайда көріп отырғанын жасырмады. – Израильдік компаниямен ынтымақтасудың арқасында олардың тамшылатып суару технологиясын жақсы игеріп алдық. Өткен екі жылда пияз бен дәндік жүгеріден әдеттегіден бір жарым-екі есеге дейін артық өнім жиналды. Биыл барлығы 330 гектар егістік тамшылатып суарылады. Оның ішінде 260 гектар жүгері, 45 гектар пияз және 15 гектар қант қызылшасы болады. Осылайша суды мейлінше үнемдей отырып, өнімділікті барынша молайтудың тәсілін қолданып жатырмыз. Өмірде кереғарлықтар аз ба? Бір жерде дихандар аз суға таласып өзара жаға жыртысып жатса, екінші жерде үйдің ауласына дейін су басып, жұртты әбігерге салуда. Мұндай жай соңғы екі-үш жыл көлемінде Бетқайнар ауылында пайда болды. Қыс кетіп көктем туысымен мұнда жер асты суы көтеріліп, ауыл шетіндегі жиырма шақты үйді қызыл су басып қалатын «өнер» тапты. Биыл да солай болды. Үлкендердің айтуынша, ауылдың бұл шеті баяғыда қамыс өскен сазды жер болған екен. Кейіннен мүлде құрғап кеткендіктен, бертінде тұрғындар саны өсуіне байланысты бұл арадан үй салуға жер бөлінген. Жұрт іргетасын құйып шетінен үй сала бастаған кезде жер асты суы қайта көтеріліпті. Ауылдық аймақ әкімі Елужан Мақұлбаев облыс басшысына бұл қатерді жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жайын баяндады. Ауылда төтенше жағдай жарияланып, облыс әкімдігінің қорынан 21 миллион теңге, ауданнан 1 миллион 500 мың теңге бөлініп, жер асты суын дренаждық жүйемен ауыл сыртына шығарудың инженерлік жұмыстары қолға алынған. ПМК-48 механизаторлары бұл жұмысты маусым айының аяғына дейін толық аяқтауды көздеп отыр. Қазір көлденең қазылған арық-атыздар арқылы бір жерге жиналған су сорғызылып әкетілуде.Облыс әкімі Сарыбұлақ ауылында осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен, Қақпатаста салынып жатқан 250 орындық мектептің құрылысымен танысты. Амбулатория бір жағында Қайнар, бір жағында Қақпатас ауылдарын қосқанда, бес мыңнан аса тұрғынға дәрігерлік қызмет көрсетуде. Бетқайнардағы жедел жәрдем стансасы бұл ауылдарды да қамтиды. Жалпы, аудан аумағында осындай бес жедел жәрдем стансасы мен он төрт медпункт және жеті дәрігерлік амбулатория шалғай ауылдардың тұрғындарына бас ауырып, балтыр сыздаған сайын аудандық ауруханаға шапқылай бермеуі үшін сапалы қызмет көрсетуде. Ал Қақпатас ауылындағы келісім-шарт құны 517,4 миллион теңгеге бағаланған мектеп алдағы оқу жылында пайдалануға берілмек. Бас мердігер «КазСтрой ЛТД» ЖШС-ның құрылыс ұйымдары соңғы бес жылда еліміздің аумағында осындай 28 мектеп, 16 балабақша тұрғызып, бұл салаға әбден маманданғанын танытып келеді. Осы және аудан орталығында салынып жатқан 300 орындық мектеп биыл есігін оқушыларға айқара ашады. Сөйтіп, ауданда апатты білім ошақтарының саны тағы екіге азая түседі.
Облыс басшысы ауданның басты алаңында Ұлы Жеңістің 25 жылдығына арналып 1970 жылы бой көтерген соғыста қаза тапқандарға және Кеңес Одағының Батыры Николай Белашовқа арналған ескерткіштерді көріп, оны жаңғырту жобасымен танысты. Соңында екі күндік жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Кәрім Нәсбекұлы аудан активімен жиын өткізді. Онда өзі аралаған жерлердегі көкейкесті мәселелерге бірсыпыра шолу жасады. Кезінде аудан орталығы болған, айналасында Кенен, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр, Көктөбе, Бел, Аңырақай тәрізді елді мекендер топтасқан Отар ауылында халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімшесінің ашылуы – халық сұранысынан туған. Мұнда әлі шешімін таппай отырған жер бөлінісі мәселесі бары да айтылмай қалмады. Әскери қалашық пен оның іргесіндегі ауылдың бір жартысы біздің облысқа, екінші жартысы Алматы облысына қарайтындықтан, бірақ барлығы дерлік біздің мекемелерде қызмет ететін ондағы тұрғындар анықтамалар алу, құжаттар ресімдеу кезінде көптеген кедергілерге тап болуда. Облыс әкімі бұл мәселелерді шешу жолын қарастыруды облыстық деңгейдегі тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді. Өткен күзде Индустрияландыру күні аясында Елбасымен тікелей телекөпір ұйымдастырылған Қордай асуындағы жел электр стансасының қуатын қыркүйек айында 21 мегаватқа, жыл аяғына дейін 35, ал келесі жылы 74-75 мегаватқа жеткізу көзделіп отырғаны, мұның өңірді электр қуатымен қамтамасыз етуге қомақты үлес болатыны, денсаулық сақтау қызметі бойынша соңғы жылдары ана мен бала өлімі, туберкулез, қан қысымы, қатерлі ісік тәрізді қауіпті аурулардың деңгейі төмендегені, ал бала туу жөнінен аудан облыстық көрсеткіштен жоғары келе жатқаны тілге тиек етілді. Ал білім беру жөнінен бұлай мақтануға негіз жоқ. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова бұл ауданның мектеп оқушылары оқу үлгерімі және ҰБТ-ға қатысуы жөнінен төмен деңгейде екенін еске салғаны сол еді, облыс әкімі аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Райымқұлов пен ауданды да, облысты да кері тартып отырған Масаншы, Сортөбе және Ауқатты ауылдық округтеріндегі мектеп директорлары мен ауыл әкімдерін орнынан тұрғызып сұрақтың астына алды. – Бұл қалай болғаны, осы ауылдардағы халықтың қарқынды өсімі ескеріліп, мемлекет қаржысына жыл сайын дерлік бір жаңа мектеп пен балабақша салынып жатыр. Ал ондағы балалардың білімі таяз. Қайта осы замандық үлгідегі жаңа мектепте білімге деген құштарлық артпаушы ма еді. Дүние қолдың кірі екенін, жоғалмас байлық білімде екенін балалар мен олардың ата-аналарына неге үйретпейсіздер? – деді Кәрім Нәсбекұлы ренішін жасыра алмай. – Егер балалар оқымайтын болса, онда оларға мектеп салып шығынданудың керегі не? Тез арада комиссия құрып, оқушыларды іріктеп, мұғалімдерді аттестациядан өткізу керек, – деп С. Құрманбековаға жаңа тапсырмалар жүктеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Абдалы Нұралиев пен аудан басшыларының жұмысын ширатар тұстар да атап өтілді. Айталық, әлі күнге дейін «Қақпатас-Қордай», «Благовещенка» тәрізді ірі агроқұрылымдар сауылған сүтінің едәуір бөлігін Алматы асырып, саудалауын қояр емес. Осы жердің жайылымын, шөбін пайдаланады, суын ішеді, сауылған сүтіне қарай үкіметтен субсидия да алады, ал сүтті сыртқа тасиды. Бұл кезде жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындары шикізаттың жетіспеушілігінен толық қуатында жұмыс істей алмауда. Жиында көтерілген тағы бір өзекті мәселе ауыл шаруашылығы өнімдерін түрлендіріп, сапасын арттыру жолдары болды. – Іргеміздегі алақандай қырғыз дихандары-ақ біздің облыстың бүкіл базарларын жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрімен «жаулап» алды деуге болады. Тіпті, олар өсірген құлпынайдың өзін сонау Мәскеуден келіп, ұшаққа тиеп алып кетіп жатады. Қатар жатқан елміз, жеріміз де бірдей, ал неге осыларды біз де молынан өсіріп пайдаға асырмаймыз? – деп аудан аграршыларының осындай мүмкіндіктері барына назар аударды. Осы сапарда өзімен бірге келген облыстық ведомство басшыларының ауданға қатысты мәселелер бойынша есебін тыңдады. Жиын соңында ауданды басқарғанына бір жылдан енді асқан Қайрат Досаевтың жұмысына негізінен қанағаттанатынын білдірген Кәрім Нәсбекұлы, Қордайдай жерінің асты да, үсті де байлыққа тұнған, көп ұлтты халқының бірлігі жарасқан киелі өңірде жаман жұмыс істеуге болмайтынын, іскер басшы елді дұрыс ұйымдастыра білсе, оларда тау қопарар күш барын еске салды. Осындай ынтымақты елдің алдағы Президент сайлауына да ұйымшылдықпен қатысарына сенім білдірді.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді