«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азаматханның азаматтығы

Азаматханның  азаматтығы
ашық дереккөз
Азаматханның азаматтығы

жас жеткіншектерді білімге жетелеген

Ауыл тұрғындарынан Азаматхан Әміртаевтың жас жеткіншектерге жасаған қамқорлығы жайлы естігенімде ойланып қалдым. «Тегінде адам бойындағы ізгі қасиеттердің тамыры ата тегінде жатқан шығар» дедім іштей. Әлде, отбасында алған тәрбиесіне байланысты қалыптасады ма екен? Осыдан бірер жыл бұрын оның әке-шешесі өз қаражатымен бір ауылға күмбезі күн нұрымен шағылысатындай үлкен мешіт салып беріп еді. Енді міне, сол иманды жандардың ұлы да игі іс жасапты. Азаматханның қандай азаматтық іс жасағанын нақты білмек болып, Жақсылық ауылындағы Қ. Сұлтанбеков атындағы орта мектептің директоры Әнуарбек Тұрманбетовке хабарластық. Мектеп басшысы А. Әміртаевтың қолға алған бастамасы туралы кеңірек түсіндіріп берді. 

«Азаматхан – біздің мектебіміздің түлегі. Ол «Нұр Отан» партиясының «Туған жерге туыңды тік» деген акциясына үн қосуды әрі ауылдастарына қол ұшын беруді көздеп, мектептегі жиырма шақты жеткіншектің математиканы тереңдеп оқуына мүмкіндік жасап отыр. Ынталы жастарды іріктеп алып, осында ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі маман Шайза Дәрібаеваны шақыртып, үйірме ашты. Үш айдан бері ардагер ұстазға жалақыны да өз қаражаты есебінен төлеп келеді. Ондағы мақсаты – халықаралық, республикалық деңгейдегі пән олимпиадасында ел намысын қорғайтын оқушыларды даярлау», – дейді Әнуарбек Мұханбетұлы. Директордың айтуынша, үйірме жұмысының нәтижесін саралау үшін жасөспірімдер арасында алғашқы сынақты да ұйымдастырып беріпті. Математика пәні олимпиадасына басқа мектептердің оқушыларына да қатысу мүмкіндігі берілген. Сынақ тапсырмалары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы олимпиада жеткіншектерін даярлайтын орталықтан алдыртылған екен. Үміткерлердің білім деңгейін саралаушылар да сырттан шақыртылыпты. Нақтырақ айтсақ, аталмыш университеттің қызметкерлері Қаһарман Нұрбек пен Алмас Күнғожин қазылық жасаған. Міне, осындай ауқымы аудандық, деңгейі республикалық додадан кем түспеген білім додасында бес бірдей жүлделі орынды Жақсылық ауылының жас математиктері жеңіп алыпты. Жалпы, олимпиадада аудан бойынша 64 бала бақ сынағанын ескерсек, бұл – жап-жақсы көрсеткіш. «Осыдан кейін мектеп оқушыларының математика пәніне деген қызығушылықтары арта бастады. Жүлдегерлер көктемгі демалыс кезінде Алматыдағы аталған орталыққа барып, бір аптадай сабақ оқып, білімдерін тағы да тереңдетіп келді. Азаматхан балалардың жол шығынын көтеріп, демеушілік жасады. Олимпиада жеңімпаздарына 70-80 мың теңге қаржы көлемінде сыйлықтар тарту еткен де осы азамат», – дейді Ә. Тұрманбетов.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар