«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Суы шипа, ауасы ем «Меркі» шипажайы

Суы шипа, ауасы ем «Меркі» шипажайы
ашық дереккөз
Суы шипа, ауасы ем «Меркі» шипажайы

8халықтың денсаулығын емдеуге сеп

9Алатаудың етегін қоныс еткен Меркі елімізге ең көрікті, ғажап табиғаты, саф ауасы, мәуелі бау-бақшасымен танылған өлке. Мұнда теңіз деңгейінен 727 метр биіктікте, аудан орталығы Меркі ауылынан 12 шақырым жерде Қырғыз Алатауының шатқалында атақты «Меркі» шипажайы орналасқан. 1981 жылы ресми түрде ашылып, алғашқы емделушілерін қабылдаған байырғы шипажай өзінің емдік қасиетімен көп ұзамай байтақ Қазақстанға кеңінен танылды. Сол жылдары мұнда бұрынғы одақтың түкпір-түкпірінен келіп ем қабыл­даушылар легі толассыз еді. Дағдарыс кезеңінде абдырап, жұмысы қожырағанмен, еңсесін қайта тіктеді. Шипажайдың бүгінгі таң­дағы тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында тілшіміз «Меркі» шипа­жайының бас директоры Әбдірахым Момбековпен сұхбаттасқан еді.

– Әбдірахым Әбдуанұлы, кезінде аты дүркіреген шипажайдың бүгінгі ем-домы қалай? Шипажайға келген адам сауығып, денсаулығын түзеуге келеді ғой. Осы жайлы әңгіме етсеңіз... – Шипажай тау арасына, Меркі өзенінің жағасында қоныс тепкендіктен табиғаты көркем, ауасы таза, суы шипалы. Оның басты ерекшелігі радонды минералды суында. Ем-шаралары да осыған сай, негізгі басымдық тірек-қимыл жүйесінің ауруларын емдеуге беріледі. Сондай-ақ, радон суы арқылы жүргізілетін ем-дом сүйек-буын, жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шегіп жүргендерге де пайдалы екені даусыз. Шипажайда жүйке және жұқпалы емес тері аурулары, асқазан-ішек жолдары аурулары, урологиялық, эндокриндік аурулар да емделеді. Өйткені шипалы судың радон көрсеткіші жоғары, құрамында азот, газ, фтор, кремний қышқылы, күміс, фосфор, йод, марганец, сынап секілді адам ағзасына қажетті микроэлементтер бар. Мұндағы емдеу-сауықтыру шараларының кең қолданылатын түрі – радон ваннасы. Жалпы, шипалы сумен емдеудің бірнеше түрі бар. Атап айтсақ, минералды радон ваннасы, айналмалы және атпа суы бар душ, асқазан-ішек жолдарын тазалайтын, ауыз қуысын ширататын, гинекологиялық ауруларға қарсы қолданылатын сумен емдеу шаралары. Сондай-ақ, емдік массаж, парафинді-озокерит терапиялық, физиотерапиялық, фито және радон инголяциялық ем-шаралары жүргізіледі. Парафинді-озокерит терапиясы – сүйек-буын ауруларының қабынуына таптырмас ем. Біздің шипажайда қимыл-қозғалыстың, қан айналымның жақсаруына тигізер септігі мол физиотерапияның 20-дан астам түрі қолданылады. Әрбір емделушіге қандай физиошаралар жүргізуге болатынын сырқатының түріне қарай дәрігер белгілейді. Емдеу курсына қандай сауықтыру шаралары кіретінін мамандар емделушінің денсаулығына байланысты шағымдарын ескере отырып, түзеді. Айта кетейін, барлық ем-шаралары емделушінің жолдамасы бойынша тегін жүргізіледі. – Жалпы, шипажайларда жолдама бойынша көрсетілетін емдеу шараларынан өзге ақылы емдеу ісі де көрсетілетінін білеміз. Мұнда оның қандай түрлері бар?

11 – Шипажайдағы қосымша ақылы қызмет түрлері мынадай: Су массажы, скипидарлық немесе бірнеше минералды ванналар, фитокүбі, Су-Джок терапиясы әдісі бойынша саусақтарға ультрақызыл массаж, массаж кереуеті, электротүс, «Марутака» жапон массажы, магниттік-ультрақызыл лазерлік терапия, галокамера, бал және шоколадқа орап, емдеу шаралары тағы басқалары. Бірақ, мұндай ем-шараларын дәрігердің рұқсатымен ғана алуға болатынын ескерте кету керек. Қызмет көрсету ақылы болғанымен емделушінің денсаулығына кері әсер ететін сауықтыру шаралары жүргізілмейді. Мұнда емдеу-сауықтыру шараларын қабылдаудың тағы бір тиімділігі – жүргізілген ем-домның сіздің денсаулығыңызға тигізген әсерін бақылай аласыз. Сауықтыру мекемесінде демалушы ем шараларымен бірге үздіксіз дәрігер кеңесін алып отыруына да мүмкіндік жасалған. Яғни, емделуші кардиолог, терапевт, невропатолог, физиотерапевт, хирург, гастроэнтеролог, уролог, гинеколог дәрігерге қаралып, денсаулық жағдайын бақылауда ұстай алады. ЭКГ, УЗИ диагностикасы және биохимиялық зертхана кабинеттері жұмыс істейді. – Дәрігерлердің, орта буын медициналық қызметкерлердің біліктілігі қай деңгейде? Мамандардың жетіспеушілігі жоқ па? Емделушілер бос уақтысын қалай өткізеді? – Байырғы шипажай болғандықтан мұнда білікті дәрігерлер корпусы қалыптасқан. Орта буын медициналық қызметкерлер мен мамандар да солай.

10 Әр маман өз ісінің білгірі. Оны емделушілердің пікірінен де үнемі естиміз. Шипажай 2 бес қабатты ғимаратта орналасқан. Онда 450 орын бар. 1-2 орындық жайлы нөмірлер бар. Мұнда спортпен шұғылдану үшін арнайы жаттығу залдары бар. Таза ауада сейілдеуге мүмкіндік зор. Сауықтыру мекемесінің асханасы 500 адамға арналған. Екі үлкен кең залы және люкс нөмірге орналасқан емделушілер үшін 60 орындық VIP-залы бар. Ас мәзіріне 14 түрлі тағам түрі кіреді. Және бір тағамның түрі аптасында екі реттен артық қайталанбайды. Ас мәзірін диетолог дәрігер мен диетмедбикелер және технолог мамандар түзеді. Демалушылар үшін орыс моншасы, сауна, бильярд залы, диско зал, би алаңы, кітапхана, дүкен, сән салоны, мұражай, шайхана, волейбол, теннис алаңы бар. Әр аптаның аяғында әулиелі жерлерге саяхатқа шыға алады. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалынған. – Жалпы, қазіргідей көптеп ашылып жатқан емдеу-сауықтыру орындары бар кезде бәсекелестік болатыны заңдылық... – Иә, ол жағы бар. Дегенмен, жұрттың аты алысқа кеткен «Меркі» шипажайына деген ықылас, құрметі толастаған емес. Былтыр мұнда 7119 адам демалып, денсаулықтарын түзеді. Бізде мамыр айының ортасынан сонау қоңыр күзге дейін демалушылар легі бір толастамайды. Өз тарапымыздан еліміздегі ірі мұнай, газ, өзге де компаниялармен келісім-шартқа отырып, демалушылардың қатарын арттырудамыз. Ал білім ошақтарымен ертеден тығыз қарым-қатынас орнаған. Мұнда кәсіподақ ұйымдарымен жұмыс жолға қойылған. Соның арқасында еліміздің барлық өңірінен түрлі мамандық иелері келіп, емделіп, тынығып, жақсы көңіл-күймен аттанып жатады. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Әділбек Баққараұлы, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар