Игі іс ізгі ниеттен басталады
Мемлекет көмегіне сүйенген «Жылыбұлақ-Меркі» ЖШС табысты жұмыс істеуде Меркі ауданындағы «Жылыбұлақ-Меркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 1990 жылдардың ортасындағы экономикалық қиындықтарға қарамастан шаңырағын шайқалтпай, негізгі қорларын сақтап қалған санаулы шаруашылықтың бірі. Агроқұрылым егін және мал шаруашылығымен шұғылданады. Мемлекет көмегіне сүйенген серіктестік басшысы Аманжол Әкетаевтың істі дұрыс ұйымдастыруы нәтижесінде елеулі игілікті нәтижелерге қол жеткізуде. Мұнда 2013 жылдың қорытындысында жалпы 150 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, оны өткеруден түскен таза табыс 24 миллион 624 мың теңге болса, өткен жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 160 миллион және 24 миллион 770 мың теңгені құрады. Мал басы өсіп, мүйізді ірі қараны көбейту қолға алынды. Техника жаңартылып, егістіктің бір бөлігі тамшылатып суарылуда.
«Жылыбұлақ-Меркіде» 5174 гектар егістік жер бар, оның 1800 гектары – суармалы. Үстіміздегі жылдың өнімі үшін өткен жылы күзде 2 мың гектар алқапқа бидай тұқымы себілген. Биыл мұнда арпаны – 1000, мақсарыны – 300, қант қызылшасын – 180 және бақша дақылдарын 10 гектар алқапқа орналастыру көзделуде. Бұған қоса олардың теңгерімінде 420 гектар көпжылдық шөп және 62 гектар алма бағы бар. Алма бақтың 10 гектары жаңартылған. Қазір шаруашылықта көктемгі дала жұмыстары басталды. Арпадан кейін олар мақсары мен қызылша тұқымын себуге кіріседі. Жүз сексен гектар қызылша алқабының 65 гектары тамшылатып суару әдісімен ылғалдандырылады.
– Өткен жылы «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 3 трактор, 3 комбайн және 3 тайлау агрегатын сатып алдық. Несиенің он үш пайыздық өсімінің 7 пайызын мемлекет жауып беретін болады. Соның нәтижесінде осындағы 41 бірлік техниканың 30 пайызы жаңартылды. Бұрынғы мүйізді ірі қара мал айырбасқа және жұмысшылардың жалақысын төлеуге жұмсалды. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 15 миллион теңге несие алып, оған 156 бас мүйізді ірі қара сатып алдық. Оның 57 басы – сауын сиыр. Келешекте мал бордақылау және сүт өндіруді қолға аламыз, – дейді «Жылыбұлақ-Меркі» ЖШС бас бухгалтері Бейсен Ибрагимов.
Агроқұрылым мал басын өз төлі есебінен өсіруге ерекше көңіл бөлуде. 2001 жылы мұнда 8 мыңға жуық қой болса, үстіміздегі жылдың басында ол 18112 басқа жеткен. Жылқы және түйе де көбейіп келеді. Қазір жылқының саны 299-ға, түйе 57 басқа жеткен. Бас бухгалтер Б.Ибрагимов келешекте оларды көбейтіп, етімен қатар сүтін де өндіретінін тілге тиек етеді. Қой қыста Орта құмда қыстатылады, жазда тауда бағылады. Мұның өзі оларға жұмсалатын шығынды азайтуға игі ықпалын тигізуде. Шаруашылықтың өз диірмені бар. Онда күнделікті 5-6 тонна ұн шығарылады. Жұмыс ауқымының ұлғаюы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде. Қазір агроқұрылымда 168 адам тұрақты жұмыс істейді.
– Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне өз үлесімізді қосу үшін саланы әртараптандыруды көздеп отырмыз. Келешекте мұнда нарықта өтімтал тауарлар өндірілетін болады. Шағын ет және сүт өңдейтін кәсіпорындар салу көзделуде. Алма бауы көшеттермен толық жаңартылады. Жиналған өнімді сақтайтын қойма және өңдейтін шағын цех салынады. Істің басы ниеттен басталады. Біз бұл міндеттерді мемлекет көмегіне сүйеніп, еңсеретінімізге сеніміміз мол, – дейді Б.Ибрагимов.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді