Үстіміздегі қой жылы біздің еліміз үшін ерекше есте қалатын тарихи жыл болғалы отыр. Биыл Қазақ хандығына – 550 жыл, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске – 70 жыл, Ата Заңымыз – ҚР Конституциясына және Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толуы атап өтілмек. Осы айтулы даталардың қай-қайсының да қоғамдық-саяси өмірімізде өзіндік орны бар. Алайда, Қазақ хандығының 550 жылдығы – қазақ елінің кеше-бүгін емес, ежелден дербес мемлекеті болғанын көрсететін ұлы тарих. Мұны әлем халқы білуге тиіс. «Қазақтар 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері ғана мемлекет болып отыр, бұрын нақтылы шекарасы да, мемлекеті де болмаған көшпенді ел еді», – деп бөсетін көрші елдердің әсіре саясаткерлері аузын айға білеп, жеріміздің тұтастығына қауіп төндіріп отырған бүгінгі таңда біз өзіміздің көнеден келе жатқан ел екенімізді, өз мемлекетіміз, Алтайдан – Атырауға, Алатаудан – Арқаға дейін көсіліп жатқан ұлан-байтақ жеріміз болғанын тарихи деректермен дәлелдеп беруге тиіспіз.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы тамыз айында Ұлытауда «Хабар» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында былай деген еді: «Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақстанның тарихы өте бай. Біздің еліміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан көк түріктерге жалғасады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек». Елбасының бұл сөзі үлкенге де, кішіге де ой салды. Бүгінде тарихымызға деген ынта-ықылас күшейді. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дегендей, біз, шын мәнінде, «Мәңгілік Ел» болып қаламыз десек, өз тарихымызды, әсіресе, мемлекетіміздің тарихын терең білуге тиіспіз. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ халқының тұңғыш мемлекеттік құрылымы – қазақ хандығы шамамен 1455 жылы құрылған. XIV-XV ғасырларда Алтын орда әлсірегеннен кейін, Дешті Қыпшақтан Әбілқайыр хандығы немесе көшпелі өзбектер мемлекеті деп аталатын Ақ Орда, Ноғай ордасы бөлініп шығып, өз мемлекеттерін құрған. Жетісу өңірінде Шағатай ұрпақтары билік жүргізген Моғолстан хандығы өмір сүрген. Олар өз ішінде билікке таласып, жиі-жиі соғысып отырды. Қазіргі Қазақстан жерінің оңтүстігінде жер өңдеу, қала салу, қолөнердің дамуы, жартылай көшпелі Орталық Қазақстан мен Жетісу өлкесі тұрғындарының Оңтүстік Қазақстан диқандарымен байланысының күшеюі түбі бір осы елдердің бірлесуіне, ақыры қазақ халқының құрылуына әсер етті. Дегенмен, қазақ халқының бірігуінің толық аяқталуына кейбір ру-тайпалардың оқшаулануы, жүздік аймақтарға бөлінуі көптеген қиыншылықтар туғызды. Ел ішіндегі өзара қақтығыстар, көршілес ойрат тайпаларының, Мауреннахрды билеген Темір әулеті билеушілерінің жаугершілік саясаты бұлардың арасын алшақтата берді. XV ғасырдың орта шенінде тұрақты біртұтас мемлекеттің қажеттігі айқын сезілді. Осындай біртұтас мемлекет қана Қазақстанды мекендеген ұлыстар жерлері мен шаруашылықтарының біртұтастығын сақтай алатын еді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың деректеріне қарағанда, XV ғасырдың 50-60 жылдарында Орталық және Оңтүстік Қазақстанды мекендеген қазақтардың кейбір ру-тайпалары Әбілқайырдың қол астынан бөлініп, Батыс Жетісу жеріне қоныс аударды. Осы бір үрдістің өзі қазақ мемлекетінің – қазақ хандығының құрылуына тікелей ықпал етуі мүмкін. Әбілқайырдың қарсыластарын Орыс ханның шөбересі, Ақ Орданың билеушісі Барақ ханның баласы Жәнібек пен оның туысы Керей сұлтандар бастап келеді. Олар Моғолстан ханы Есенбұғамен одақ құрады. Есенбұға дүние салғаннан кейін Моғолстандағы билік дағдарысы қазақ сұлтандарының өздері иемденіп отырған Жетісу жерінде жеке саяси бірлестік құруға жағдай туғызады. Қазақ хандарының ешкімге тәуелсіз билік бастаған кезеңін Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде 1465-66 жылдар еді деп жазған. Қазақ хандығы алғаш батыс Жетісу, Шу, Талас өлкесінде құрылған. Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресі 1468 жылы Әбілхайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Оған жергілікті халық пен ауып келушілерден едәуір әскери күш жинаған және Жетісу жерінде берік тылы бар Жәнібек пен Керей де қосылды. XV ғасырдың соңында Жәнібек хан мен Керей хан қазақ ру-тайпалары мекендеген сонау Сырдария, Арал маңы, Қаратау етегінің едәуір бөлігінде үстемдігін орнатты. Алғашқы қазақ хандығы Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне таласушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты. Ақыр соңында Созақ, Сығанақ қалаларын қазақ хандығына қосып, Шайбаниды Мауреннахрға кетуге мәжбүр етті. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының саяси, экономикалық жағдайы нығая түсті. Ол 1503-10 жылдары Мұхаммед Шайбанидың бірнеше тонаушылық жорықтарын тойтарды. Қасым хан моңғол ханы Сұлтан Саидпен достық қатынас орнатып, ноғай тайпаларын өз жағына қаратып алды. Хандықтың шекарасы батыстан Жайыққа дейін, оңтүстік-батыста Сырдарияның оң жағалауына, Аралдан Маңғыстауға дейінгі жерлерді алып жатты, оңтүстікке хандыққа Сырдария бойындағы бірсыпыра қалалар қосылды. Жайлау-қоныстары солтүстікте Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың біраз жері қарады. Қасымханға қараған халық саны 1 миллион адамға жетті. Бірігу XVI ғасырда онан әрі жалғасты. Қазақ хандығының ұлғаюы мен нығаюы небір күрестермен, тартыстармен жүзеге асты. Тарихи кезеңдерде қазақ хандығының әлсіреген тұстары да болды. Қасым ханның немересі Тахирдің тұсында қазақ хандығы көп қиындық көріп, тоқырауға ұшырады. Тахир ханнан кейін хан тағына отырған Бұйдаш хан да көп жерінен айырылып қалды. XVI ғасырдың екінші жартысында, Ақназар мен Тәуекел хан тұсында, қазақ хандығы қайта өрледі. Ақназар уыстан шығарып алған көптеген аймақты қайтарып алды. Ақназар хан қайтыс болған соң оның орнына інісі Шығай қазақ ханы атанды. Ол өзбек ханы Абдолламен одақтасып, Ташкент билеушісі Баба сұлтанмен соғысты. 1582 жылы Шығай хан өліп, орнына баласы Тәуекел хан болды. Тәуекел ханның қазақ хандығын нығайтуға қосқан үлесі аса зор. Ол үздіксіз жорықтарын жалғастыра отырып, Орта Азияның көптеген жерлерін қаратты. Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы, Әндіжанды, Самарқанды алды. 1598 жылдары ол Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы қазақ хандығының құрамына қосты. Шайбани әулеті жойылып, оның орнына билікке Аштархан әулеті келді. Мұның өзі қазақ хандығының экономикалық жағынан күшеюіне және Орта Азиядағы шекарасының тұрақтауына ықпал етті. Тәуекел хан қаза болған соң, билік басына Есім хан келді. Есім ханнан кейін Жәңгір хан тағына отырды. Бұл кезде қазақ хандығына жоңғарлардың шабуылы жиілей түсті. 1643-47 жылдары қазақ-жоңғар соғысы басталды. Орбұлақ түбіндегі үлкен шайқаста Самарқанд билеушісі Жалаңтөс баһадүр 50 мың әскерімен келіп, жоңғардың Батыр қонтайшысының қалың қолын талқандады. Қазақ хандығының билігі 1680 жылы Жәңгірдің ұлы Тәуекелдің қолына көшті. Ол өкіметтің беделін көтеруге және оған үш жүздің руларын бағындыруға көп күш-жігер жұмсады. Орта Азия елдерімен берік одақ құрды, Ресей мемлекетімен қарым-қатынасты нығайту бағытын жалғастырды. Жоңғарлармен жан аямай шайқасты. 1715 жылы Тәуке хан қайтыс болған соң орнына інісі Қайып хан отырды. Алайда, көп ұзамай ол да қаза болып, хан билігі Тәукенің ұлы Болаттың иелігіне өтті. Бұл кезде жоңғарлардың қазақ даласына шапқыншылығы үдей түсіп, жаулар көптеген аймақтарымызды басып алды. Қазақ хандығы бөлшектене бастады. Әбілқайыр хан, Сәмеке хан, Жолбарыс хан өз иеліктерін дербес басқаруға кірісті. XVII ғасырдың бірінші ширегінде жоңғар басқыншылығының күшеюі салдарынан қазақ елінің экономикалық және саяси жағдайы қиындай түсуіне байланысты Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесі туындады. Кіші жүз билеушілері Әбілқайыр ханның басшылығымен Ресейге бірнеше рет елші жіберіп, өздерін қол астына алуды өтінді. 1731 жылы Ресей императоры Анна Ивановна Кіші жүзді Ресей бодандығына алатындығы туралы грамотаға қол қойды. Бұдан кейін Ұлы жүз және Орта жүз билеушілері Әбілқайыр хан арқылы Ресей патшасына өз өтініштерін білдіре бастады. Ресей үкіметі жаңа қосылған жерлерге билігін нығайту үшін 40-шы жылдары Орынбор экспедициясын ұйымдастырды. Ал жоңғар шапқыншылығы күшейе түсті. 1771 жылы үш жүздің билері Абылайды хан тағына отырғызды. Міне, осы кезде қазақ хандығы қайта күшейген еді. 1781 жылы Абылай қайтыс болған соң, қазақ хандығы тағы да орталық биліктен айырылды. Абылайдың орнына хан болған Уәли тек Орта жүзді ғана биледі. 1824 жылы Ресей патшасының «Орынбор қырғыздары (қазақтары) туралы» жарлығы бойынша хандық билік Ресейдің әкімшілік жүйесімен алмастырылды. Алайда, қазақ хандығының жойылуын жергілікті халық мойындағысы келмеді. Сөйтіп, олар Ресей отаршылдығына қарсы жиі-жиі бас көтерді. 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған халық көтерілісі бүкіл қазақ даласын қамтыды. Оны үш жүздің ханы етіп сайлады. 1847 жылы Кенесары қырғыз жерінде қаза тауып, қазақ хандығы мүлде жойылды. Міне, қазақ хандығы туралы тарихи деректер осылай деп сыр шертеді. Әрине, бұдан кейін қазақтың бүкіл өмірі еліміз 1991 жылғы желтоқсанда өз тәуелсіздігін жариялағанға дейін Ресейдің ықпалында болып келді. Мұның арасында қаншама сұрапыл тарихи кезеңдер өтті десеңізші. Алайда, қазақ хандығының тарихы қазақ мемлекетінің тарихы болып қала береді. Сондықтан бүгінгі және келер ұрпақ қазақтың өз мемлекеті, біртұтас ұлан-байтақ жері болғанын, біліп өскені абзал. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасымыздың 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын республика көлемінде атап өту жөніндегі шешімі өте орынды деп білемін. Осы іс-шараның аясында төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстары қайта жазылып, біртұтас ұлттық тарихымыз өмірге келетіні сөзсіз. Өкінішке қарай белгілі тарихшы-ғалым Уахит Шәлекеновтің: «Қазақ» тарихын жазуға әлі кіріскен жоқпыз. Кеңес өкіметі тұсында жарық көрген бес томдық «Қазақ ССР тарихын» 1996, 1998, 2002-2010 жылдары «Қазақстан тарихы» деп атын өзгертіп алғанымыз болмаса» дегені көңілге қаяу түсіреді. Ал сонда «аузымен құс тістеген» тарихшыларымыз осы кезге дейін не бітіріп жүрген? «Ештен кеш жақсы» дегендей, бұдан былай, кеш те болса, қазақтың ежелден келе жатқан елдігін, мемлекетін, ата қонысының қай жерден қай жерге дейін созылып жатқанын бұлтартпас айғақтармен дәлелдейтін шынайы тарихи зерттеулер ауадай қажет. Тағы бір тарихшы-ғалымның сөзіне жүгінейік. Профессор Жанұзақ Әкімнің мына бір сөзін мен «Айқын» газетінен (2011 ж.) оқыған едім. «Ширек ғасыр тәуелсіз өмір сүріп жатырмыз, – дейді ол. – Ширек ғасырдың ішінде көп нәрсе істеуге болатын еді. Өкінішке қарай, баяғы кеңестік тарихты жазғандар қайта жазды. Сол баяғы бұзылмайтын ескі соқта. Біз құлдыққа үйреніп қалғанбыз. Әлі күнге жалтақтап отырамыз. Бізде тарихымыздың ішінде тұлғалардың жетіспей жатқаны рас... Қазақстан тарихы қазақ халқының тарихы болуы шарт. Оның ішінде біздің мемлекетіміз баса көрсетілуі тиіс». Осыған қарағанда, біздің тарихшыларымызда тек тұлғалы қасиет қана емес, ұлттық намыс пен патриоттық рух та жетпей жатқан сияқты. Көршілес отырған қырғыз бен өзбек бауырларымыз өздерінің төл тарихын түгендеп, белдерін бекем буып отырғанда, бізге жайбарақаттық жараспайды-ақ. «Қазақстан тарихының» (яғни «Қазақ тарихының») орта мектептерде оқытылуы да көңіл көншітпейді. Мектептегі тарих оқулығы сірескен сандар мен даталардан көз аштырмайды. Оларды оқушылардың есте сақтауы мүмкін емес. Балалардың миын есте тұрмайтын кілең сандармен қатырғанша, тарихи деректерді олардың түсінігіне лайықтап, есте қалар оқиғалармен қызықты етіп баяндап берсе, ол едәуір тиімді болар еді. Мысалы, кезінде біз 4-сыныпта оқыған «СССР тарихындағы» «Куликово шайқасы» тақырыбының оқиғасы әлі күнге есімде. «Таң ағарып ата бастады. Шығыстан қып-қызыл болып күн көтеріліп келе жатты. Куликово даласындағы жауынгерлердің тау-тау болып жатқан өлігінен көз сүрінеді. Тірі адам жоқ. Тек құзғын-қарғалар ғана өлексеге бір тоятын болдық деп қуана қарқылдайды. Айнала қан сасиды»... – деп басталатын «Куликово шайқасы» туралы тақырып бізді бірден өзіне тартып алып, әрі қарай не болды екен деген ынтызар сұрақ жетелей түсетін еді. Қазіргі біздің тарих оқулығымызда тарихи оқиғаны осылай шебер суреттеу жағы жетіспейді. Сондықтан, «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, біз мектептегі тарих оқулығын жөнге келтірмей жас ұрпақ санасына тарихи шындықты сіңіре алмайтындығымызды ұмытпағанымыз абзал. Сонымен қатар, орта мектепте тарихты оқытудың әдістемесі де түбегейлі жаңартылуы тиіс. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге дайындалу, осының аясында өткізілетін іс-шаралар көптеген игіліктерге жалғасатыны сөзсіз. Сондай-ақ, бұл мереке тарихшыларымызға да қозғау салары айқын. Қалай десек те осының бәрі төл тарихымызды тірілтуге септігін тигізіп жатса, халыққа керегі де осы.
Құрыш Сыдығалиев, тарих пәнінің мұғалімі, №15 орта мектебінің директоры.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді