Ғаламат

Ғаламат
ашық дереккөз
Ғаламат

19немесе Нұрағаңның бақайымен күй шертуі

Сеніңіз, сенбеңіз бұл – шын болған оқиға. Мұны: ұмытпаса, естерінде сақтаса, белгілі публицист- жазушы, республика халқына аты танымал, кезінде Қазақстан Комсомолының идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшысы, Қазақстанның Кинематография жөніндегі комитетінің төрағасы (министр дәрежесіндегі), Республика радио-телевизия (теледидар) жөніндегі Мемлекеттік Комитетінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімі меңгерушісі, күні бүгінге дейін Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Қамал Смаилов, Ғани Мұратбаев, Баубек Бұлқышев, Мұқан Иманжанов сынды асыл тұлғалардың тас тұлғасын сомдаған, белгілі мүсінші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Досмағамбетов, басқа лауазым, атақтарын айтпағанның өзінде, жазушылығы мен мүсіншілігі һәм хан тұқымы екендігінің өзі жеткілікті Шота Уәлиханов, сондай-ақ, атының өзі-ақ айбар, Әлем ақыны әрі ғалым-мәмілегер Олжас Сүлейменов, белгілі жазушы Әкім Тарази сынды бүгінгі қазақ біртуарлары өтірік те дей алмас, теріске де шығара алмас! Өйткені, Қамал Сейітжанұлының 1967 жылғы ақпан айының алғашқы күндерінің біріндегі жаңа қоныстойында олардың бәрі төрт көзі түгел Нұрағаңның со бір ғаламатын көздерімен көрген! Сонда әлгі аталған мықтылар сол кезде-ақ аты әйгілі Нұрағаңның (Нұрғиса Тілендиевтің) мына ғажайыбын көзбен көріп таңқалып: «Адамда мұндай да қабілет болады екен-ау!» - десіп, таңырқасып, жағаларын ұстаған!

Айтқандай, со бір керемет кеште, Абылай хан (ол кездегі Коммунист) даңғылы мен Гоголь көшесінің қиылысында салынған, астыңғы қабатында «Юбилейный» («Мерейлік») деген үлкен гастрономы, «Қаракөз» деген тамаша кафесі, ломбард дүкені бар, о тұста кім көрінгеннің қолы жете бермейтін, сол жылдардағы Алматы қаласының ең биік тоғыз қабатты пәтер-ғимаратынан жаңадан қоныс тепкен «Қазақфильмнің» дыңдай директоры, әрі Қазақстан Кинематография Мемлекеттік Комитеті төрағасының орынбасары Қамал Сейітжанұлының жаңа пәтеріне сол шақта-ақ исі қазаққа аттары белгілі бола бастаған Олжас, Шота, Әкім, Төлеген сынды мықтылар жиналатын болыпты. Біз, Заря екеуміз жанұямызбен Қамағаң мен Накеңнің (Надя Нәжмеддинқызы Шманова, профессор-педагог) университет тәмамдағаннан бергі қоян-қолтық араласқан досымыз-ды. Қан-жынымыз аралас-ты. Сондықтан, ат арқасына мініп, «үлкен астаудан» ас ішу дәрежесіне көтеріліп қалған, министр орынбасары дәрежесіндегі Смаилов, пәтер жалдап тұрған «қара-табан» жылдарда шелек көміріміз бен құшақ сексеуілімізді бөліскен бізді де өздерінің әлгіндей мықты жаңа достары арасына қосыпты. 1966 жылы желтоқсанның 30 жұлдызына дейін Алматыда қылау қар жаумай, «қара күз» болып тұрған да, сол 31-іне қараған түнде, алдында, қатты жаңбыр жауып, соңы қарға ауысқан. Сонсын, жаңа 1967 жылдың алғашқы күндерінде қатты аяз болды. Содан ірге жолдар түгіл, көшелер бойы көк тайғаққа айналған. Осындай қияпатта такси машина да ұстап міне алмай, жаяулап-жалпылап әзер жетіп, жұбайымыз екеуміз лифтімен Сейітжанұлының жетінші қабаттағы жаңа пәтеріне көтерілдік. Келсек, қазақтың жаңа атаған жас ығайлары мен сығайлары бұрын келіп қалыпты. Олардан маған Шота мен Әкім ғана жақсы таныс. Өйткені, Шотаны мен «Лениншіл жас» газеті редакциясында жауапты хатшы болып қызмет атқарған жылдардан білетінмін. Оның Шоқан Уәлиханов атасы жайлы пъесасын аталған газетте басыльп шығуға себебім тиген. Әкім болса, со жылдарда көрші редакциялардың бірінде қызмет істеді. Ал, Олжасты аты шығып, дүрілдеп тұрған орысша жазатын күшті ақын екенін білгеніммен, былай жыға таныс емеспін-ді. Сонсынғы кейін білген Төлеген деген қоңқақ мұрын кішкентай жігітті бұрын мүлде көрмеген едім. Біз үйге аяқ аттай, ақсия күліп, күйбежеңдеп қарсы алған Қамал, дереу шешінуімізге көмектесті де: — Жүр, Ыдырысов, жігіттермен таныстырайын! — деп бірден бір жаққа қарай сүйреді. Сөйтсем, ол жігіттерден гөрі маған, алдымен, мен бұрын көріп-білмеген «лоджия» дейтін кереметін көрсетпек екен! — Олар «лоджияда»! — деді, балконға ұқсас, бірақ, одан әлде қайда кең де, ұзын да, шынылаған, «тыстағы» үлкен бөлмеге кіргізіп. Оған кәдімгі ішкі бөлмелердегі сияқты кілем де төсеп, жабық бүйір қабырғаларына жағалай кресло, отырғыштар да қойып тастапты. Нақ ортада жатаған журналдық стол. Күллі ғимараттың тау жаққа қараған ішкі бетіндегі тұтас шыны қабырға-терезе алдында Алатауға қарасып дабырлай сөйлесіп, төрт-бес жігіт тұр. Олардың ішінен, өзіміз қонақтықта жиі кездесетін, жас шамасына қарай біз «шал» санайтын, бірақ, Қамалға әрі жерлес, әрі туыс-аға болғандықтан бізге де аға іспетті сұлу келбетті, ақжарқын Мәкенді (Мәулен Арыстанбековті), Шотаны, Әкімді бірден таныдым. Ал, күлімсіреген қысық көздеу, қоңқақ мұрын кішкентай жігітті мүлде танымадым. Сол жігіттер тұрған тыс бөлменің есігін аттай, Қамал: — Ал, Ыдырысов, міне, біздің лоджия! Көрімдік! — деді, мәз боп күліп. — Министрдің орынбасары, білдей директор ақшаға жарлы емес шығар?! Сонда да қазақтың жоралғысы ғой! Міне, көрімдігің! — деп, мен де жөннен жығылмай, жан қалтамнан оған бес сом алып ұсындым! — Бәсе, КазГУ-ді сорып жатқандар осылай болса керек еді-ау! — деп, Қамағаң мені тағы бір қағытты да: — Шота, Әкім, сендер Әбілфайызды білесіңдер ғой! Ал, Олжас, Төлеген, сендер бұл мықтымен онша таныс емес шығарсыңдар? Бұл біздің «Ленжастық» дос! ЬІдырысов деген мықты осы! Қазір университеттің журфагін сорған ұстаз! Ал, Әбілфайыз, Олжаспен сен оның «Жер, бізге бас иінен»-ақ таныс шығарсың! Мына жігіт: Төлеген Досмағамбетов! Мықты мүсінші! Мәкеңді білесің! Енді келмеген тек көршіміз — Нұрағаң ғана! Со кісіні сәл тосайық! — деді. Сөйтіп, мен бұрын көріп, білмеген мүсінші Төлегенмен де солай таныс болдым. Ал, Қамалдың: «Енді келмеген тек көршіміз — Нұрағаң ғана!» — дегенін естігенде: «Ол Нұрғиса болды ма екен?! Басқа кім дейсің?! Сол шығар! Ол кісі болса, тіпті ғажап болды! Бір кездесуге аңсап жүрген адамымды көзбен көріп, тура дастархандас болатын болдым!» — деп, қуандым іштей. «Неге?» — дейсіз ғой. Шыным. Жұбайымның әншілігінен бе? Өзімнің де әнге құмарлығымнан ба? Неден екенін өзім де білмеймін. Табиғатымнан әйтеуір сазгерлермен жақын болуды жаратам. Соныма орай, қаладағы сол кездегі әйгілі Ахмет (Жұбанов), Хамиди (Латиф), Бақытжан (Байқадамов) ағайлардан басқа, қазақ сазгерлерінің қай буынымен де таныспын-ды. «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттері редакцияларында қызмет істеген кезде: Әбекең (Әблақап Есбаев), Бекендермен (Жамақаев) мүлдем жақын болдым. Олар авторларым да, бастары «ауырғанда» соны жазатын шишалас достарым да еді. Көзі тірісінде Жамал деген баспагер апайдың үйінде Садық Кәрімбаевпен де талай кездесіп, өз аузынан талай әндерін тыңдадым. Сыдекеңмен (Сыдық Мұхаметжанов) де таныспын. Ол үйіндегі пианиносын мен «Қазақстан пионері» газетінде жауапты хатшы боп қызмет істеп жүргенде, менен қарызға алған ақшаға сатып алған. Мәкәлім Қойшыбаевпен де біліспін. Онымен де аракідік «сыралатып» қоятынбыз! Шәмші болса, сазгер ретінде, әндерінің нотасы соның бетінде жиі-жиі жарияланып, әуелі ол көпке «Лениншіл жас» газеті арқылы танылды. Оны біз «Лениншіл жастық» «жалаңтөстер» Құдыс Қожамьяров консерваториядан қуайын деп жатқанда, арнайы «азулы» мақала жазып, арашалап та қалғанбыз. Тіпті, 1958 жылы ол әйгілі «Қайықта» әнінің саз нотасын біздің газет бетінде бастыруға әкелгенде, оның осы туындысын түскі үзіліс кезінде редакция қызметкерлері бірден үйреніп, хор боп айтып, сол әннің тұңғыш ұжымдық орындаушысы да болғанбыз. Содан бері Шәмші — «өзіміздің Шәмшіміз»! Илия (Жақанов) мен «Қазақстан пионері» газетінде күні кеше (1961-1965) редактор болған жылдарда өзімнің бөлім меңгерушім, оң қолым болды. Өмірбекпен (Байділдаев) қазақ радиосында аз уақыт Бас редактор болғанда, бірге істестім. Сырлас дос, жолдас! Еркеғали да (Рахмадиев) таныс. Құдайы көршім болған Жекеңнің (Жексенбек Еркімбеков) үйінде жиі кездесеміз. Міне, осылай! Тек: оның басқасын былай қойғанда, күні бүгін қай отырыста да аузымыздан түспейтін «модамыз» болған бір «Куә бол!», «Ақ құсым!», «Құстар әні» сияқты әндері үшін ғана құдайдай құрметтейтін, ал, Құрманғазы атындағы мемлекеттік аспаптар оркестріне дирижерлық еткенде әр қимылына айызым қанатын, және, жасыратын несі бар, мінезі, қылығы жайында да неше түрлі қаңқу сөз бар, бірақ, бір құдай куә, өзім құдайдай сыйлайтын Нұрағаңды алыстан концерттерде көргенім болмаса, былай жүзбе-жүз, кезіккен де, көрген де жоқ едім, осы күнге дейін. Мына қараңыз, сол әйгілі сазгер, ғажап дирижер қазір арамызға келмек! Бізбен бірге болмақ! Енді Тілендиевпен де дастархандас, дәмдес болатын болдым! Осындай сезіммен Қамалдың жаңа пәтерінде мен бір түрлі өзімнен-өзім тасып кеттім! Содан ба, нақ со бір сәт басымда: «Осы мен бір қызық, бақытты адаммын! Қазақтың осы замандағы күллі ұлысының не қасында болдым, не кезіктім! Мұхтар ағамен! Сәбеңмен!.. Күллі сазгерлерімен! Өткен ғасырда тусам, нақ осы кездегідей бақыттылығым болса, онда мен со заманда ұлы Абаймен де, Біржан, Ақандармен де кездесер ме ем, қайтер ем?!» — деген ой жалт етті. Сөйткенше болмады, ішкі бөлмелерден: — Смаиловтың бүгін бізді тойға шақырғаны рас па, өзі?! Неге қарсы алмайды, қонағын?! — деген, дабырлаған, қырылдағандау дауыс естілді. — О-о! Міне, Нұрағаң да келді! — деп, Қамал ішке ұмтылды. — Жігіттер, залға еніңдер! Енді дастарханға отырайық! Лоджияда тұрған біздер де ішке беттедік. Дабырлай сөйлеп залға Нұрағаң кірді. Оны дәл қасынан ғұмырында бірінші рет көруім. Нұрағаң сығыр көзділеу, аузы үлкендеу, жалпақ мұрынды, ұзын бойлы, жалпақ бет, ақсары, сидаңдау кісі екен. Бірден назар аударғаны қалқандай үлкен кұлағы мен адам жатырқамайтындығы болды, оның! — Қараның мықтылары да, хан тұқымы да осында жиналыпсыңдар ғой! Аман-сау бармысыңдар, жігіттер?! Жаңа жыл кұтты болсын, бәріңе! Денсаулық, шабыт, бақыт әкелсін, келген жыл! Ал, Қамал, сенің мына жаңа қонысың — жаңа бақыт ордаң болсын! Бұдан енді министр боп бір үлкен Сарайға көшкей! Ал, оған дейін мұның ішін бір келістіріп, жуайық келіп!.. — деп, дабдырлай сөйлей кірді. Одан әрі сөзін — Елуге қадам басқан менен үлкенің жоқ шығар? Төр маған тиетін болар! — деп бірден жасаулы тұрған самсаған тағамды стол басына қарай беттеді. — Кешіріңдер, жігіттер, көп күттіріп қойдым ба?! Қазір бәйбішелер жиһазға тойған ба? Мына жеңгелерің тағы да біраз сырлы тақтайлар алдырып, соның әлегімен кідіріп қалдық! Оқа емес, енді асықпаймын! Үй арасы жақын! Директордың үйіне қона жатуға болады! Нұрағаң келісімен-ақ жұртты осылай бірден баурап әкетті. Шотаның тойтақсырлығымен думан басталып, қызды. «Байдың малын аяма!» — дегендей ағыл-тегіл тағамды ішіп-жеп те жатырмыз. Желпініп сөйлеп те жатырмыз! Тойтақсырдың ұйғарымымен ойын-сауық, ән-күй «Смаиловтың лоджиясында» өткізілмек болған. Біраз «желдеп» алып, бірінші отырысты тәмамдап, улап-шулап сонда шықтық. Онда да жатаған столға дастархан жасалып қойылған екен. Шота қонақтарды оның басына жуытпады, іргелердегі отырғыш, креслоларға отырғызды. — Енді, — деді, ол. — Шарап алу «конкурстық» негізде ғана болады! Оның мәнісі: басқаларға тост көтерту құрметіне ие болу үшін, алдымен әр қонақ өз өнерін көрсетеді. Өлең айта ма! Би билей ме! Сиқырлық өнер көрсете ме! Тіпті, қалаған келіншегінің, жігіттің жұрт көзінше ернінен сүйе ме! Не істесе, өз еріктері! Солай еткен «конкурсанттың» тостын қалғандар тамшы қалдырмай тегіс алады! Олай жасамаған қонақтар «жаза» тартып: не «ақаң» ішеді, не жұрт не істе десе, соны істейді. Мәселен, шара кесемен сорпа не су ішкізіледі. Киіммен үстіне суық су кұйылады. Бетіне күйе жағылады. Бұл бір. Бастысы — ол «конкурста» ерекше өнер көрсеткенге арнаулы артықша сый бар. Оны мен өз есебімнен, өз қалтамнан тағайындап тұрмын! Ол менің осы пәтерге берген көрімдігім есепті! Құны қымбат сағат! Және жүз сомдық! «Жеңіскер» сыйды заттай да, ақшалай да алуға құқықты! Тек біреуін! Жігіттерге, әсіресе, соңғы мәніс ұнады: — Мынау, тіпті, керемет болатын болды ғой! Ертең ресторанға барып бас жазуға! — деп, гуілдесті олар. Лоджиядағы қызық басталып кетті. Көбіне ән айтылып, би биленіп жатыр. Бірер жігіт қалаған келіншектерінің де еріндерінен сүйді. Бірақ, бас жүлдеге қолы жеткен әзірше ешкім де табылмады. Көрсетілген өнерлер «әдепті» болып шығып жатты. Кімнің де көңілі бас жүлдеде! Әсіресе, жүз сомда! Өйткені, ол кезде 100 сом қыруар ақша, қыруар байлық! Оны да қойшы! Сол бас жүлдені жеңіп алу деген қандай абырой! Мәртебе ғой! Мен өзімше іштей: «Бас жүлдені ғажап күйін — «Аққуын» тартып не Нұрағаң, не «Жібек пен Төлеген» болып ария орындап, Заря екеуміз алармыз!» — деген ойдамын. Конкурс, бас жүлде үшін Нұрағаң әлгі күйін де тартты. Шота оған бас жүлдені: — Әлі лайық болмай жатыр! — деп, бермеді. Және ол: — Ағайындар, ондай жүлденің барына сенбей отырған шығарсыңдар? Міне, жүлде! — деп, қалтасынан шын алтын сағат пен жүз теңгені жұртқа көрсетіп те қойды. Шынында жүлде барына сендік. Қонақтар бас жүлдеге енді тіпті өзеурей түсті. Бәйгеге Заря екеуміз түстік. Бекежан мен Жібек арияларын орындап, операдан «көрініс» жасадық. Бұрын талай шаршы топта жұртты тамсантып, таңқалдырған біздің ол өнерімізден де ештеңе шықпады. — Бұл да бас жүлдеге лайық емес әлі! Бұрыннан көрген, тыңдаған дүниеміз! Оқыстығы жоқ! — дегенді айтып, Шотекең бізді де «жерге қаратты». Осы сәтте: — Ал, ендеше, сол жүлдені мен алмай қойман! — деп, Нұрағаң күйбеңдеп, аяғындағы әдемі үші сүйір қара туфлиін шеше бастады. Онымен де тынған жоқ. Оң аяғының носкиін де сыпырды, жалаңаяқтанды. Сол күйде орнынан тұрды. Бір арқасы бар отырғышты ортадағы жасаулы столдың жанына жақындатты. Бір туфлилі. Бір туфлиі носкиімен оның алғашқы орнында қалды. Өзі сол жартылай жалаңаяқ күйде лоджияның үлкен терезесіне тақап, жалаңаш аяғын көтеріп, әлгі терезенің астыңғы жарына тіреп, бақайларын қимылдатып, әрлі-берлі бүктіріп «жаттығу» жасады. Біз аң-таңбыз. «Нұрағаңның бұл не кереметі?!» — деген ойдамыз. Мұндайда адамның басына не келмейді. «Аяғы кір болмаса жарады! Олай болса, білдей әйгілі адамның башпайларының кірін көріп, бетімізден басамыз-ау, ұят-ай!» — деп те ойлап үлгіріп, мен өз басым оның жалаңаш аяғының басына, ондағы башпайларға көз тастап үлгеріп ем. Тап-таза. Аяқбасын, ондағы саусақ сияқты тап-таза ұзын башпайларды көрдім. Нұрағаң, бес башпайдың әр қайсын, кәдімгі қол саусақтарын қимылдатқандай әрлі-берлі қозғап тұр, лоджия терезесі алдында. Осы екі арада Нұрағаң жатаған стол қасына қойған арқалы орындығына барып отырды. Бәйбішесінен жаңа өзі отырған жердегі іргеге сүйеп қойған домбырасын әперуді өтінді. Сөйтіп, берген домбыраны қолына алды да: — Менің «Аққу» күйімді кайыра тағы тыңдаңдар, қонақтар! — деді. Күй безілдеп басталып кетті. Біз әуелде, қалай тартылып жатқанын аңдамай да қалдық. Нұрағаңның өзінің кәдімгі қолмен тартқандағыдай әдепкі қос шек үнін неше құбылтатын сілтесі: безілдетіп қағуы, асты-үстілі кейде қатты, кейде ақырын шертісі. Әдетте, ұлы домбырашының домбыра шектерін не ғажайып үндермен бебеу қақтыратын екі қолының қимыл қозғалысына: сол қолының пернелер бойымен әрлі-берлі «жүгірісіне», оң қолының саусақтарының домбыра шанағында жоғарылы-төменді сілтегеніне, бес саусақтың бірге болып жосылуына, сұқ саусақ, ортан саусақ, шынашақтың жеке-жеке болып та, екеулеп те, үшеулеп те шертілуіне караймыз ғой, көз алмай! Солай жасайын, деп, Нұрағаңның қолдарына көз салып ем. Ғажап! Оң қолы жанында салбырап бос тұр! Оның тізеден бүгілген оң аяғының балтыры машинаның айналма білігіндей, жоғары-төмен жылпылдай қозғалады. Домбырадан үн шығарып, безілдетіп, шертіп жатқан соның қозғалысы! Ғажап қалып, таңданып, атып тұрып, Нұрағаңның алды жағына шықтым! О, тоба! Шынында, домбыраның шанағы үстінде «қимыл» жасап, қол «қызметін» атқарып отырған оң аяқ балтырының аяқ басы мен соның бес башпайы! Құдды қол! Табан, өкше аспап шанағы бетіне тимейді. Қос шекке тиіп, үн шығарып жатқан тек аяқ басының башпайлары ғана! Олар балтыр төмен-жоғары «қозғалыс» жасағанда шектерді бесеу болып та, үшеу, екеу, біреу болып та жосылтады, шертеді, безек қақтырады, тыңқылдатады. Бейне қол! «Аққу» қандай күрделі күй! Сан үнді, сан сарынды, сан құбылмалы емес пе! Аққудың көл бетінде ұша жөнелгенін, көкке өрлегенін бейнелегенде, домбырашы қолын көсілте жосылтпай ма! Ал, құс айдынға төмендеп, қонарда тартыс мамырлайды, байпаңдайды! Сол сәтте су бетіндегі сұлу сыза жылжып жөнелгендей болады. Осындай нешеме өзгеріс, нешеме құбылыс! Соның бәрін «қолдық боп қызмет атқарған» аяқ басы, башпайлар айна-қатесіз орындап жатыр. Күйшінің өзі көзін тарс жұмған. Басын оңға-солға анда-санда сәл бұрып, кейде төмен түсіреді. Мұрын делдиген. Жиі-жиі тыныстайды! Осы міз бақпас қақшиған отырыста Нұрағаң күйді тұтас тартып бітіп, башпайларының шектеп «шығартқан», сызылтып шеки-шеки шыққан үнімен құс сұлуын көл бетінде «ұйықтатып», «қондырып» тастап, өзі де есеңгірегендей болып «орнынан» тұрды. «Міне осылай!» — дегендей жан-жағына иіліп, ізет етті де, ол бір туфлиі мен носкиін тастаған орынға беттеді. Нұрағаңның мына ғажабына бізде ес жоқ! Қол соғып та жатырмыз! «Жаса, жаса, Нұраға!» — деп те жатырмыз! — Сағатыңды емес, жүз сомыңды әкел, Шотаман! — деді, ол, шешкен носкиі мен туфлиін аяғына қайта киіп жатып. — Ертең онымен кешкісін, мына жердегі «Жетісу» ресторанында өздеріңнің бастарынды жаздырам, жігіттер!

Міне, сонда әлгіндей ғажап өнер көрсеткен Нұрағаң қырық екі жасқа жаңа қараған екен! Нақ со сәтте, со той кеште оның қасында болып, әлгі кереметін көзбен көрген біздер Нұрағаңның кейінгі өзінің нұрлы өмірінде: Әлемге әйгілі «Отырар сазы» атты ғажап фольклорлық-этнографиялық оркестр ұйымдастыратынын (1981 жылы), тарихта мәңгі құнын жоймас «Алтын таулар» атты опера, «Достық жолымен» атты балет, «Менің Қазақстаным» атты кантата тудыратынын, сондай-ақ, «Ата толғауы», «Аққу», «Махамбет», «Арман», «Ақсақ құлан» атты және басқа да поэмалар, ондаған күйлер, увертюралар шығаратынын, жүздеген әндер мен романстар, драмалар мен спектакльдерге, көркем фильмдерге (мәселен, «Қыз-Жібек») арнап саздар жазарын, әрине, болжай да, ойлай да алған жоқ едік. Оның: қазақтың ұлттық музыка өнерінің тамаша дәстүрлерін одан әрі дамытысып, қазақ сазының асқақтығын, айрықша сазды, назды нақыштылығын сақтап, әрі байытысып, соларды халық өміріне терең бойлатысып, өз туындыларында адам табиғатын, оның рухани және жасампаздық қасиетін саз тілімен кереметтеп өрнектеп, музыкалық мұрамыздың жалықпас насихаттаушысы һәм тынымсыз таратушысы болып, ұлттық сазгерлеріміздің классикалық күйлерін қалың бұқараға мөлдір қалпында жеткізісіп, 74 жасқа қараған шағында бұ жалғаннан озатынын ойлаған да жоқ едік! Оны өз қасымыздағы әдепкі мықты сазгер, білікті дирижер, сиқырлы керемет домбырашы ғана деп білгенбіз! Оның тек сол қасиеттеріне табынып, тәнті болғанбыз! Сөйтсек, ол, сонда-ақ, қасымызда тірі жүрген, академик Манаш Қозыбаевтың сөзімен айтсақ: «Құдіреттің! Өнердің! Тәңрінің синонимі! Ғасырларда бір туар дарын! Дауылпаз тұлға! Жаңа заманның Құрманғазысы! Саз Патшасы екен ғой!..» О, қайран дүние-ай, десеңізші! Ұлының ұлылығын кешігіп, артынан білеміз-ау!?

Алматы, 2000 жыл.

Әбілфайыз ЫДЫРЫСОВ, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. 

Ұқсас жаңалықтар