Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған болатын. Бұл жерде халықты жергілікті жерде өндірілген азық-түлік өнімдерімен жеткілікті көлемде қамтамасыз ету мақсаты діттеліп отыр. Алайда «Ұсыным сұранысқа сай болуы керек» деген нарықтық қағидаға салсақ, қазекең балыққа аса құмар да емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әрбір адам жылына 16 килограмм балық тұтынуы керек деген пікірде. Ал бізде бұл көрсеткіш 4 килограмның о жақ, бұ жағында екен. Осыдан кейін балықты аз жейтін ел де біз болып отырмыз.
Жоғарыда ДДСҰ ұсынған балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін өңірлерде 300 мың тонна балық өсіру қажет. Елімізде, оның ішінде өңірімізде де бұл межеге қол жеткізу үшін қыруар жұмыстар атқарылуы керектігі айтпаса да түсінікті. Бір атап өтерлігі, өңірімізде балық саласы – облыс ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының біріне де айналуда. Өңіріміздің жартылай шөл, шөлейтті екендігін, су тапшылығы барын ескерсек, мәселе балық шаруашылығы нысандарына бекітіліп берілген су айдындарында балықты аз немесе көп өсіруге де емес, оларда жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытынды нәтижелеріне де байланысты.
Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар бірінші кезекте су айдындарындағы балық қорын сарқып алмауды қамтамасыз етеді екен. Демек, қай су айдынынан қаншалықты көлемде балық ауланатыны да осылай алдын ала болжамдалып отырады. Балық өсірушілердің қызды-қыздымен жоспарын белгіленген шектен асыра орындауына да болмайды. Тәртіптің аты – тәртіп. Лимит дегеніңіз де осы. Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген 139 су айдыны мен учаскелеріндегі балықтандыру жұмысына бақылау жүргізіп келеді. Олардың қатарында жергілікті маңызы бар 121 су айдыны және Жамбыл облысы шекарасы шегіндегі республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі бар.
Осынау ұланғайыр аумақтағы балық қана емес, орман, жануарлар дүниесі, аңшылық шаруашылықтары жұмыстарының белгіленген заң талаптары мен нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес атқарылуын тексеру, бақылау және үйлестіру ісін жүзеге асырады. Өңірдің өзен-көлдерінде ауланатын балықтар қатарында тұқы, көксерке, жайын, табан, дөңмаңдай, жыланбас, ақмарқа, ақ амур, шортан, мөңке, қаракөз, беріш, шармай, қызылқанат, торта, аққайран, шаян секілді балықтар мен басқа да су жануарлары бар. Қазір балық аулауға тыйым салынған кезең.
Жалпы облыс көлеміндегі су айдындарында бүгінгі күні балықтарды шабақтан көбейту жұмыстары жалғасуда. Балық шаруашылығы саласындағы бақылау-инспекторлық қызмет бойынша атқарылған жұмыстар да ауқымды. Атап айтсақ, бүгінгі күні «Уылдырық шашу» жануарлар дүниесін және балық ресурстарын қорғау акциясы облысымызда 2026 жылдың 1 наурызынан бастап 1 шілдені қоса алғандағы аралықта 3 кезеңмен өтуде. Бірінші кезең – Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көлдерін өзара байланыстыратын Аса өзенінде және оның құймаларында жоғарыда аталған кезеңде балық аулауға тыйым салынған. Екінші кезең 15 сәуір мен 31 мамыр аралығын қамтиды, оған Шу-Талас бассейнінің басқа су айдындары жатады. Ал үшінші кезең Тасөткел су қоймасынан жоғары орналасқан Шу өзенінде, оның құймаларында және Талас өзенінде 15 сәуірден 30 маусым аралығында жүзеге асырылады.
Жануарлар дүниесін, балық ресурстарын заңсыз аулау, заңсыз сату, сатып алу, иемдену, сақтау, өткізу фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп, осы жылдың 21 наурызынан бастап облыс бойынша су айдындарында «Уылдырық шашу2026» рейдтік іс-шарасы жүргізілуде. Осы тұрғыда 27 наурыз күні Жуалы ауданы аумағындағы Теріс-Ащыбұлақ су айдыны жағасында облыстық табиғат қорғау прокуратурасы мен табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Табиғат және заң» акциясы өткізілді.
Іс-шараға «Сапсан» жедел тобы, Жуалы ауданының орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері қатысты. Су айдынында әуесқой балықшылармен профилактика есебінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, түсіндіру парақтарын таратты. Сонымен қатар Жуалы, Жамбыл, Талас аудандары ортасындағы Билікөл-Бөгеткөл-Ақкөл арасын өзара байланыстыратын Аса өзенінің арнасында тәулік бойы рейдтерді бірлесе атқаруда.
Рейдтік іс-шараның нәтижесінде, «Уылдырық» іс-шарасы басталған наурыз айынан бастап 15 сәуір аралығында барлығы 40 құқық бұзушыға әкімшілік хаттама толтырылды. Барлық салынған айыппұл сомасы 787150 теңге, оның 402225 теңгесі өндірілді. Оның ішінде ҚР ӘҚБТК 383-бабының 3-бөлігімен, яғни әуе сқойлық (спорттық) балық аулауды қоспағанда, тыйым салынған мерзімдерде 10 құқық бұзушыға қатысты әкімшілік істер сотқа жолданды. Оның ішінде 6 азаматқа сотпен шара қолданылды. 4 азаматтың әрқайсысына 60550 теңгеден, ал 2 азаматқа 86500 теңгеден айыппұл салынды. Құқық бұзушылардан заңмен тыйым салынған әртүрлі аулау құралдары тәркіленіп алынды.
Жалпы жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін инспекция қызметкерлері тарапынан жүргізілген рейдтердің нәтижесінде балық қорғау заңнамасын бұзған 98 факт тіркелді, оның 97- сі бойынша әкімшілік іс қозғалып, құқық бұзушыларға 1518075 теңге айыппұл салынды, оның 735250 теңгесі өндірілген. Ал 1 факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Яғни, осы жылдың 9 наурызға қараған түні шамамен сағат 01:00-де Шу–Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері жүргізген рейд барысында заңсыз балық аулау дерегі анықталды. Жамбыл ауданы аумағындағы «Сеңгірбай-1» су айдынында балық ресурстарын электр тоғын пайдалану арқылы заңсыз аулаған 4 азамат ұсталды. Тексеру барысында 2 автокөліктен аккумулятор, үрлемелі қайық, электр тоғымен балық аулау аппараты, ескектер, насос, ау құралдары, бір қап заңсыз ауланған балық анықталды. Ауланған балықтың жалпы салмағы 8,30 килограмм. Табиғатқа келтірген залал мөлшері 66071 теңгені құрады. Барлық айғақ заттар тиісті құжаттармен рәсімделіп, материалдарымен бірге Жамбыл аудандық полиция бөліміне тапсырылды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, сот-биологиялық сараптамасы тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқармада бүгінгі күні мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жұмыстары жалғастырылуда. Азаматтар мен кәсіпорындарға құжаттарды онлайн түрде тапсыруға мүмкіндік жасалған. Балық шаруашылығы субъектілерінің қызметін цифрлық жүйелер арқылы мониторингтеу жүйесі жетілдірілуде. Бөлім балық шаруашылығы кәсіпорындарының қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыс істеуін бақылайды. Табиғат пайдаланушылар мен су шаруашылығы ұйымдары арасындағы мәселелер реттелуде. Аквамәдениет саласындағы жаңа нормативтік-құқықтық актілердің орындалуы қадағалануда.
Өткен жылғы жоспар бойынша 1276 тонна балық өсіру көзделген болатын, бұл жоспар толығымен орындалды. Биыл 2026 жылға 2 596 тонна тауарлы балық өсіру жоспарлануда. Облыста жалпы тұқы карп тұқымдас және бахтах (форель) балықтары өсірілуде. Жамбыл ауданында карп тұқымдас балықтарды көбейту бойынша нақты іс-шаралар басталды. Төмендегі шаруа қожалықтары карп тұқымдас балықтарды көбейту жұмысын бастап кетті.
Атап айтсақ, бүгінгі күні бұл бағытта «Акрам», «Алтынбұлақ» және «Алтындай» шаруа қожалықтары табысты жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, облыс бойынша 13 су айдынын әуесқой (спорттық) балық аулау мақсатында аукционға шығару жұмысы жүргізілуде. Барлық су айдындарының биологиялық негіздемесі бар. Аукцион ашық түрде, заңнама талаптарына сай жүргізіледі. Жалпы бөлім алдағы уақытта цифрлық жүйелерді одан әрі жетілдіру, субсидиялау тетіктерін ашық әрі түсінікті ету, биологиялық негіздемелерді жаңа талаптарға с ай келтіру бағытында жұмыс жалғастырады. Балық ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғауды бір мезгілде қамтамасыз ету – мекеменің негізгі мақсаты болып қала бермек.
Азамат КАБДУГАЛИЕВ
Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Кешбэк жайлы не білесіз?
- Бүгін, 16:33
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




