Жұлдызы жанған Жазира

Жұлдызы жанған Жазира
ашық дереккөз
Жұлдызы жанған Жазира

Тәлімгерлер байқауында топ жарды

Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығы және «Жамбыл облысы «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен тәлімгерлердің кәсіби деңгейін көтеру, олардың өзара тәжірибе алмасуы, тәлімгер мамандығының беделін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында «Үздік тәлімгер» атты облыстық тәлімгерлік-шеберлік байқауы өтті. Байқауға облысымыздың «Жас Ұлан» ұйымының оқушыларына бағыт беріп, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға сәйкес рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастырып, балалар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп жүрген облысымыздың әр өңірінен келген тәлімгерлер қатысты. Олар «Мен тәлімгермін», «Тәлімгерлік істегі менің жетістіктерім», «Педагогикалық жағдаятты шешу», «Залмен ойын өткізу», «Тәлімгерлік тосын сый» атты бес кезең бойынша бақтарын сынады. Әртүрлі кезең барысында қатысушылар өздерінің шығармашылық тақырыбын таныстырып, слайд арқылы тәлімгерлік шеберлік жұмыстарын баяндап, педагогикалық жағдаятты шешу және оны сахнада көрсету арқылы біліктіліктерін ортаға салды. Сондай-ақ, үміткерлер залмен логикалық ойындар өткізіп, қалаған жанрларында өз өнерлерін ұсынды. Нәтижесінде Қордай ауданынан келген Жазира Абдибакиева I орынға лайық деп табылып, жеңімпаз атанса, байзақтық Айсұлу Оспанова ІІ орыннан көрінді. Ал меркілік Әсел Абілхайрова мен Т.Рысқұлов ауданынан келген Гүлнұр Әділова өзара жүлделі ІІІ орынды бөлісті. Сонымен қатар, «Ең тапқыр» аталымы бойынша таластық Қалима Жұмабаева, «Үздік ұйымдастырушы» аталымында сарысулық Әйгерім Иманбек марапатталса, Т.Рысқұлов ауданынан келген Гүлнұр Әділова «Жаңашыл тәлімгер», шулық Ғазиза Жақаева «Белсенді тәлімгер», Жамбыл ауданының намысын қорғаған Ұлболсын Көрегенова «Өнерлі тәлімгер» атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар