«Фемида» клубы жастарды кітап оқуға шақырды

 «Фемида» клубы жастарды кітап оқуға шақырды
ашық дереккөз
«Фемида» клубы жастарды кітап оқуға шақырды

Кез-келген саналы адам ғылым мен білімнің қайнар көзі кітапта екендігінен хабардар. Содан шығар, кейбіреулер «осыны оқуым керек» деп кітаптар тізбегін жасап, ізденіп жүргенін көріп қаламыз. Бұл дұрыс. Алайда, соны кейінге қалдырмай, жата-жастанып оқып, кітаптағы білімді бойына сіңіріп жатқан жасты қазіргі таңда жиі кездестіре бермейміз. Ілуде бір болмаса, кітап арқалап, көз-майын тауысып жүрген білімқұмарлар аз. Ал жастар оқуға тиіс кітаптардың тізімі күн санап артуда. Десек те, кітап оқуды бүгіннен бастаудың орнына, оқымауға сылтау іздеп кететін замандастарды көріп қынжылатынымыз тағы рас. Көпке топырақ шашуға болмас. Әлбетте, оқуға шындап кіріссе, ол оқушы немесе студент, яки жас маман болсын оның бойындағы кітапқа деген іңкәрлік, ынтызарлық ешкімнің сабағы мен жұмысына кедергі бола қоймасы анық.

Осы туралы жан-жақты ой-пікірлер «Қазіргі жастар кітап оқудан неге қол үзді?» атты дөңгелек үстел отырысында ортаға салынып, талқыға түсті. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ «Заң» факультеті «Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу» кафедрасының жанындағы «Фемида» жастар клубының бастамасымен ұйымдастырылған шараға аталмыш жоғары оқу орнының белсенді студенттері, кітапханашылары, сондай-ақ, өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Отырысты «Фемида» жастар клубының мүшесі Салый Нағашыбаев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен, кітаптың адам өміріндегі маңыздылығы жайлы ой қозғаған клуб мүшесі, студент Шакен Толғанай бүгінгі жастардың дені «Артық білім – кітапта» деген Абай ғақлиясын жете түсінбей отырғандығын тілге тиек етті. Ал студент Аяулым Мірәділова бұл тек елімізде ғана емес, әлемдік мәселеге айналып отырғандығын айтып, жастары кітаптан қол үзе қоймаған кейбір озық, дамыған елдердің үлгі болар тұстарын атап өтті. Оның айтуынша, Жапония мемлекетінің жастары мен жасөспірімдері кітапқа деген құмарлықтары жағынан алдына жан салмайтын көрінеді. Осы тұста ойын ортаға салған аталмыш оқу орнындағы кітапхананың бөлім басшысы Ләйла Ибраймова: «Рас, қазір техниканың қарыштаған шағында кітаптың орнын ғаламтор алмастырып бара жатқандай әсер қалдырады. Дегенмен, кітаптан оқығанның ләззаты басқа, орны бөлек. Экраннан оқыған дүние санаңда ұзақ сақталмайтыны, кітапты қолына алып, оқып-тоқығаның жадыңнан жоғалмайтыны ғалымдар мен сарапшы мамандар тарапынан дәлелденіп отыр. Сондықтан, ғаламтордың түрлі қызықтары кітап оқуға кетер уақытты өлтіргенімен, бәрібір оның орнын баса алмайды», – деп, өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, ол кітапханаға жаңадан түскен танымал қазақ жазушыларының электронды кітап нұсқаларын алып келіп, оқырмандарға таныстыра кетуді де ұмытпады. Бұдан кейін кітап оқуға баулудағы отбасының рөліне тоқталған белсенді студент Арнат Ұлтанбаев бұл тұрғыда жастарға үлкен әсер ететін негізгі күш ата-ана екенін еске салды. Ол өз тәжірибесімен бөлісе отырып, кез-келген ата-ана баласын кітап оқуға тартып қана қоймай, өзі бірге оқып, үлгі-өнеге болуы керектігін алға тартты. Оның ойынша, бала үлкендердің айтқанына қарағанда істегенін көбірек қайталайды әрі соған машықтанады екен. Дөңгелек үстелді «Фемида» жастар клубының жетекшісі, ұстаз Асылхан Кенжебекова тиянақтады. – Дағыстанның талантты перзенті, даңқты ақын Расул Ғамзатовтың «Өз-өзіңді танығың келсе де, өзгені танығың келсе де кітаппен жақын бол» дегені бар еді. Сондықтан да, бүгінгі жастар кітаптан артық дос жоқ екенін жете түсінгені абзал. Біз бұл отырыс арқылы студенттерге сәл де болса кітаптың пайдасы туралы мағлұмат беруді жөн деп білдік. Тағы бір айта кететін жайт, қоғамдық өмірге белсене араласып, өз үнін қосудан жалықпай жүрген біздің «Фемида» жастар клубының құрылғанына бес жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында клуб талантты студенттердің басын қосқан белсенді ортаға айналып үлгерді, – деді А.Кенжебекова.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар