«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ОТАНДЫҚ ТАУАРЛАР ҮЛЕСІ – 80 ПАЙЫЗ

ОТАНДЫҚ ТАУАРЛАР ҮЛЕСІ – 80 ПАЙЫЗ
ашық дереккөз
ОТАНДЫҚ ТАУАРЛАР ҮЛЕСІ – 80 ПАЙЫЗ

13Бұлай деп сауда орталықтарының басшылары мәлімдеді

«Қазақстанда жасалған»

Биылғы 15 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан берілген тапсырмалардың бірі – отандық тауар өндірушілерді қолдау болатын. Үкімет құп алған сол бастама аясында қазір аймақтарда аз тірліктер атқарылып жатқан жоқ. «Қазақстанда жасалған» деген акция бойынша облысымыз да тиісті шараларды қолға алынуда. Бүгінгі таңда осы акция аясында облыста 200 сауда нысанында, оның ішінде 10 супермаркет, 17 сауда базары, 173 сауда үйі мен дүкендердегі отандық тауар орналасқан сөрелердің жанына арнайы акцияның «Қазақстанда жасалған» логотиптері орналасқан. Сондай-ақ, бұған қоса «Қазақстандық тауарды таңдағаның, отандық өндірушіні қолдағаның!» атты баннерлер Тараз қаласындағы ірі сауда үйлері, супермаркеттер мен базарлардың кіреберіс қабырғаларына ілінген. Айта кетерлігі, бұл бағыттағы атқарылатын жұмыстар мұнымен шектелмейді, әлі де жалғастырылуда. 12Міне, Елбасы тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан республикалық акцияның аймақтағы іске асырылу жайымен арнайы танысып қайту және бағалардың тұрақтылығын қадағалау мақсатында кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Тараз қаласындағы ірі сауда орталықтарын аралап көрді.

Облыс басшысы алғаш бас сұққан «Арзан» сауда дүкені облыс орталығы тұрғындарына азық-түлік және өзге де тұрмысқа қажетті тауарларды тұрақты әрі арзан күйінде ұсынып отырған сауда орталықтарының бірегейі. Сондықтан болар, мұнда келушілер қатары көп. Дүкен жұмысын жүргізіп отырған «Оптовый клуб» ЖШС директоры Тимур Халелов облыс әкіміне дүкеннің қазіргі сауда-саттық ахуалы мен отандық тауарларды қолдау аясындағы шаралары жайлы айтып берді. Қысқасы, мұндағы тауарлардың 80 пайыздан астамы отандық өнімдер екен. Дүкен қожайынының айтуынша, соңғы бір ай ішінде макарон өнімдерінің мұндағы бағасы 15 пайызға төмендеген. Ал дүкен сөрелеріндегі отандық тауарлар орналасқан тұсқа «KZ» белгісі жапсырылған. Бұл – «Қазақстанда жасалғанның» белгісі. Сондай-ақ мұнда облысымыздың жылыжайларында өсірілген қияр әр килограмы 300-350 теңгемен сатылуда. Естеріңізге сала кетсек, былтыр қиярдың әр келісі 550-650 теңгенің көлемінде болған. – Біз бұл бағытта жылыжай иелерімен бірлесіп арнайы кесте әзірледік. Бұл кесте өз кезегінде сұраныс пен өнім өндіруді реттеп отырмақ. Яғни, барлық жылыжай бір уақытта көкөнісін отырғызып, бір уақытта саудаға шығаратын болса, онда көкөністер сөрелерде тұрып қалып, шаруашылыққа зиянын тигізетіні анық. Сондықтан 15 күн аралықты негізге алған кесте бойынша жұмыс істегеніміз абзал. Бұл сатушы мен сатып алушыға да қолайлы болмақ, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Одан кейін облыс басшысы «Астана» мөлтек ауданы маңында орналасқан облыс әкімдігі тұрақтандыру қорының коммуналдық дүкенінде болды. Мұнда халыққа аса қажетті ұн, тұз, қант және басқа да тауарлардың бәрі тұр. К.Көкірекбаев дүкен сатушысы мен азық-түлік алуға келген қариямен әңгімелесті. Тараз тұрғыны мұндай дүкендердің тұрғындарға пайдасының тиіп жатқанын айта кетті. Ақпарат үшін айта кетсек, бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар бағаларын тұрақтандыру мақсатында облыста бірқатар шаралар атқарылып келеді. Солардың бірі – облыстық азық-түлік өнімдерінің тұрақтандыру қорының жұмысы. Тұрақтандыру қорына жалпы сомасы 1068 миллион теңгеге 15342 тонна азық-түлік тауарлары сатып алынған. Оның ішінде 230 тонна көкөніс тауарлары, 1975 тонна қант, 180 тонна өсімдік майы, 12 тонна макарон өнімдері, 76 тонна жарма өнімдері, 200 тонна күріш, 10353 тонна бірінші сұрыпты ұн, 1 тоннадай шай мен тұз, 323 тонна сүт өнімдерін, 40 тонна ет пен 1 миллион дана тауық жұмыртқасы бар. Тұрақтандыру қорының тауарлары арзандатылған бағамен қала бойынша арнайы орналасқан 11 сауда нүктелерінде, коммуналдық базарда және Тараз қаласы мен аудандардың сауда нүктелерінде күнделікті сатылуда. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 3614,9 тонна азық-түлік тауарлары сақталуда. Келесі нысан – «Small» сауда орталығы. Мұнда ірі сауда дүкенінен бастап, техника орталығы, дәріхана, асхана мен киім дүкені сынды бірнеше сауда ошақтары орналасқан. Сондықтан облыстағы ең үлкен сауда нүктесі саналатын «Small» сауда орталығындағы бағаның тұрақтылығы мен тұтынушыларға қолайлылығы үнемі қадағалауда. Аймақ басшысы К.Көкірекбаевтың «Ресей рублінің девальвацияға ұшырауына байланысты ол жақтан арзан тауарлар жаппай келіп жатқан жоқ па?» деген сауалына сауда орталығы директоры Роза Кәрібаева «жоқ» деген жауап беріп, отандық тауарлардың мұнда да 80-85 пайыз көлемінде екенін мәлімдеді. Сүт өнімдерінің басым бөлігі облыс аудандарында өндірілетін тауарлар. Нан да тараздық наубайханалардан келеді. Бұдан өзге де сөрелерді аралап шыққан Кәрім Нәсбекұлы дүкен иелеріне бағаның тұрақты қадағалануы керектігін ескертті. Мұнда да «Қазақстанда жасалған» акциясының белгілері барлық отандық тауарлардың баға көрсеткіштері қасына жапсырылыпты.

Жылыжайлар өнімі көбейді

Облыс аумағында 29,7 гектарды құрайтын 406 жылыжай орналасқан, оның ішінде 3,5 гектары – өнеркәсіптік жылыжайлар. Қазіргі уақытта облыста орналасқан барлық жылыжайлар көлемі облыс тұрғындарының 41 пайызын маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етеді. Алайда, тұрғындар сұранысын толық қамтамасыз ету үшін бізге әлі қосымша 40,5 гектар жылыжай салу қажет. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласы басшыларының айтуынша, бұл бағытта қажетті жұмыстар атқарылып, қажеттілікті 2018 жылға дейін толықтыру жоспарланып отыр екен. Бұл – әрине, болашақтың бастамасы. Бүгінгі міндет – қолда бардың қадірін білу. Қазір облыста жылыжайлар саны артып келеді. Әсіресе Жамбыл ауданы мен байзақтықтардың үлесі басым. Айталық, ауданда 2014 жылы «Талап» шаруа қожалығы тарапынан жалпы құны 225 миллион теңгеге 2,5 гектар алқапты құрайтын Корея технологиясымен өндірістік жылыжай іске қосылған. Аталған шаруашылыққа Үкімет тарапынан субсидиялау бағдарламасына сәйкес жылы­жай құрылысына кеткен шығынның

1030 пайызын, яғни 65,1 миллион теңге субсидия төленді. Жылыжай құрылысына қажетті инфрақұрылымды жүргізуге 16 миллион теңге қаражат «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы берілді. Сонымен қатар, «Серік» шаруа қожалығы өз қаражатына 70 миллион теңге құрайтын жалпы аумағы 2,0 гектар жылыжай құрылысын жүргізуде. Аталған екі шаруашылық та жылыжайға қажетті инфрақұрылымды жүргізуге «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша іске асыруға тапсырыс берген. Ал Жамбыл ауданында «Азамат» шаруа қожалығы аумағы 1 гектар болатын жалпы құны 157,3 миллион теңге түрік технологиясы бойынша өндірістік жылыжай құрылысын бастады, іске қосылуы мерзімі 2015 жылдың сәуір айына жоспарланған. Облыс әкімі кешегі жұмыс сапары барысында нарықтағы көкөніс бағаларын реттеуге бірден бір үлес қосып отырған осы жылыжайлар жайын білуді де мақсат тұтыпты. Ол алдымен Жамбыл ауданы Бектөбе ауылындағы «Орақбай» ШҚ жылыжайларын көрді. Қазір қиярлар алғашқы жемісін беріп жатыр екен. Мұндағы қиярлардың алғашқы легі адам саусағындай ғана болғанымен, кейінгілері 12 сантиметрге дейін жетеді. Қазір қожалық қиярларын базардағы саудагерлер көтерме бағамен алып жатыр. Шаруа қожалық енді осы айдың соңында қызанақтарының пісуін күтіп отыр. Сонымен қатар, мұнда болгар бұрышы да өсірілуде. Өз кезегінде қожалық басшысы Досымжан Оразқұлов жылыжай жұмысын реттеуге арналған облыстық кестенің дұрыс екендігін айтып өтті. Байзақ ауданындағы «Манат» шаруа қожалығы қиярлары ірі. Өйткені бұлар облыс әкімі бекіткен кесте бойынша «орақбайлық» шаруалардан ерте еккен. Енді мамыр айында көкөністерді далаға егуді бастап, маусым айының ортасына таман қызанақ теруге дайындалып отыр. Мұндағы 23 адам барлық көкөніске жіті назар аударып, өз деңгейінде қарау үстінде. Одан бөлек, су, тыңайтқыш беру жүйесі компьютерлік бағдарламамен реттелген. Мұндағы қиярлар қалада 250-350 теңгеден өткерілуде. Облыс әкімі осы аудандағы «Серік» және «Талап» шаруа қожалықтарының жылыжай кешендерінде де болып, басшыларымен сөйлесті. Болашақ жоспарларын тыңдады. Қайткен күнде де бұл бастамаларының жемісті болуы үшін аянбай еңбек ету керектігін атап өтті. Орынбасары мен аудан әкімдеріне де мемлекеттік қолдау аясында жылыжайларға мүмкіндігінше көмек көрсету керектігін айтты. Әсіресе, «Талап» шаруа қожалығының су үнемдеу технологиясы қызығарлық екен. Себебі, аймақтық су тапшылығы сезіліп отырған соңғы жылдары облыста мұндай технологияның бізге ауадай қажеттілігі сезілуде. Жалпы, 2014 жылдың соңғы маусымында барлық жылыжайлардан 1224 тонна өнім өндіріліп, оның 300 тоннаға жуығы Алматы және Астана қалаларына жөнелтілген болса, қалған көкөніс өнімдері Тараз қаласы айналасында азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бағытында өткерілді. Аудан орталықтары мен облыс орталығының коммуналдық базарларында жылыжай өнімдерін өсіріп, өткеруші шаруашылықтарға арнайы орындар бөлінген. Осы жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылы қызанақ пен қиярдың бағалары былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір төмендеген. Мұны «ҚазАгроМаркетинг» АҚ мәліметтері растап отыр. Мәселен, былтырғы 1 сәуірде қызанақ бағасы килограмына – 500, қияр 500 теңге болса, биылғы сәуір айында қызанақтың килограмы – 350, қияр 360 теңге болып тіркелді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Тараз қаласы, Жамбыл және Байзақ аудандары.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар