Игіліктің үлкені - индустрияландыру
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасының бірінші бесжылдығы аяқталды. Осы мерзімде облысымызда 597,2 миллиард теңгені құрайтын 41 инвестициялық жоба қолға алынып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген болатын. Оның жүзеге асырылу барысы қалай? Осы мәселе облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде кеңінен әңгіме болды.
«Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын» Жамбыл облысында іске асырудың 2010-2014 жылдардағы қорытындылары және 2015-2019 жылдардағы міндеттері туралы облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиев хабарлама жасады.
– Бүгінгі таңда жоспарланған 41 жобаның 33-і іске қосылды. Олардың жалпы сомасы 123,3 миллиард теңгені құрады. Мұның өзі өңіріміздегі 5 мыңға жуық тұрғынды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етті. Біз бағдарламаға инновациялық және маңызды жобаларды енгізудеміз. Әлбетте, бұл әлеуметтік мәселелерді шешуге және өңірдің ішкі өңірлік өнімінің ұлғаюына серпін береді, – деді Алмас Өскенбайұлы.
Оның айтуынша, «Super Pharm» ЖШС еліміз бойынша «шикізаттан дайын өнімге дейін» өндіріс циклын пайдалануда екен. Сондай-ақ, «Құрылыс-Полимер» ЖШС полимерден 20-ға жуық әртүрлі құрылыс материалдарын өндіретін өндіріс болса, «Мыңарал Тас компани» ЖШС француздық технология бойынша цементті құрғақ тәсілмен өндіреді.
Тағы бір айта кетерлігі, Индустрияландыру картасының 41 жобасының әрбір екіншісі мемлекеттен қаржылай көмек алып отырған. Демек, 20 жобаға жалпы, 21,8 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік көмек көрсетілген.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуының нәтижесінде облысымызда 2009 жылмен салыстырғанда негізгі өнеркәсіп саласының көрсеткіштерінің өсімі едәуір артқан. Өнеркәсіп кәсіпорындарының өнім көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 274,3 миллиард теңгеге жетсе, бұл көрсеткіш 2009 жылы 115,0 миллиард теңгені құраған.
Өткен жылы жалпы құны 22,34 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылып, 1000 жаңа жұмыс орны ашылған.
– «БиномСтройДеталь» ЖШС «Үй-құрылыс комбинатының құрылысы» жобасын жүзеге асыру нәтижесінде – 65, «Talas Investment Company» ЖШС «Натрий цианидін өндіру зауыты» жобасы бойынша – 491, «Vista International» ЖШС «Қордай жел-электростанциясының құрылысы» жобасы бойынша – 13, «Арайстроймаркет» ЖШС «Алюминь радиаторларын өндіретін шағын зауыты» жобасы бойынша 25 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, «Central Asia Gold Production» ЖШС «Асыл металл өндіретін жаңа зауыттың құрылысы» жобасы бойынша – 25, «Мың-Арал компаниясы» ЖШС «Балық өңдеу зауытының құрылысы» бойынша 250 жаңа жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығының аяқталуына орай, Инвестициялар және даму министрлігінің ұсынымы бойынша Индустрияландыру картасынан барлығы 33 жоба шығарылды. Шығарылған инвестициялық жобалар басқарманың ұдайы назарында болады. Олардың орнын жаңа жобалар басады, – деді Алмас Мәдиев.
Кеңесте бағдарламаның екінші бесжылдығындағы жоспарлар да пысықталды. 2015-2019 жылдары облысымызда жалпы құны 578,9 миллиард теңгені құрайтын 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады деп күтілуде. Жобаларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезеңінде 6,5 мың және іске қосылу кезеңінде 5,2 мың жаңа жұмыс орындарының ашылуы жоспарлануда. Үстіміздегі жылы ол өз нәтижесін көрсетеді деп күтілуде. Бағдарлама аясында ағымдағы жылы 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ екен. Тоғыз инвестициялық жобалар ішінен 3 жобаны ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосу көзделіп отыр. Ал келесі 2016-2019 жылдары Тараз қаласының, Жамбыл, Шу, Талас, Қордай, Мойынқұм, аудандарының аумағында 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы тұста Алмас Өскенбайұлы Меркі ауданынан Индустрияландыру картасына бірде-бір жоба енбегенін атап көрсетті. Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев жұмысы мүлде тоқтап тұрған жобаларды сынға алды.
– «Тараз металлургия зауыты» ЖШС жұмысын 2013 жылдың сәуір айынан бастап тоқтатқан. Мұнда үстіміздегі жылдың 10 қаңтарынан бастап №4 пеш іске қосылды. Сонымен бірге, қытайлық «Dalian Heavy Industries» компаниясының қатысуымен «Тараз металлургия зауыты» ЖШС базасында 250 миллион АҚШ доллары көлемінде ферроқорытпа, көміртегін қайта өңдеу, химиялық өндіріс, химия және металлургиялық шлактарды қайта өңдеп, құрылыс саласында пайдалану үшін өнеркәсіптік өндіріс паркін құру жоспарлануда. Қытайлық компания тарапынан ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы жылы 31 қаңтарда Қытай компаниясының өкілдері «Тараз металлургия зауыты» ЖШС-ның өндірістік базасында болып қайтты. Қазіргі уақытта жұмыс жобасының тұжырымдамасы және оны одан әрі дамыту жұмыстары жүргізілуде, – деді А.Мәдиев.
Бұдан кейін сөз алған Шу ауданының әкімі Бақытжан Нұркенов бағдарлама аясында аудандағы атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталды. Ол Индустрияландыру картасына 2012 жылы енгізілген «Kaz Ir Agro» ЖШС «Мақсарыдан (суықтай сығылған) май өндіретін зауыт», сондай-ақ, 2013 жылы «Компания A & T – Энерго» ЖШС Тасөткел су қоймасындағы шағын ГЭС құрылысының жобасы мен «Бірлік энерго» ЖШС Мұнай өнімдерін өңдейтін шағын зауыттардың жай-күйінен хабардар етті. Сонымен қатар, Бақытжан Балтабекұлы бағдарламаның келесі бесжылдық жоспарындағы Шу ауданының үлесін ескеріп, жоспардағы шараларды дер кезінде нақтылап отыруды қолға алатындықтарын жеткізді. Бұдан кейін Кәрім Нәсбекұлы басқа да аудан басшыларына бағдарлама жоспарын кешеуілдетуге ешқандай себеп болмау керектігін ескертті.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілда Рахманбердиев Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің және жоғарғы мемлекеттік органдар мен облыс әкімінің, облыс әкімдігінің актілері мен тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.
Жиын соңында облыс басшысы қала, аудан әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, бірқатар азаматтар марапатқа ие болды. Көп жылғы елеулі еңбегі, мінсіз қызметі үшін Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министрлігінің құрмет грамотасымен облыстық мәслихат депутаты Совет Қалмамбетов, Қазақстан Республикасының ауылшаруашылық министрлігінің «Ауыл шаруашылық саласы үздігі» төсбелгісімен Меркі аудандық мәслихат хатшысы Ілияс Ахметжан және Жамбыл аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиевтер марапатталды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді