Жас ғалымның жетістігі

Жас ғалымның  жетістігі
ашық дереккөз
Жас ғалымның жетістігі

Елнұра Кореядағы жарыста қола жүлде еншіледі

Аудан орталығындағы №2 орта мектептің 11-сынып оқушысы Елнұра Қапардың құрбы-құрдастарынан ерекшелігі – бос уақытын тиімді пайдалана алатындығында. Білімге ден қойып, әрқашан ізденуден жалықпайды. Соның арқасы шығар, ол қазірдің өзінде көздеген мақсатына қол жеткізуге бір табан жақын тұр. Себебі, халықаралық білім додаларында олжа салған оқушылар ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылады. Яғни, Елнұраға алдағы сынақ жайлы уайымдамай-ақ, оқу орнын таңдауға кірісе беруге болады. Елнұра бұл жетістікке қалай қол жеткізді? Түсініктірек болу үшін осыған тоқтала кетсем. Құландық жас зерттеуші былтыр облыстық ғылыми жобалар байқауына қатысып, екінші орынды жеңіп алған болатын. Ал конкурс жеңімпаздарының білім деңгейін саралаған тестілеуде жоғары балл жинаған. Соның нәтижесінде үздік көрсеткішке қол жеткізген оқушылар тізімінің арасында оның да есімі Білім және ғылым министрлігіне жолданады. Сөйтіп, сұрыптаудан өткен озаттармен бірге халықаралық жарысқа жолдама алады. Кореяның Тэджон қаласындағы Вусонг мемлекеттік университетінде өткен конференцияда ол өзінің жобасын ағылшын тілінде қорғап, қола жүлдеге қол жеткізді. «Өз білімін халықаралық деңгейде өткен жарыста дәлелдеп, ел мерейін асырған шәкіртімді мақтан етемін. Ол осы жетістігінің арқасында еліміздің кез-келген жоғары оқу орнында тегін білім ала алады», – дейді Елнұраның сынып жетекшісі Мәулен Тобықов. Жас ғалымға жетістік әкелген жоба Жамбыл жері туралы. Нақтырақ айтсақ, оқушы облыс тұрғындарының әлеуметтік ахуалын зерттеп, ғылыми тұжырым жасаған.

Мереке Ержанұлы, журналист.

Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар