Шу аудандық Мәдениет үйінде «Шуақты, шежірелі дархан далам!» тақырыбында қазақ хандығының 550 жылдығына орай мектеп оқушыларының облыстық айтысы болып өтті. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйытқы болған жас ақындардың аламанына өңіріміздің әр қиырынан он бір айтыскер ақын қатысып, сөз сайыстырды. Шараны аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Майра Базарова ашып, жас ақындарға сәттілік тіледі. ҚР Журналистер одағының мүшесі Қуантай Байжолов жүргізіп отырған айтыс шулық Әділет Медетқұл мен Жамбыл ауданының үміті Орынбасар Бақытұлы арасындағы бәсекемен басталды. Ілгеріде айтыс сахнасына шықпаса да, өзін сахнада еркін ұстаған Орынбасар әдемі сөз өрнектей білетін талант иесі екенін танытып, ұтымды ойлар айта білді. Әділет те өзінің білімін, ілімін сахнада көрсете алды. Екінші жұпта сахнаға шыққан қордайлық Аягөз Тілеужан мен тараздық Дидар Апбасов арасындағы айтыста да орамды ойлар айтылды. Аягөздің «Халыққа ұнар терең сөз айту үшін, хандығымыз құрылған жерге келдік» немесе «Шу жері, қасиетіңнен айналайын, Керей мен Жәнібектер жігерлі еді, топырағың құнарлы болмаса егер, Осында хандар туын тігер ме еді» деген ұтымды тіркестері көңілге қонды. Бұрыннан жақсы өнерімен көзге түсіп жүрген Дидар да әдемі шумақтарымен елдікті жырлады. Бұдан өзге ақындар да өздерінің аламанға бос келмегенін көрсетіп, әдемі өлең жолдарымен жүректерді тербей білді. Әдемі жырларымен тәнті етті. Соңғы жұпта айтысқан республикалық оқушылар айтысының әр жылдардағы бас жүлдегерлері шулық Айым Көшербай мен байзақтық Шалқар Кеңесбектің айтысы жас қырандардың да өресі биік ойлар, танымға толы толғамдар айта алатынын аңғартты. Сөз сайысы түйінделер шақта, ақтық сында Бек Байтас пен Аягөз Тілеужан, Шалқар Кеңесбек пен Гауһар Әуезхан лайықты айтысты. Әйтсе де жұрт Айым Көшербай мен Дидар Апбасовтың айтысына ерекше көңіл бөліп, тамсана тамашалады. Қос айтыскер ұзақ айтысып, тең дәрежеде өнер көрсетті. Тамаша сөз қағыстырды. Қорытындысында айтыстың бас жүлдесін шулық Айым Көшербай иеленсе, жүлделі бірінші орын Дидар Апбасовқа бұйырды. Байзақтық Шалқар Кеңесбек пен таластық Гауһар Әуезхан екінші, қордайлық Аягөз Тілеужан мен меркілік Бек Байтас үшінші орындарды өзара бөлісті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді