Елімізді индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы
Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан үш жыл бұрын еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария етті. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Басты мақсат – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Оны мүлтіксіз орындау – бәріміздің ортақ парыз, абыройлы міндетіміз. Елбасы тапсырмасына сәйкес, облысымызда қандай шаруалар қолға алынып, жүзеге асырылуда? Осы мәселе жөнінде облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиевті әңгімеге тартқан едік.
– Елбасымыз «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында «Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шектен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады», – деп ерекше атап көрсетті. Президенттің тапсырмасымен Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жариялады. Ол контрциклды сипатқа ие болады және экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады. Индустрияландыру және шағын және орта бизнесті дамыту еліміз экономикасын жаңғыртудың басты құралы болып табылады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, облыс аумағындағы инвестициялық осындай жобалардың уақтылы әрі толыққанды іске қосылуына ықпал ету – басқарманың басты стратегиялық бағыттарының бірі. Өткен жылы бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші бес жылдығы аяқталды. Осы мерзімде облысымызда 597,2 миллиард теңгені құрайтын 41 инвестициялық жоба қолға алынып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген болатын. Бүгінде 41 жобаның 31-і толық іске қосылды. Жаңадан іске қосылған өндірістер осы мерзімде 40,2 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, аймақтағы жалпы өнеркәсіп өнімі көлемінің 14,7 пайызын құрады. Соның нәтижесінде 5 мыңға жуық тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылды. 2014 жылы ел керегін түгелдеген 6 жоба пайдалануға берілді. Былтыр «БиноСтройДеталь» серіктестігінде жылына 19500 текше метр қабырғалық панельдер шығаратын, «Talas Investment Company» ЖШС-ында жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіретін, «Vista International» ЖШС жылдық қуаттылығы 21 мегаватт «Қордай жел» электрстансасының, «Арайстроймаркет» ЖШС жылына 250 мың дана алюминь радиаторларын шығаратын, «Central Asia Gold Production» ЖШС жылына 500 килограмм доре қорытпасын өндіретін жаңа зауытты және «Мың Арал Компаниясы» ЖШС жылына 1200 тонна балық өңдейтін зауыттың құрылысын салып, ел игілігіне берді. Президенттің Жарлығына сәйкес жылдық қуаттылығы 70 пайыздан асқан жобалар Индустрияландыру картасынан шығарылады. Облыста ондай жобалар саны – 33. Олардың орнын жаңа жобалар басады. 2015-2019 жылдарды қамтитын екінші бесжылдықта облыс аумағында жалпы құны 578,9 миллиард теңгені құрайтын 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Үстіміздегі жылы жалпы құны 36,5 миллиард теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны пайдалануға беру көзделген. Соның есебінен жаңа 778 жұмыс орны қамтамасыз етіледі. Олардың қатарында «Жамбыл гипс» АҚ, «Полиэтилен-Агро», «Әулие-ата феникс», «Голден Компас Капитал», «Оңтүстік халал тағамдары», «Жамбыл Недр», «Burnoye Solar-I», «Тараз көлік жолы» және «Kisc» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жобалары бар. – Аймақтың өнеркәсіп саласындағы жағдайына тоқталсаңыз... – Облысымызда минералды шикізат көздерінің мол болуына байланысты тау-кен, газ өңдеу, химия, тамақ және металлургия өнеркәсібі, құрылыс өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысында өнеркәсіп кәсіпорындарының өндірген өнімінің көлемі 274,3 миллиард теңгеге жетті. 2013 жылы бұл көрсеткіш 237,8 миллиард теңгені құраған болатын. Өнеркәсіп өндірісі кәсіпорындарындағы өсу деңгейі – 105,7 пайыз. Мұның өзі республика бойынша өнеркәсіп саласындағы ең жоғары көрсеткіш. Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 8 ауданда артқан. Жамбыл және Жуалы аудандарының кәсіпорындары 2013 жылдың деңгейіне жете алмады. – Кез-келген елдің экономикасында шикізат сатумен ғана шектелу аса қауіпті екендігі туралы аз айтылып жүрген жоқ. Елбасымыз шағын және орта бизнесті дамыту елімізді индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы екендігі туралы жиі айтып келеді. Енді осы мәселе жөнінде әңгімелесеңіз. – «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында «Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайыз орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Еңбек өнімділігін 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру керек» деген міндет қойылған. Аймағымызда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны мен өндірген өнім көлемі, оларда жұмыс жүргізіп жүрген жұмысшылар саны жыл сайын артып келеді. Оларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау мен қамқорлық көрсетілуде. 2014 жылы облысымыздың кәсіпкерлік субъектілері екінші деңгейдегі банктерден 20,8 миллиард, «Казмикрофинанс» микронесиелік ұйымынан 7,4 миллиард және ауылдық несиелік серіктестіктерінен 1,1 миллиард теңге несие алған. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер көптеген шағын кәсіпорындар ашып, ел керегін түгендеген өнім шығаруда. – Экономикамызды дамытудың бір жолы өндірген өнімімізді экспортқа көптеп шығару болып табылады. Тауарларымызды шетке жөнелту, олардың кедергісіз өткерілуі үшін кәсіпорындарымыз міндетті түрде ИСО халықаралық сапа менеджменті жүйесін енгізуі тиіс. Оны енгізу барысы қалай? – Аймақтағы кәсіпкерлердің көпшілігі өндіріске ИСО жүйесін енгізсе, тауарларын нарықта кедергісіз өткеретінін жақсы біледі. Халықаралық сапа стандартына көшіп жатқандар да аз емес. 2015 жылдың 1 қаңтарына облысымызда ИСО жүйесін 589 кәсіпорын енгізген. Әліптің артын бағып, оған асықпай отырғандар да жоқ емес. Еуразиялық экономикалық одақ іске кірісті, таяуда Әлемдік сауда ұйымына мүше болып кіреміз. Сол кезде осы жүйеге көшудің маңызы арта түседі. Демек, кәсіпкерлер осы мәселені мықтап қаперге алуы тиіс. – Елімізде кейінгі кезде Елбасының тапсырмасымен қазақстандық қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Уақыт оның экономикамызды өркендетуде маңызды фактор екенін көрсетіп отыр. – Аймақта кәсіпорындардың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуда жергілікті қамтуды ұлғайту бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың облысымызға жұмыс сапары барысында өткізілген кеңесте жергілікті қамтуды дамыту бойынша кәсіпорындар арасында жалпы құны 11,2 миллиард теңгені құрайтын 10 меморандумға қол қойылды. Оның арасында «Казфосфат» ЖШС мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында республикамыздың шаруа қожалықтарына минералды тыңайтқыштарды жеткізу жөнінде жалпы құны 8 миллиард теңгені құрайтын меморандумды ерекше атап өткен жөн. Қазір осы меморандум негізінде серіктестік республикамыздың облыстарына жалпы құны 7,6 миллиард теңгеге тыңайтқыш жеткізу жөнінде келісім-шарт жасасты. 2015 жылдың 2 наурызына жергілікті қамтуды ұлғайту бойынша облысымыздың кәсіпорындары арасында жалпы құны 22,2 миллиард теңгені құрайтын 153 меморандум жасалды. Кәсіпорындардың тауарларды, қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамтуды ұлғайту мақсатында аудандар мен Тараз қаласының әкімдіктері тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Таяуда аудандардағы кәсіпорындар арасында 2,4 миллиард теңгеге меморандумдарға қол қойылды. – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы – еліміз аумағында шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың аса маңызды тетіктерінің бірі. Мұны көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар «ТМД-дағы баламасы жоқ» бағдарлама деп текке айтып жүрген жоқ. – Бағдарлама аясында 2010 жылдан бері республикалық бюджеттен облыстағы кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету үшін 10,4 миллиард теңгені құрайтын қаржы бөлінді. Оның 2,5 миллиард теңгесі өткен жылы берілді. Бағдарлама бойынша кәсіпкерлерге қаржылай және қаржылай емес түрде көмек көрсетіледі. Мәселен, кәсіпкерлердің 45,5 миллиард теңгені құрайтын 374 жобасына қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілді. 2013 жылдан бастап ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, әйелдерге және мүгедектерге бірегейлігімен және жаңалығымен ерекшеленетін жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде гранттар беріле бастады. Екі жыл ішінде 45 кәсіпкер өз өтініштерін конкурстық комиссияға ұсынып, Аймақтық үйлестіру кеңесінде 15 кәсіпкердің жобасы мақұлданып, оларға жалпы құны 44 миллион теңгенің гранты берілді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. 2013 жылдан мемлекеттік қолдаудың тағы бір түрі «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы қолға алынды. Өткен жылы аталған бюджеттен барлығы 170,5 миллион теңге, оның ішінде Қаратау қаласына – 113,8 миллион, Жаңатасқа 67 миллион теңге бөлініп, осы қалалардың кәсіпкерлері ұсынған 38 жобаға қаржылай көмек ретінде берілді. Сондай-ақ бағдарлама аясында моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыруға республикалық бюджет есебінен шағын несиелеуге 97 адамға 219,7 миллион теңге несие берілді. – Әлемдегі көптеген мемлекеттер туризмді дамыту арқылы қыруар табысқа кенелуде. Оны дамыту арқылы жұмыс орындарын көптеп құруға болады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда он есе арзанға түседі екен. Аймақта туризм саласын дамытуда қандай шаралар қолға алынуда? – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізі бойында 8 сервистік нысан салынуы тиіс. Алайда бұл бағытта құрылыс жұмыстары талапқа сай жандана алмай отыр. Байзақ, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында бұл іс өте сылбыр жүргізілуде. Аталған нысандар 2016 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Жоғарыдағы аудан басшылары бұл мәселеге ерекше көңіл бөлулері қажет. Облыс көлемінде орналасқан, өңіріміздің туристік әлеуетін арттыруға үлкен үлес қосатын Ақтөбе (Баласағұн), Құлан, Өрнек, Ақыртас және Қостөбе (Жамукат) қалашықтары ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Туристік салада көрсетілген қызмет көлемі жыл сайын артып келеді. Басқарма келешекте «Көксай» шатқалына, «Ақыртасқа» және «Тау самалына» баратын автомобиль жолдарының құрылысын жүргізуге барынша ықпал жасайтын болады. – Басқармаға облыстағы сауданы дамыту, оған өркениетті түрде барынша ықпал ету жүктелген... – Кедендік статистикалық мәліметтер бойынша 2014 жылы облыста сыртқы сауда айналымы 617,6 миллион АҚШ долларын құрады. Мұның өзі 2013 жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға артық. Кедендік одақ шеңберінде 2014 жылы аймағымызда Ресей және Беларусь елдерімен сауда айналымы 121,2 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 49,4 пайызға көп. Былтыр бөлшек сауда айналымының көлемі 178,4 миллиард теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 12,9 пайызға өсті, көтерме сауда айналымы 231,8 миллион теңгені құрап, 11,4 пайызға өсті. Аймақта тауарларға және қызметтерге бағаны тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Инфляциялық үдерістерді тежеу мақсатында облыс орталығы мен барлық аудандарда негізгі азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауарлар және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін штабтар құрылған. Олар бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу, азық-түлік тауарларының қорын қалыптастыру бойынша әрекет жасауда. Сондай-ақ осы мақсатта жұмысшы топтар құрылған. Дүкендер мен супермаркеттер басшыларымен азық-түлік тауарларына тауарлық үстемелерін 10 пайыздан асырмау жөнінде кездесулер және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығында «Тараз сауда-саттық компаниясы» ЖШС ашқан 10 шағын дүкенде тұрақты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері сатылады. Сондай-ақ, «Дәнекүл» ЖШС, «Астана Самсон» ЖШС және «Садыхан өнім» ЖШС Тараз қаласында қолайлы құрастырмалардан павильондар құрып, өз өнімдерін делдалсыз сатуда. Шаһарда негізгі азық-түлік тауарлары арзан бағамен сатылатын коммуналдық базар тұрақты жұмыс істейді. Оның 18 дүңгіршегінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз өнімдерін өздері сатуға мүмкіндік алған. Базарларда бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу мақсатында азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар және ақылы қызметтердің бағаларына тұрақты мониторинг жүргізілуде. – Алдағы міндеттер туралы әңгімелесеңіз... – Әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосылу үшін біз ұлан-ғайыр міндеттерді жүзеге асыруға тиіспіз. Барлық тауар өндірушілер сапа мәселесіне басты назар аудару керек. Шаруашылық субъектілерінде халықаралық сапа менеджменті жүйесін енгізуді жеделдетуді тұрақты бақылауда ұстаймыз. Қазақстандық қамтуды ұлғайтуда қолға алатын шаруалар көп. Кәсіпкерлік субъектілеріне әкімшілік кедергілерді азайту жұмысы жүйелі жалғастырылады. Базарларға санаттар беру және оларды Үкімет қабылдаған ережеге сәйкестендіру жұмысы жандандырылады. Туризмді дамыту тұрақты назарда болады.
Әңгімелескен Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді