Лизинг дегеніміз – мүлікті ұзақ мерзімге жалға алып, кейін толық төлем жасаған соң меншікке рәсімдеу тәсілі. Яғни, сіз бастапқыда үйдің толық иесі болмайсыз, тек оны пайдаланасыз. Барлық төлем аяқталған кезде ғана үй сіздің атыңызға өтеді. Бұл ипотека ма? Жоқ, толықтай ипотека емес. Ипотекада сіз банк арқылы несие алып, үйді бірден өз атыңызға тіркетесіз. Бірақ ол үй кепілде тұрады. Ал лизингте үй бастапқыда лизингтік компанияның меншігінде болады. Сіз тек төлем жасап отырған тұтынушысыз. Қазақстанға қаншалықты қолайлы? Бір жағынан, лизинг – ресми табысы жоқ немесе банктен несие ала алмайтын азаматтар үшін жақсы мүмкіндік. Себебі лизингтік компаниялар көбіне табысқа қатаң талап қоймайды. Құжат жинау да ипотекаға қарағанда жеңілірек. Бұл әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер үшін тиімді. Дегенмен тиімді тұстарымен қатар, ескеретін маңызды тәуекелдер де бар. Лизингтің басты артықшылығы – қолжетімділігі. Алғашқы жарна кей жағдайда төмен болуы мүмкін немесе икемді төлем кестесі ұсынылады.
Сонымен қатар банк секілді ұзақ тексерістер болмайды, бұл уақыт үнемдейді. Тағы бір тиімдісі – төлемді кешіктірсеңіз де, кей компаниялар бірден қатаң шара қолданбай, келіссөз жүргізуге мүмкіндік береді. Ал кемшіліктеріне келсек, ең үлкен минус – үй сіздің атыңызда болмайды. Демек, төлемді тоқтатсаңыз, үйден айырылып қалу қаупі жоғары. Бұған дейін төлеген қаражатыңыз да толық қайтарылмауы мүмкін. Сонымен қатар жалпы төлем сомасы ипотекаға қарағанда қымбатқа түсуі ықтимал. Себебі лизингтік компаниялар тәуекелді өз мойнына алғандықтан, пайыздық үстемені жоғары қояды.
Тағы бір маңызды мәселе – құқықтық қорғалуы. Қазақстанда ипотекалық жүйе жақсы реттелген, ал лизинг нарығы әлі толық қалыптасу үстінде. Сондықтан келісімшартты мұқият оқып, әр тармағын түсініп алу өте маңызды. Қаржылық сауаттылық тұрғысынан қарасақ, лизинг – «оңай жол» емес, тек балама нұсқа. Егер тұрақты табысыңыз бар болса және банк талаптарына сай келсеңіз, ипотека көбіне қауіпсіз әрі тиімді. Ал егер ресми табыс болмаса немесе несие тарихыңыз әлсіз болса, лизинг уақытша шешім ретінде қарастырылуы мүмкін.
Үйді лизингке алу – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілген мүмкіндік. Бірақ ол шешімді эмоциямен емес, нақты есеппен қабылдау қажет. Әр теңгенің қайда кететінін, қандай тәуекел барын түсінген адам ғана қаржылық тұрғыда ұтылмайды. Forbes Kazakhstan шолушысы Ольга Тонконог осы тақырыпты кеңінен тарқатқан екен. Нарыққа жаңа тренд еніп келе ме, онда қарапайым халық оның не екенін, пайдасы мен зиянын біле жүргені артық емес. Жалпы, үйді лизингке алу әдісі батыс елдерінде кеңінен тараған. Бірақ біз дамушы елміз. Өзімізді алпауыттармен салыстыра алмаймыз. Өйткені нарығымыз да, экономикамыз да басқа талаппен қалыптасады. Ең ақыры – инфляциямыз бен базалық ставкамыз да жер мен көктей. Осы тұрғыдан алғанда, кредит те, лизинг те қалтамызға әрқалай әсер етеді. Қазақстанда сіз бен біз секілді жеке тұлғалардан коммерциялық лизингке үй алған ешкім жоқ.
Былтыр бұл мәселе Парламентте талқыланған. Ал биыл BI Group «Лизингке пәтер» бағдарламасын іске қосқанын алға тартады автор. Ипотека деген не? Оны білесіздер, үйді бірден сатып аламыз, сол үшін банк бізге ақша береді. Яғни, үй – қарыз рәсімделген сәттен бастап біздікі, тек банкте кепілде (залог) тұрады. Ал лизингте үйді лизинг компаниясы сатып алады да сізге жалға береді. Сіз ай сайын ақша төлейсіз. Тек ең соңғы тиынын төлеп біткенде ғана үй сіздің меншігіңізге өтеді. Оған дейін сіз өз үйіңізде «жалға алушы» ғанасыз. Неге банктер лизингтен қашады? Иә, солай. Еліміздегі ірі банктер бұған аса қызықпайды. Кейбірі бұл жолды қарастырмайтынын ашық айтса, енді бірі әзірге нақты ұсыныс жоқ деп ситуациядан шыққысы келеді. Неге? Мәселе – қосымша жауапкершілікте. Өйткені лизингтегі үй қарыз толық өтелмейінше заңды түрде банктің балансында болады. Ол – қаржы ұйымы үшін «бас қайғы».
Пәтердің салығын төлеу, оның техникалық жағдайына жауап беру және заңдық мәселелерін реттеп отыру банкке тиімсіз. Оларға ақшаны пайызбен беріп, үйдің өзін жай ғана кепілге қойған әлдеқайда ыңғайлы. Лизингтің 3 «тұзағы» бар. Егер лизинг компаниясы банкрот болса немесе оның есепшоттары бұғатталса, сіздің үйіңіз де сол мәселенің ішіне кіріп кетеді деген сөз. Сіз тек «жалға алушы» ретінде ғана қаласыз. Төлем кешіксе – үйіңмен қоштаса бер. Мысалы, ипотекада банк үйді тартып алу үшін айлап соттасады ғой, сот орындаушыларын күтеді. Ал лизингте келісімшартты бұзу процедурасы әлдеқайда оңай. Бір-екі ай төлем жасалмаса, компания келісімді біржақты бұзып, үйден шығарып жіберуі мүмкін.
Ең сорақысы, соған дейін төлеп келген миллиондаған ақша жалға төленген төлем ретінде есептеліп, қайтарылмауы мүмкін. Кейбір құрылыс компаниялары келісімшартқа «инфляцияға немесе нарыққа байланысты бағаны коррекциялау» туралы тармақ қосуы ғажап емес. Ол кезде сіз әуелде келіскен бағадан әлдеқайда жоғары сома төлеп шығасыз. Лизинг ипотеканы түбегейлі алмастыра алмас. Бірақ белгілі бір топтар үшін балама құрал бола алады. Күні ертең жаңа тренд біздің өмірге дендеп кіретін болса, құжатқа қол қояр кезде ай сайынғы төлемге қарай бермей, келісімшарттың әрбір үтір-нүктесіне үңілу керек. Лизинг қателікті кешірмейді. Байқамасаң, далада қалуың мүмкін...
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




