«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақ мол болсын!

Ақ мол болсын!
ашық дереккөз
Ақ мол болсын!
«Ақтың молайғаны – ырыстың тасығаны» дейді халқымыз. Иә, расында ағарғаннан аузын алыстатпаған жанның ауру-сырқаудан аулақ болары айтпасақ та белгілі. Сүт, айран, шұбат, қымыз, саумалдан сіміріп, табиғи дәру­мендерді бойына сіңірген еліміз сүт өнімдеріне қашанда бейжай қарамаған. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бұрын «Бурный сыр зауыты» деп аталған қазіргі «Бурный сүт компаниясы» ЖШС-ның жұмыс барысымен танысқан едік. Алпыс жылдан астам тарихы бар кәсіпорын агроқұрылымдардан және жеке тұрғындардан сүт қабылдап, оны өңдеп, сары ірімшік және сары майдың бірнеше түрін шығарып келеді. 2009 жылы лизинг арқылы өндірісті жаңарту және сүтті қағаз ыдыста шығару мақсатында «Tetra Pak» компаниясынан жаңа желі сатып алынып, оны 2010 жылы наурыз айында іске қосу жоспарланған еді. Алайда, пастерлеу, сепаратор, тоңазыту генераторы, су мен сүт үшін сыйымдылық және сораптық жабдықтың болмауынан жаңа желі алдыңғы жылға дейін іске қосыла алмады. Екі жылдай тоқтап тұрған «Бурный сыр» зауыты ЖШС 2012 жылдың 13 сәуірінде «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-на ультрапастерленген сүт желісі жобасын жүзеге асыру үшін қаржылай қолдау көрсетуге ұсыныс жасаған. Соның нәтижесінде зауытта «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 154,2 миллион теңгеге қазандық, шайынды суларды тазалайтын құрылғы және «Tetra Pak» желісін сумен қамтамасыз ететін жүйе жүзеге асырыла бастаған. Кәсіпорын 2012 жылдың шілде айынан бастап қайта жұмыс істей бастады. Алғашқы кезде 480 тонна сүт қабылданып, одан 41 тонна сыр, 8 тонна май өндіріліп, зауытта 34 адам жұмыспен қамтылған болатын. Кейіннен жаңа желі іске қосылып, қазіргі таңда қызметшілер саны 68 адамды құрап отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 57 мың теңге. Серіктестіктің жетекшісі Әбдібек Пошқаев шығарып жатқан өнім түрлері туралы әңгімеледі.

- Қазіргі таңда зауытта ірімшіктің бес түрі шығарылуда. Өнімнің 40 пайызы Алматы қаласына жөнелтілсе, 20 пайызы Тараз бен Шымкент қалаларының сұранысында. Қалғаны жергілікті және басқа да көршілес аудандардың үлесінде. Біз көбіне шикізатты өзіміздің ауданға қарасты ауыл тұрғындарынан, шаруа қожалықтарынан қабылдап отырмыз. Тағы бір айта кетерлігі, біз үстіміздегі жылы жоспарымызға серпінділік беріп, заман талабына сай сырмен қатар ұзақ мерзімге шыдас беретін сүт түрлерін және сарымай өндіруді де қолға алып жатырмыз. Алғашқы өнімдеріміз қазір нарыққа шығып, көршілес Тараз бен Шымкент қалаларындағы дүкен сөрелерінен орын алып үлгерді, – дейді өнімдерінің сапалылығына баса назар аударатынын тіліне тиек еткен Әбдібек Үйкекбайұлы. Иә, ел аузында «Бурныйдың ірімшігін айтсаңшы, дәмі тіл үйіреді!» делінетін пікірлердің жиі айтылатыны да осы зауыт өнімдерінің құнарлығын айғақтай түспей ме? Сондықтан болар, өзге де көптеген сүт өнімдерін сатушылар аталмыш зауыттың атын жамылып, «Бұл – Жуалының ірімшігі, сары майы» деп өз тауарларының өтімділігін көздеп жүргенін де талай кездестірдік. Осы мәселе өздерінің де шымбайына бататынын жеткізген серіктестік басшысы осыған бір тоқтау болса деген ойын ортаға салды. Жаңа өнім, яғни, ұзақ уақытқа жарамды сүттің қазіргі таңда майлылығы жағынан 2,5-3,2 пайыздық түрлері өндірілсе, ағымдағы жылы оның түрлерін арттырып, халыққа қаймақ өнімдерін де ұсыну көзделіп отыр. Тәулігіне 13 тонна сүт қабылдайтын зауыт одан 1 тонна сыр және басқа да өнімдер өндіруде. Жаз айларында қабылданар сүттің мөлшерін 55-60 тоннаға арттыру көзделсе, бұл көрсеткіш өткен жылы 30-45 тоннамен шектелген. Демек, бұл серіктестік жұмысының серпінділігін аңғартады. Сондай-ақ, кәсіпорын өз қаржысына екі жас маманды Ресейдің Угличь қаласынан май шебері, микриобиолог мамандықтары бойынша оқыту үстінде. Келер жылы бұл тәжірибе алмасу бағытында 3 маманның білімін жетілдіру көзделуде. Өткен жылы серіктестік жеке шаруа қожалықтарына 40 миллион теңге өсімсіз несие беріп, оған олар 180-200 бас сиыр алыпты. Несиеге қол жеткізгендер оны сүт өткізу арқылы қайтарған. Екі жақ үшін тиімді шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Кәсіпорынның жұмысына үлкен қолдау көрсетіп отырған аудан, облыс басшыларына ұжым атынан алғысын айтады.

Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар