Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына Жуалы ауданының да қосып жатқан өзіндік үлесі бар. Мұнда өзге аудандарға қарағанда өндіріс көлемі аз, негізі аграрлық сектор басымдыққа ие. Сондықтан да аграрлы аудан атанып жүрген Жуалы жері дәнді-дақылдар егуден үнемі алда. Әсіресе, облыс тұрғындарының картопқа деген сұранысының басым бөлігін қанағаттандырып отырған осы жуалылық шаруашылықтар. Мал санын арттырып, асылдандыру бағытындағы «Сыбаға», «Алтын асық» сынды салалық бағдарламаларды іске асыруда да тәуір нәтижелерге қол жеткізуде. Табиғаты қаталдау болса да шөбі шүйгін, топырағы құнарлы өңірде кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарымен болып қайтты. Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында су шаруашылығы жүйесі нысандарын өндіріс орындары мен білім беру мекемелері нысандарын аралап, жұмыстарымен танысты.
Ауданның қазіргі тыныс-тіршілігімен танысу ауданның Жамбыл ауданымен шекаралас аумағында орналасқан «Дарбаза» су қоймасынан басталды. «Жамбыл су қоймалары» МКК-ға қарасты бұл қойма сонау 1976 жылы салынған. Сыйымдылығы 3 миллион текше метрлік көлемге жобаланған су қоймасында дәл қазір 2,3 миллион текше метрге жуық тіршілік көзіне баланған «байлық» жиналған. Су деңгейінің бөгетке қауіп төндіруіне байланысты 2010 жылы қойманың апатты су жіберу жүйесі тағы да төмендетілген екен. Содан қауіптің беті сейілгенімен, жақында болған жойқын жел тағы біраз әбігерге салса керек. Оған нығайту мақсатында тасталған құмға тола қапшықтар куә. Мұндағы жағдайды баяндаған басқарма басшылары мен аудан әкіміне Кәрім Нәсбекұлы бөгетті тағы да нығайтуды тапсырды. Бұл қойманы пайдалану мақсаты шаруашылықтарды суландыру болғанымен, етектегі ауылдар ауыз толтырып айтарлықтай дала кәсібімен айналысып отырған жоқ. Дегенмен аудан әкімі Батырбек Құлекеев облыс басшысына болашақта бұл су қоймасының қажеттілігі артатынын айтып, етектегі ауылдарда егін шаруашылығын дамытуға уәде берді. Аймақ басшысы К.Көкірекбаев 1962 жылы пайдалануға берілген, бүгінде талай шаруашылықтың кәдесіне жарап отырған «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы жағдайымен де танысты. Сырт көзге көлге бергісіз көлемде көрінетін «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында бүгінде 139 миллион текше метр су жиналған. Жобалық көлемі 158 миллион текше метр су жинауға қауқарлы қойманың су жіберу құрылғылары ақаусыз жұмыс істеп тұр. Одан кейінгі бет алған жаңа нысан ұзындығы 23 шақырымдық «Көксай» каналының бастау алар тау қуысындағы «Ақсай» өндірістік бөлімшесі болды. 1964 жылдан бері таудан су жеткізіп келген каналды жаңа деуіміздің де өзіндік себебі бар. Мемлекеттік шекараны демаркациялаған кезде жарты бөлігі көрші қырғыз жерінде қалып қойған каналға еліміз толық иелік ете алмай, көрші елмен біраз қиындықтар туындаған болатын. Мәселе Елбасына жетіп, ақыры каналды өз жеріміздегі жаңа арнамен жіберу үшін республикалық бюджеттен 5,8 миллиард теңге бөлініп, былтыр темір-бетонды канал құрылысы қысқа мерзімде аяқталып, пайдалануға берілген. Енді жуалылық шаруалар жаңа су жүйесінің арқасында 2500 гектар егіс алқабын кедергісіз суландыра алатын болды. Келесі нысанға барарда жолай облыс әкімі «Теріс-Ащыбұлақтың» жағасында орналасқан №91678 әскери бөліміне ат басын бұрды. Онда оған бөлімнің алдына қойылған әскери міндеттер мен жауынгерлердің дайындығы жайлы әскери бөлім командирінің міндетін атқарушы Ержан Сарбаев баяндап, қару-жарақтар мен әскери құралдармен таныстырды. Облыс әкімі алдында арнайы жаттықтырылған атты жауынгерлер өз саптық дайындықтарын көрсетті. Кәрім Көкірекбаев еліміздегі ең ірі күн электр стансасы ретінде ағымдағы жылдың мамыр айында іске қосылғалы отырған «Бурное Солар-1» күн электр стансасының құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, баламалы энергия көздерін пайдаланатын бұл нысан Орталық Азиядағы қуаттылығы 50 мегаватт болатын алғашқы күн электр стансасы болып табылады. Құрылыс жұмыстарына Еуропадан мамандар тартылып, «Samruk Kazyna — United Green» бірлескен кәсіпорны да құрылған. Мұнда жалпы саны 192 мың энергия өндіретін күн панельдері орнатылатын болады. Жалпы құны 23,5 миллиард теңгені құрап отырған нысанда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Одан бөлек, британдық инвестор «United Green» компаниясы жыл соңына дейін стансаның қуатын 100 мегаватқа дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін инвесторларға қосымша жер учаскесі берілген. Жалпы, станса өз кезегінде 30 000 ауланы жарықпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Инвестор компания өкілімен болған әңгіме барысында облыс басшысы жоба құрылысына жоғары баға беріп, электр стансасының еліміздің баламалы энергетика индустриясына үлкен үлес қосатынын айтып өтті. Облыс әкімінің келгенін сәтті пайдаланғысы келген «Гамбург» ЖШС директоры Егор Кох өзінің алдағы жоспарларымен бөлісіп, аймақ басшысынан көмек беруін де сұрады. Себебі, ол Нұрлыкент ауылында орналасқан шаруашылық нысанынан 800 бас сиырға негізделген жаңа тауарлы сүт кешенін ашпақшы екен. Ол үшін серіктестікке шамамен 600 миллион теңге көлемінде инвестиция қажет. Егер бұл кешен салынса, мұнда мал төлдету залы мен 300 бұзау сиятын сарай да орналаспақ. Жауапты инспектордың хаттамасына түскен бұл ұсыныс та алдағы уақытта қаралатын болды. Бүгінде серіктестікке 424 миллион теңге қаржылық қолдау көрсетілген. Одан бөлек, бұл кәсіпкер жаңбырлатып суғару жүйесімен де егін шаруашылығын дамытпақшы. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Абдалы Нұралиевтің айтуынша, былтыр Жуалы ауданы бірде-бір гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын орналастырмаған. Егін және мал шаруашылығымен айналысатын «Гамбургте» қазір 2500 гектар жер бар.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалында аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаевты облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетов қарсы алды. Палата директоры жуырда ғана ашылған аудандық филиалдың осы күнге дейінгі атқарған тірліктеріне қысқаша тоқталып, филиал жұмысымен таныстырды. Мұндағы мамандарды сөзге тартқан облыс басшысы кәсіпкерлерге, әсіресе жаңадан ісін бастаған кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсету керектігін алға тартты. «Бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау орталығында 3 қызметкер жұмыс істейді. Қалған мамандар екінші деңгейлі банктер мен шағын несие беру ұйымдарының өкілдері.
Сондай-ақ, Кәрім Нәсбекұлы атбасын бұрған №19 Д.Қонаев атындағы орта мектеп-гимназиясының В-1, В-2 корпустары күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. 2010 жылы бастауыш корпусы күрделі жөндеуден өткен екен. Әлем елдерін қаржылық қыспаққа алған дағдарыс алдында мұндағы келесі күрделі құрылыс жұмыстарына қаржы қарастыру жоспарда болған екен. Алайда, бюджет қаражаттарын үнемдеу мақсатында жоба уақытша тоқтатылған. Дағдарыстың да уақытша екенін ескере кеткен облыс басшысы мектептің күрделі жөндеусіз қалмайтынын жеткізді. «Бурный ірімшік зауыты» аудандағы бірден-бір беткеұстар зауыт. Негізі 1951 жылы қаланған зауыт бүгінде сүт, әсіресе ірімшік өнімдерінің түр-түрін шығарады. Серіктестік директоры Әбдібек Пошқаев облыс әкіміне 2013, 2014 пен биылғы жылдың салыстырмалы кезеңде өндірген өнімдер жайлы толыққанды таныстырды. 68 адам жұмыс істеп жатқан зауыт облыс басшылығының қолдауымен бірнеше жылдан бері миллиондаған теңгенің мемлекеттік көмегін көріп келеді. Соның нәтижесінде инфрақұрылымдарын жаңартып, қосымша цех қондырғыларын орнатып алды. Жұмыстарына сәттілік тілеген облыс басшысы «Жасай бер, Қазақстан!» саябағына жол тартты. Онда аймақ басшысы «Жұлдызы биік жуалылықтар» ескерткіш тақтасымен танысты. Ол тақтада Кеңес Одағының Батыры, даңқты полковник Бауыржан Момышұлы бастаған ел үшін туған ерлердің портреттері тізілген. Ал Б.Момышұлы ауылындағы спорт кешеніне кіргенімізде онда еліміздің Конституциясы мен Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойларына арналған 2000-2001 жылдары туылған жасөспірім ұл-қыздар арасындағы БЖСМ-нің дзюдодан ашық біріншілігі өтіп жатты. Бір-екі белдесуді тамашалап шыққан соң Кәрім Нәсбекұлы Бауыржан батырдың музейіне бас сұқты. Батырдың өмірінен сыр шертетін жәдігерлермен танысқан Кәрім Нәсбекұлы алдағы Жеңіс мерекесіне орай музей төңірегін реттеп, есік алдындағы плиткаларды жаңалауды тапсырды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен актив жиынына ауылдық округтердің әкімдері мен аудан мектептерінің басшылары, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер мен біраз шаруа қожалық өкілдері шақырылған. Одан бөлек облыс әкімдігінің біраз басқарма басшылары да осы залдан табылды. Актив жиналысын ашып, жүргізген облыс әкімі күні бойы аралап, тыныс-тіршілігімен танысып шыққан Жуалы ауданының даму көрсеткіштерінің жаман еместігін айтып өтті. Әсіресе, мал, егін шаруашылығы бойынша бұл ауданның еңбегі ерен. – Ауданнан алып бара жатқан қандай да бір қиын жағдайды көріп отырған жоқпын. Сонда да болса ауданның әкімі мен орынбасарлары, ауыл әкімдері, басқа да басшылар бар шаруаға бір кісідей жұмылып жұмыс істейтін болса, бай тарихы бар ауданның экономикасын бұдан әрі өркендетуге болады, – деді К.Көкірекбаев. Бұдан кейін аудандағы атқарылып жатқан жұмыстар мен жүзеге асып жатқан жобалар жайлы хабарлаған аудан әкімі Батырбек Құлекеев аудан халқының игілігі үшін облыс басшылығы тарапынан жасалып жатқан қолдауларға алғысын білдірді. Жиынды қорытқан облыс басшысы алдағы келе жатқан біраз үлкен мерейтойларды абыроймен атқару үшін үнемі тазалық пен тәртіпті қатаң сақтауды тапсырды. Облыс бойынша аудан былтырғы оқу жылының ҰБТ көрсеткіші жөнінен бірінші орыннан көрінген. Соның ішінде Орджоникидзе атындағы гимназия еліміз бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Осы жетістік үшін білім ошағының басшысын орнынан тұрғызып алғысын білдірді. Сондай-ақ, аудан орталығы бойынша балабақша кезегінің түбегейлі жойылғанын да атап өтіп, аудан басшыларына осы қарқынмен жұмыс істеуді жүктеді.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол». Жуалы ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді