ИНВЕСТИЦИЯ – ИГЕРЕ БІЛГЕНГЕ ИГІЛІК

ИНВЕСТИЦИЯ – ИГЕРЕ БІЛГЕНГЕ ИГІЛІК
ашық дереккөз
ИНВЕСТИЦИЯ – ИГЕРЕ БІЛГЕНГЕ ИГІЛІК

«Индустрияландыру картасына» сәйкес облыста көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Мемлекеттік маңызға ие алып жобалар аймақ әлеуетін арттырумен қатар, ел игілігі жолында баға жетпес бастамалар болып табылады. 

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен аймақтық штаб отырысы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және кедергі келтіріп жатқан түрлі мәселелерді талқылауға арналды. ҚР Инвестиция және даму министрлігінің метрология және техникалық реттеу комитетінің төрағасы Біржан Қанашев, «КазИнСт» РМК Бас директоры Арман Шаккалиев және облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысқан жиында өңірде 2010-2014 жылдары жүзеге асырылған жобалар жайы сөз болды. Бүгінде еліміздің Индустрияландыру картасына Қазақстанның экономикасы үшін айтарлықтай оң ықпал ететін, белгілі бір талаптарға сай, маңызды жобалар кірген. Олардың саны еліміз бойынша 872-ні құрайды. Жалпы құны 11,5 триллион теңгені құрайтын инвестициялық жобалар құрылысы кезінде 228 мың жұмыс орны ашылса, олар пайдалануға берілгенде 192 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ. ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста 2010-2014 жылдар аралығында 41 жоба бекітілген. Олардың құрылысын жүргізуге 592,2 миллиард теңге қаржы қаралған. Аталған бағдарлама бойынша салынған кәсіпорындар толық іске қосылғанда 8,2 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал биылдан бастап 2018 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс жобаға қыруар қаржы бөлінген. Бұл жобалар іске асқанда 3112 адам жұмыспен қамтылмақ. Отырыс барысында «Казфосфат» ЖШС өкілдері, стандарттау және сертификаттау, метрология және басқа да өндіріс саласының қызметкерлері өздерінің жұмыстары барысында туындап отырған түрлі сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды.

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН. 

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол». Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар