«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аққулар тербелген айдын

Аққулар тербелген айдын
ашық дереккөз
Аққулар тербелген айдын

Тараз жұртшылығы бекзат өнердің бұлағынан сусындады Құс қанатының суылымен жаңа ғана тып-тыныш жатқан көл беті толқынданып, жан біткендей. Топ аққу толқынмен бірге баяу ырғалады. Наздана тербеледі. Ақ айдынмен сағына қауышқан құстардың әсем биіне елітті ме, алғашқыларына тағы бір тобы қосылды. Бейне бір көз алдыңда ақ сағым жүзіп жүргендей, жанарың жасаурайды. Шіркін, мына бір әдемі көріністі жан жүрегіңмен сезініп, сұлулыққа көзіңді суарып отыра бергің келеді-ақ. Әттең, бірақ осы сәтте музыка бітіп, би аяқталды. Аққулар дүр етіп көкке көтерілгендей, көзден ғайып болды... 15 16Жазғытұрым көл жағасында отырғандай әсер алған «Баласағұн» орталық концерт залына жиналған көпшілік Е. Құсайыновтың «Аққуларын» сахналаған қоюшы-хореограф М. Авахридің және «Астана балет» театрының бишілері, солистер Риза Қанатқызы, Балжан Нұрпейісова, Айнұр Сұлтанқожаева, Зере Исмайлова, Аяулым Мақұмова, Милана Буканова, Әлия Айтбаеваның өнеріне дән риза. Ыстық ықыласын білдіріп, қошемет көрсетті. Талғампаз Тараз жұртшылығы балет бишілерінің шеберлігіне сусап қалғандай екен. Бекзат өнердің бұлағына бірден бас қойды. Елордадан келген өнер ұжымының «Шығыс рапсодиясы» атты концерттік бағдарламасын екі күн бойы аса қызығушылықпен тамашалады. Концертке облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов келіп, театр артистеріне деген құрметін көрсетті. ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында вокалды аспаптар туындыларына тосын жаңалық болып енген стиль бірте-бірте балетке де жетіпті. Рапсодия десе, рапсодия. Астана театрының ұжымы эпикалық жанрдағы туындыларды сахналауда импровизацияға барған. Қоюшы-хореографтардың батыл шешімдері, әсіресе, Шығыс халықтарының билерінде айқын көрініс тапқан. Үнді биі «Сарасвати Тәңіриясында», қытай биі «Тао Йаода», жапон әуендеріне қойылған хореографиялық композиция «Жанай сезімде» астаналық мамандардың өзіндік қолтаңбалары байқалады. Л. Хамиди мен Р.Салаватовтың «Қазақ вальсін» сахналаған қоюшы-хореограф Г.Тұтқыбаева қойылымға өзгеше реңк беруге тырысқан. Е. Брусиловский, Р. Салаватовтың «Қыз Жібегінде» қоюшы-режиссер Мукаррам Авахридің қосқан бояуы бірден көзге ұрады. Балет – бекзат өнер. Классикалық музыка мен пластикалық би өнерінің шыңы. Екеуі көзге көрінбес нәзік жіппен өзара астасып, ұштасып жатады. Әуен мен қимыл, артистік өнер өзара үйлесім тапқанда ұлттың өткенін, тарихтың беттерін парақтағандай болмаса бір көркем лирикалық шығарманы оқығандай әсерде қаласың. Екі сағатқа жетер-жетпес уақытта сахнадан бір мезетке көңіліңді бөліп, назарыңды аударудан қорқасың. Сахнадағы өнер, шеберлік, хореография, әдемілік, музыка – бәрі-бәрі сені баурап алады. Балеттің  басты «көзірі» де осы. Маэстро! Саф өнер сарқылмайды, өлмейді. Өлуге қақысы жоқ. Өлшеусіз, тоқтаусыз өзеннің ағысындай уақыт жаңарып, дүние түрленгенімен, өмір сүруге тиісті дүние өз өмірін жалғай береді. Классика, яғни, жауһар өнердің де заман, дәуір, кезең атаулы ұғымдарды таңдамайтыны, уақыт көшінен қалмайтыны да сондықтан. Әйтпесе, Моцарттың «Реквиемі», Бетховеннің «Лунная сонатасы», Шопеннің «Ноктюрндері» әлдеқашан дәуір доңғалағының астында көмескі тартып қалар еді. Поляк композиторы да, австриялық туындыгер де заманалар толғанысын тудырды. Менталитет қалыбын сақтады. Сол елдің, ұлттың төл музыкасы, мұрасы іспеттес шығармалары, трагедия болса да, позитив болса да халықтың көңілінен шықты. Олардың бақыты да сонда. Сонымен «Көктем» классикалық өнер фестивалінің соңғы нүктесін әлем классикасының таңдаулы туындылары түйіндеді. А. Жұмакматов атындағы мемлекеттік академиялық үлкен симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен (дирижері Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Рахатбек Османалиев) түңлігі түрілген кеш Джузеппе Вердидің «Сицилийская вечерня» операсының увертюрасымен басталды. Сопрано, тенор, меццо-сопраноның жиынтығы аңғарылатын шығарма бұл күні өзіндік қалыптан өзгешелеу кейіпте көңілге қонды. Осы шығармадағы Еленаның балерасын орындаған еліміздің еңбек сіңірген артисі Майра Мұхамедқызының құбылмалы үні де құлақтың құрышын қандырды. Майра екі жақтық параллельді тең ұстады. Шығармадан алыстап кеткен жоқ, залмен байланыс орнатылды. Әрекеттері қазақыланбай, батыстық менталитетпен үйлесім тапқаны да көңілге қонды. Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Саян Исиннің орындауындағы Вердидің «Аида» операсынан Радаместің романсы да жүрекке жетті. Төрттаған іспеттес актілері бар шығарманың үзіндісін сахнаға алып шығу, ежелгі Мысырда премьерасы болған операдан партияны шыңына жеткізе орындау әрине әркімнің қолынан келе бермес. Саян Исиннің орындауындағы шығарма операдағы әрекеттердің барлығын толық қамти алмаса да, шеберлік максимализм мен минимализмнің ортасында екені байқалды. Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі Самандар Алимов сол Вердидің «Ригалетто» операсынан герцогтың әнін тамылжыта орындағаны жүрекке нұр құйғандай болды. Түйін қойған кеште Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Ленскийдің ариясы да орындалды. Саян Исин өз деңгейінде алып шықты. Орыс әдебиетінің күміс ғасырындағы алыптардың бірі, Пушкиннің «Евгений Онегинін» музыка түрінде түрлендіру, опера кейпіне енгізу туралы Чайковскийге Елизавета Лавровская ұсыныс тастаған кезде мықты деген Петрдің өзі алдымен оған абсурд ретінде қарап, ұлы шығармаға қол салудан қаймықты емес пе? Ұзақ ойланып барып қана қол тигізгені соның айғағы... Музыкадағы поэтикалық ағым тыңдарманды жан әлемінің тұңғиығына батырады. Ойландырады. Философия бар. Қимылдардың байланысы. Бір сөзбен айтқанда, нағыз классика! Демек, бұл шығармадан өз үлесіңді алу үшін бойыңда поэтикалық, әдеби сезім болуы керек. Исиннің бойынан оны байқамасақ та, кәсіби орындаушылықты аңғардық. Ол да керек шығар... Бұл күні солистер: Аизирек Момунова, Таир Бейшеев, Заира Райымбековалар өз міндеттеріне алған туындыларды көңіл қылын шерте отырып шырқады. Көңілге қонды. Тенорға да, баритонға да, басқаға да сусап жүргендердің құмарын қандырды. Сахнада орындалған шығармалардың барлығы дерлік тыңдарманды ләззатқа бөлеп, сегізінші нотаны іздеуге мәжбүрледі. Өйткені, классика өне бойындағы трагедия, иллюзия, фантазия, нәзік иірімдер арқылы тыңдарманды ойға шомдырады емес пе? Сол ой, сол үде мақсатына жетті. Баспасөз мәслихатында өздерінің дайындығына шәк келтірмеген солистер сөздерінде тұрды. Соңыра ықылас гүлі ұсынылды. Ең бастысы концерт барысында отандық туындылар да, көрші елдердің шығармалары да, батыс жауһарлары да сахнадан орын тапты. Соңында ел: «Браво, маэстро, браво, оркестр, бәріне браво!» деп қимай тарқасты.

Тараз. Ардақ Үсейінова, Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар