Қауіпсіздігіміз сенімді қолда
Қазақстан Қарулы Күштерінің дүниеге келуі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келді. Экономикалық қиындықтармен қатар, ел қауіпсіздігі үшін әскери экономикалық мәселелерді де шешу кезек күттірмес міндет еді. Мынау алмағайып, мазасыз дүниеде жас мемлекетіміздің іргесін қымтап, жерінің тұтастығын сақтау үшін Елбасымыз заманауи әскер құруды қолға алды. 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының тапсырмасы бойынша жас тәуелсіз елдің Қорғаныс министрлігі алдында қысқа мерзім ішінде ұтқыр, ұрысқа қабілетті армия құру міндеті тұрды. Көп ұзамай Шығыс, Оңтүстік, Батыс және Орталық әскери округтері дүниеге келді. Тоқсаныншы жылдардың аяғында ел Қарулы Күштерінің құрылымы реформаланып, Қарулы Күштердің үш түрі – Жалпы мақсаттағы Күштер (бұрынғы Құрлық әскерлері), Әуе Қорғанысы күштері мен Мемлекеттік шекараны қорғау күштері енгізілді. Кейін жалпы мақсаттағы күштер қайтадан Құрлық әскерлері болып өзгертілді.
2003 жылғы 7 мамырдағы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын одан әрі жетілдіру шаралары туралы» Жарлыққа орай, Құрлық әскерлерінің құрамына «Астана», «Оңтүстік», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары, Әуе Қорғаныс күштері мен Әскери-теңіз күштері кірді. Екі дербес әскер тектері – Аэроұтқыр әскерлері – Жоғарғы Бас Қолбасшының резерві, Ракета әскерлері мен артиллериясы құрылды. Осы Жарлықпен Қарулы Күштер Бас штабының базасында жаңа әскери басқару органы – Штабтар бастықтары комитеті құрылды.
Бүгінде Қарулы Күштердің қызметінде жұмылдыру резервінің дайындығына айрықша көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда біздің шақыру және дайындықтан өткізу жүйеміз толықтай жетілдірілді. Жеке құрамды жасақтау келісім-шарттағы әскери қызметшілердің үлесіне басымдық бере отырып, аралас принцип бойынша жүзеге асуда.
Қарулы Күштердің құрамдас бір бөлігі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскерлері еліміздің Оңтүстік өңірінің тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтауда қырағы күзетте тұр. Оған еліміздің Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда сынды төрт облысының 713 мың шаршы километрді құрайтын аумағы жатады.
2001 жылы мамыр айында өңірлік қолбасшылықтың Тараз қаласында орналасқан басқару штабы ғимаратының ашылуына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қатысып, округке Жауынгерлік ту тапсырды. Жоғарғы Бас Қолбасшы осынау салтанатты сәт үстінде «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қайта жаңғыртылуы Оңтүстік әскери округінен басталады» деген еді. Мұны қорғаныс саласындағы көрсетілген құрмет ретінде мақтаныш тұтамыз.
Еліміздің төл әскерінің қуатын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар өңірлік қолбасшылық әскерлерінде де жүзеге асуда. Жауынгерлік әзірлікті арттыру үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Облыс аумағында орналасқан, еліміздегі ең ірі оқу-жаттығу алаңы болып табылатын Мәтібұлақ, сондай-ақ Теріс-Ащыбұлақ, Айша бибі, Мүңке, Дарбаза полигондары әскерилердің біліктілігін шыңдауда үлкен рөл атқарып отыр. Еліміздің Қарулы Күштерінің әскери құрылымдары тартылған «Сарыарқа-2004», «Жетісу-2005», «Іле-2006», «Алдаспан-2008», «Өзара іс-қимыл-2009», «Бейбіт миссия-2010» сынды оқу-жаттығулар барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері де жоғары жауынгерлік дайындықта екендіктерін көрсете білді. Бұл жемісті жолдар күні бүгін де жалғасып, осындай жаттығулар барысында өздерін алдыңғы шептен көрсете білуде.
Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын негізге ала отырып, қолбасшылық жастардың бойындағы отансүйгіштік қасиетті барынша арттырып, Отан тыныштығын қорғау жолындағы қызметтеріне лайықты үлес қосады. Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында әскерилер де аянып қалмайды.
Талғат Қойбақов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді